16 там, 2021 сағат 12:33

«Құрық» теңіз портынан өтушілерге жалған ПТР-тест анықтамасын сатқан фельдшер ұсталды


Маңғыстау облысының «Құрық» теңіз порты арқылы мемлекеттік шекараны кесіп өтетін адамдарға ПТР-тесттерді қолдан жасап, сатып келген тұрғындар ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз ведомствоның ақпарат алаңында өткен онлайн брифингіде айтты.

«ІІМ Тергеу департаментінің әскери-тергеу басқармасы Маңғыстау облысының «Құрық» теңіз порты арқылы мемлекеттік шекараны кесіп өтетін адамдарға ПТР-тестілерді қолдан жасап, сатумен айналысқан тұрғындардың әрекетін әшкереледі. Жедел-тергеу іс-шаралары барысында бір топ адам, оның ішінде осы теңіз портының фельдшері ұзақ уақыт бойы ПТР-тесттерді қолдан жасап, қазақстандықтарға және шетел азаматтарына сатып отырған», - деді ведомстовның ресми өкілі.

Оның айтуынша, 21 жастағы порт фельдшері Қазақстан аумағына шығатын және кіретін жолаушылар үшін ПТР-тестілерді қолдан жасап, сыбайластары арқылы сатқан. Жалған тестілердің бағасы 3 000 теңгеден 10 000 теңгеге дейін құбылып отырған.

«Тұрғылықты жері бойынша тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде күдіктіден сатуға дайын 48 жалған ПТР-тест, ноутбук, принтер және тиісті құжаттар дайындауға қажет басқа да техникасы тәркіленді.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оның барысында тергеу күдіктілердің қылмыстық іс-әрекетінің нақты ауқымы және мемлекеттік шекарадан заңсыз өткен адамдардың саны анықталып жатыр. Ішкі істер министрлігі жалған құжат жасағаны үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу көзделгенін еске салады», - деді Нұрділдә Ораз.