Фото: Қостанай облысы полиция депаратменті
Қостанайда «WhatsApp хаттарын ашып беремін» деген желеумен жасалған алаяқтық ісі тергеліп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Қостанай қаласының тұрғыны Instagram желісінде жарияланған «Күйеуіңнің WhatsApp-тағы хаттарын оқуға көмектесемін» деген хабарландыруға алданып, интернет-алаяқтың құрбаны болды. Жарнамадағы сілтемеге өткен ол Telegram-дағы «Полина» есімді қолданушымен байланысқа түскен.
«Полина» алғашында қызмет көрсету үшін 26 мың теңге алдын ала төлем талап еткен. Ақшаны аударғаннан кейін жәбірленуші ешқандай ақпарат жоқ, бос сілтеме ғана алған. Артынша алаяқ «фото мен видеолар көп болғандықтан», тағы да 20 мың теңгеге жуық ақша сұраған.
Екінші төлем жасалған соң, белгісіз әйел чаттағы барлық хабарламаны өшіріп, жәбірленушімен байланысын толық үзген.
Қазір «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полицейлер қылмысқа қатысы бар тұлғаны анықтап жатыр.
Ішкі істер органдары азаматтарға күмәнді сілтемелерге өтпеуді және бейтаныс адамдарға ақша жібермеуді қатаң ескертеді.
