04 нау, 2021 сағат 23:50

Күрес түрлерінен Италия турнирінің алғашқы күні: Қазақстан қоржынында – 7 медаль

Италияның Рим қаласында «Маттео Пелликоне» рейтингілік турнирінің алғашқы жарыс күні аяқталып, Қазақстан қоржыны бірнеше медальмен толықты, деп хабарлайды Olympic.kz сайты. 

Атап айтар болсақ, 55 келідегі Хорлан Жақанша турнирдің күміс жүлдегері атанды. Финалда Хорлан ресейлік Виктор Ведерниковке 1:11 есебімен жол берді. 

60 келідегі Жансерік Сәрсенбиев кіші финалда америкалық спортшыны жеңіп, үздік үштікке енді. 

63 келіде қазақстандық балуандар Сұлтан Әсетұлы мен Айдос Сұлтанғали күресуі тиіс болған. Алайда, Сұлтан жасы үлкен командалас ағасы Айдосқа өз жолын беріп, белдесуден бас тартты. Осылайша, Айдос Сұлтанғали турнир жеңімпазы, ал Сұлтан Әсетұлы күміс медаль иегері атанды. 

67 келіде Алмат Кебіспаев қолаға қол созды. Ол үшінші орын үшін күресте түркиялық балуанды ұтты. Осы салмақтың финалында сынға түскен Мейіржан Шермаханбет венгриялық Мэт Красзнайды 12:2 есебімен жеңіп, ел қоржынына алтын медаль салды. 

Сондай-ақ, 97 келідегі Олжас Сырлыбай чехиялық балуанды 9:0 есебімен ұтып, турнирдің қола жүлдесін иеленді. 

Осылайша, алғашқы жарыс күнінде грек-рим күресінен Қазақстан командасы екі алтын, екі күміс және үш қола медаль жеңіп алды.