Қазақстанда коронавирустан емделгендер саны күн сайын артып келеді. Бұл туралы ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақстанда коронавирус жұқтырған адамдар саны 11 571 болды, 41 науқас қайтыс болды. Күн сайын инфекциядан емделген саны артып келеді. Қазіргі кезде адамдар жұмыстарына оралып жатыр, көшеде жүру талаптары жеңілдетілді», - деді А. Есмағамбетова.
Оның пайымынша, әлеуметтік қарым-қатынастың артуы инфекцияның таралуының жоғарылауына алып келуі мүмкін.
«Атап айтқанда, теңгерімді және инфекция таралуының бақыланатын деңгейін сақтау көбіне тұрғындардың өздеріне байланысты. Бұл тұрғыда әр адам өз орнында профилактика шараларын орындау деңгейіне қатысты болып тұр. Бизнес нысандары, жұмыс берушілер, сондай-ақ тұрғындар қызмет алатын жерлерде тиісті ережені сақтап, індеттің таралмауына үлесін қосуы тиіс», - деді Бас мемлекеттік санитар дәрігері.