23 жел, 2020 сағат 12:17

Курсант өлімі: Алматыда академия бастығы жұмыстан босатылды

Курсант өлімінен кейін Алматыдағы ішкі істер министрлігі академиясының басшысы қызметінен кетті. Ішкі істер министрлігі 23 желтоқсанда академия басшысы "өзіне сеніп тапсырылған бөлімнің жұмысын қажетті дәрежеде бақылай алмады" деп мәлімдеді. 

Оқу орны басшысы Өмірбай Смаиловпен қатар академияның тағы алты қызметкері жұмыстан кеткен. Арасында тәрбие-идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасар да бар.


"Мақан Есболатов атындағы ІІМ Алматы академиясының курсанты Саламат Өтегеновтің қаза табуына байланысты Алматы қаласының Полиция департаменті ҚР ҚК-нің 105-бабы (өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Тергеу барысында қаза тапқан адамның туыстары баяндаған барлық дәлелдер тексерілетін болады. 

Оқу орнына Ішкі істер министрлігінің Кадр саясаты және өзіндік қауіпсіздік департаменттерінің басшылығы мен жауапты қызметкерлерінен арнайы топ жіберілді.

Тексеру қорытындысы бойынша ІІМ-де тәртіптік комиссия өтті.

Өзіне сеніп тапсырылған бөлімшеде жұмысты ұйымдастыруға тиісті бақылау жүргізбегендіктен Ішкі істер министрінің бұйрығымен Академия бастығы О. Х. Смайылов атқарып отырған лауазымынан босатылды.

Сондай-ақ, оның идеологиялық тәрбие және кадр жұмысына жетекшілік ететін орынбасарын да қызметінен босату ұсынылды.

Сонымен қатар, Академияның тағы 16 жауапты қызметкері қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды, олардың 5-еуі атқарып отырған лауазымдарынан босатылды.

Академияның оқу процесіне, тұрмыстық жағдайларына, моральдық-психологиялық ахуалына, қаржы-шаруашылық қызметіне кешенді тексеру тағайындалды. Оқу орнына Министрліктің Ішкі аудит, Кадр саясаты және Өзіндік қауіпсіздік департаменттерінің қызметкерлері жіберілді.

Министр Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша осындай тексерулер 2021 жылдың 1 тоқсанында ІІМ-нің барлық оқу орындарында жүргізіледі", делінген ІІМ мәлімдемесінде.

Академияның үшінші курсында оқыған 19 жастағы Саламат Өтегеновтің дарға асылған денесі 13 желтоқсанда оқу орнының асханасынан табылған. Марқұмның туыстарының сөзіне сүйенген "Уральская неделя" басылымының жазуынша, Өтегенов ата-анасынан "сессия тапсыру үшін", "қарыз өтеу үшін" жиі ақша сұраған және бұл жайлы ешкімге тіс жармауын өтінген. Өлерінің алдында бір күн бұрын курсант ағасынан 300 мың теңге аударуды өтінген, әйтпесе "аяғы мен қолынан айырылатынын" айтқан. Мессенжерде жазған соңғы хабарламасында Өтегенов туыстарына белдіктің суретін жіберіп "мен кеттім" деп хабарлама жіберген. Кейінірек дарға асылған денесі табылған. 

Курсанттың анасы аймақтық басылымға оқу орны мемлекетке қараса да, ата-аналар балаларына форманы өздері сатып әперіп, қажетті заттармен қамтамасыз ететінін айтқан. Ұлының стипендия алатын банк карточкасы да өзгелердің қолында болған. 

Оқиғаға байланысты "суицидке итермелеу" бабы (Қылмыстық кодекстің 105-бап, 1-бөлімі) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Академия басшылығы ақша жинау туралы ақпаратқа түсініктеме бермеген.