15 шіл, 2021 сағат 16:33

"Күнде жанжал". Алматыда жаппай төбелес болды


Алматыда жаппай төбелес болды. Қалалық полиция департаменті дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде жарияланды. Автордың айтуынша, видео Ақсай-1А ықшамауданында түсірілген. Оқиға кешкі уақытта болған. Сондай-ақ, ересектер төбелесіп жатқан жерде бала жүргені де байқалады.

"Нико" тұрғын үй кешенінде жатақханалар орналасқан. Онда үйсіз адамдар ішіп, темекі тартады. Күнде жанжал болады, балаларды сыртқа шығаруға қорқамыз. Полицияға қоңырау шаламыз, бірақ ешқандай әрекет жоқ. Оларды 15 минутқа қамап, босатып жібереді. Бұл мәселені шешуге көмектессеңіздер", - делінген жазба сипаттамасында.

Полиция департаменті жағдайға қатысты пікір білдірді.

"14 шілдеде тұрғын Жаксылыкова Г.Ж. Алматы қаласының Әуезов аудандық полиция басқармасына жүгінген. Ол Ақсай-1А ықшамауданы 17 үй мекенжайы бойынша жертөледе орналасқан My club хостелінің қонақтарына қатысты шара қабылдауды сұрап өтініш түсірген. 

Сондай-ақ, Жаксылыкова Г.Ж. әлеуметтік желілерде төбелестің видеосын жариялаған. Аталған факт бойынша ҚР ҚК-ның 293-бабы "Бұзақылық" бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деді Алматы қаласы ПД Әуезов аудандық ПБ бастығы Ұлан Әбілқайыр.