28 сәу, 2019 сағат 00:44

Құрманғазы оркестрі «Геликон-Опера» сахнасында өнер көрсетеді

Биыл ұлттық музыка мәдениетінің мақтанышы – Құрманғазы  атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің құрылғанына 85 жыл болады.

Ұлттық өнер ордасы қазіргі уақытта Ресей еліне гастрольдік сапармен баруға дайындық үстінде.

Қазақ оркестрінің Ресей еліндегі алғашқы концерті 3 мамыр күні Мәскеу қаласында, атақты «Геликон-Опера» сахнасында өтеді деп жоспарланып отыр. Ал, келесі концерт – 5 мамыр күні, Санкт – Петербург қаласында, әйгілі Михайловский театр сахнасында жалғасын табады.

Концерттік бағдарламада орыс халық әндері, қазақтың Құрманғазы, Түркеш, Үкілі Ыбырай, Нұрғиса Тілендиев сияқты аңыз тұлғалардың шығармалары, Евгений Брусиловский, Петр Чайковский, Василий Соловьев – Седой, Джоаккино Россини, Антонио Вивальди, Леонард Бернстайн, Луиджи Ардити сынды шетел композиторларының туындылары орындалатын болды.

Ұлттық өнер аспандайтын кеште – ҚР Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, қазақ өнерінің қайраткерлері Мирас пен Құралай, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Батыржан Мықтыбаев, халықаралық байқаулардың лауреаттары Кайрат Какимов, Сатжан Шаменов, Әсел Рахымжан және Әлібек Әлмадиев өнер көрсететін болады.

Оркестр Мәскеу мен Санкт–Петербург қалаларынан кейін Батыс Қазақстан облысына ат басын бұрмақ.

Батыс өңіріне  ұйымдастырылатын  концерттер уақыты:

7 мамыр  - БҚО, Теректі ауданы, Мәдениет үйі, сағат 18.00

8 мамыр – ОРАЛ ҚАЛАСЫ, «Жастар сарайы», сағат 19.00

9 мамыр – БҚО, Сырым ауданы (Жымпиты), Мәдениет үйі, сағат 15.00

10 мамыр – БҚО, Казталовка ауданы, Мәдениет үйі, сағат 17.00

11 мамыр – БҚО, Жаңақала ауданы, Мәдениет үйі, сағат 12.00

11 мамыр – БҚО, Ақжайық ауданы, Мәдениет үйі, сағат 18.00

12 мамыр – БҚО, Бәйтерек ауданы, Мәдениет үйі, сағат 12.00

Құрманғазы оркестрінің гастрольдік концерттері Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.