26 қар, 2021 сағат 16:42

Құлсарыда жеті баланың анасын өлтіріп кетті


25 қарашада түнде Атырау облысы Жылыой ауданының Құлсары қаласында әйелдің мәйіті табылды.

35 жастағы әйелді бірнеше жерден пышақтап кеткен. Әйел ауыр жарақаттың салдарынан жедел жәрдем келгенше оқиға орнында көз жұмды. Қылмыстың себебі анықталып жатыр, деп хабарлады Sputnik Қазақстан сайты "Ақ Жайық" газетіне сілтеме жасап.

Қайтыс болған әйелдің артында күйеуі, жеті баласы қалды. 

Осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Жылыой ауданының тумасы, 25 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Кейінірек Атырау облысы полиция департаменті трагедияға қатысты түсініктеме берді.

"26 қараша күні Құлсары қаласының 1986 жылы туған тұрғынын өлтірді деген күдікпен 1996 жылы туған ер адам ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды. Аталған фактіге қатысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.

Ведомство сондай-ақ тергеу амалдары тікелей департамент бастығы Қамза Үмбетқалиевтің бақылауында екенін жеткізді.