ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, география ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың География және экология ғылыми-әдістемелік орталығының меңгерушісі Әлия Сәрсенқызы Бейсенованың «Қазақ елі – мәңгілік ел» атты құнды кітабы көптен көкейімде жүрген ойларымды жұртшылыққа жария етуіме себепкер болды.
Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің түп қазығы. Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері бар. Оған Отанын сүю, елін қорғау әр перзенттің бұлжымас міндеті екені де енеді. Азаматтыққа, батырлыққа, шешендікке тәрбиелеу – ұлттық идеологияның міндеті.
Осы ойларды дамыта келе, автор «Ұлттық идеология дегеніміз – халықтың, бүкіл елдің әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, санасын ғасырлар бойы дамытып, жетілдіру арқылы ұрпақтан-ұрпаққа берілетін Ережесі, ол сол халықтың тілін, дінін, мемлекетін қалыптастыруға қызмет етеді», – деп жазады.
Жер тарихы – ел тарихы. Сондықтан кітаптың жер тарихының даму заңдылығын Тәуелсіз ел экономикасының тұрақты дамуымен байланыстыра қарастыруы, Елбасының экономикамызды көтерудегі тың реформаларын, стратегиялық еңбектерін талдауы, жетістіктерімізді орынды пайымдауы – осының айғағы. Ғалым алға қойған мақсаты жайлы: «…мемлекет болуын жүзеге асырған азғантай уақыт ішінде Қазақстан Республикасының экономикалық дамуына талдау жасау», – екенін айта келіп, ғылыми-техникалық инновацияларды жетілдіру арқасында аграрлы елден индустриалды экономикасы дамыған елге айналуымыздағы Мемлекет басшысының рөліне арнайы тоқталады. «Елбасының кемеңгерлігі сонда – бәсекелестік пен нарықтық экономиканың дамуының кілтін таба білді» (6-бет), – деп ой түйеді.
Ғалым Қазақстанның табиғаты, географиялық орны, жер бедері, климаты, өзен-көл, қалалары, ұлы тұлғалары, т.б. жайлы ғылыми талдау жасай отырып, қазақ елінің географиялық түсініктері мен атауларын да назардан тыс қалдырмайды.
Сондай-ақ, туған жерді аялау, аң-құсына құрмет көрсету, жойылып кетуіне жол бермеу сияқты киелі жоралғылары барын еске салады. Оған ғылыми дәлелі ретінде «қорық» сөзімен байланысты 80-нен астам географиялық атаулар барын алға тартады. «Бұл айтылғандар қазақ халқының табиғатты қорғау дәстүрінің табиғатты тану, оның қорларын шаруашылық мақсатта пайдалану барысында қалыптасқандығын дәлелдей түседі», дейді. (136-бет), сөйтіп, «табиғатты пайдаланудың ұлттық ерекшеліктері мәдениеттің өзіндік сипатын» анықтайтынына көңіл аударады (137-бет).
Қазақстанның әлемдік деңгейдегі зияткерлік қоғам қалыптастыру бағытындағы қарышты қадамы, ұлтық құндылықты баянды ету, төл тарихымызды жаңғырту, экономикамызды өрістетуде жастарымызға жан-жақты білім қажет. Ол үшін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясын жедел жүзеге асыруға бәріміз де атсалысуға мүдделіміз. Бұл кітап сол жастарға, студенттерге елдің, тәуелсіздіктің тарихын білу үшін бағыт сілтейді.
«Жердің ауданы жағынан Қазақстан дүние жүзіндегі ең ірі мемлекеттердің қатарына жатады. Қазақстан Ресей, Канада, АҚШ, Қытай, Бразилия, Австралия, Үндістан және Аргентинадан кейін 9-орын алады» (14-бет). Бұл құндылық бағалануға, қорғалуға тиіс, оны келер ұрпаққа қаз-қалпында жеткізу парыз. Мұны жастар білуге, мақтануға, оған адал қызмет етуге міндетті. Ғалымның ой түйіні де осы.
Қазақстан Тәуелсіз мемлекеттер достастығы арасынан бірінші болып 2010 жылы дүниенің ең дамыған мемлекеттерінің басын қосқан Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық етті. Қазақстанның Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүшелігі оның Жер шарының шығысындағы бастамаларына жарқын жол ашты.
Осының бәрі барша қазақстандықтардың ең қасиетті құндылығы – Тәуелсіздігіміздің арқасы. Қазақстан ширек ғасыр ішінде мемлекет негізін қалаушы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көсемдігінің, даналықпен басқаруының арқасында саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды сәтті жүзеге асырып, әлемдік бәсекеге қабілетті өзіндік қазақстандық даму жолын таңдаған мемлекетке айналды. Мемлекеттің барлық өмірінің негізі – Тәуелсіздік десек, оның нығаюы әлем мойындаған тегеурінді тұлға Елбасының ерен еңбегі екені даусыз.
Н.Ә.Назарбаевтың: «Тәуелсіздік – барлық қазақстандықтар үшін аса қасиетті құндылық» дегені естеріңізде болар. Міне, сол қанатты сөз қазақ халқының ғасырлар бойғы арманының, ата-баба мүддесі мен аманатының, үмітінің жүзеге асқан көрінісін сипаттайды.
Биыл барша қазақтың ең қасиетті құндылыққа қол жеткізгеніне тура 25 жыл толады. Ширек болса да ғасырлық ұғыммен межеленетін үлкен белес.
Ел басынан өткен ұмытылмас тарихи оқиғалар, туған елін қорғаудағы азаттық үшін соғыстар, халықтың ұлт-азаттық көтерілістері, халық басына түскен ауыртпалықты қайыспай көтере білген қайсарлық, қалың жұртшылықтың жасымайтын асқақ жігерлі рухы, қиындықтан қайтпайтын табандылығы – кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге, өлмес мұра, ұлттық құндылық ретінде мәңгіге сақталуға тиіс екендігін Ә.Бейсенова өз кітабында жан-жақты баяндайды.
Тәуелсіздік – бұл азап пен төзімнің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған шыдамының өтеуі. Елбасымыз өткен дәуірдегі қаһармандық оқиғаларды: «Ұлы далада бірінен соң бірі толас таппай болып өткен көтерілістер эстафетасы – біздің бүгінгі тәуелсіздігіміздің бастау көздері» деп орынды бағалағандығын еңбек иесі ерекше атап өтеді. Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құрметті ұғымға сиятыны да содан болса керек.
Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Бұл – Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты саясатының нәтижесі. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігінің, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығының арқасында болып отыр. Қазақстан халықтарының өз болашақтарына деген берік сенімі, қазіргі замандағы өркениетті қауымдастық ортасында іргелі елге айналуы – стратегиялық негізгі бағыттарды құрайды. Қоғамдық өмір сабақтары мен Отанымыздың мүддесі қазіргі таңда патриоттық дәстүрге сай келетін жаңа талаптарды қойып отыр.
Ата-бабаларымыздың алдында тәуелсіздік үшін күресу мақсаты тұрған болса, біздің алдымызда оны нығайта түсу міндеті тұр. Біздің ендігі басты міндетіміз – тәуелсіздік жылдары қол жеткізгеннің барлығын мұқият сақтай отырып, XXI ғасырда тұрақты дамуды жалғастыру.
Академик Ә.Бейсенованың «Қазақ елі – мәңгілік ел» атты кітабын оқып шыққанда көңіл төріне көшірген пайымдарымыздың бірқатары осы.
Сәрсенғали ӘБДІМАНАПОВ,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда
университетінің ректоры