17 сәу, 2020 сағат 11:12

Құлаған әскери ұшақ 2013 жылы күрделі жөндеуден өткен - ҚМ

Қарағандыда құлаған МиГ-31 жойғыш ұшағының қызмет көрсету мерзімі келесі жылы аяқталуы тиіс. Бұл туралы ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы Нұрлан Орманбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Комиссия жұмысты тексеріп, алдын алу жұмыстарын жүргізгеннен кейін МиГ-31 жойғыш ұшақтары қайтадан ұшырыла бастайды. Апаттың шынайы себебін анықтау үшін ұшақты құраушы кәсіпорынның өкілдері де, ұшақтың өзін жөндеген адамдар да тартылады», - деді Нұрлан Орманбетов ОКҚ-да онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша МиГ-31 модельді ұшақтардың апаты елімізде бұрын да тіркелген.

«16 сәуірдегі ұшу сапарлары жоспарға сәйкес жүргізілген. Атап айтқанда біздің әуе ұшқыштар құрамының жауынгерлік кезекшілік бойынша дайындығы жүргізілген. Ұшақ ақаусыз болған. Оған арлық техникалық қызмет түрі көрсетілген. Әр сапар алдында олар белгілі бір дайындықтан, ал экипаж құрамы даярлықтан ғана емес, медициналық тексерістен, атап айтқанда әр ұшқышқа міндетті медбике мен психологтың тексеруінен өтеді», - деді ол.

Нұрлан Орманбетов МиГ-31 жойғыш ұшағының РФ Нижний Новгородындағы «Сокол» авиациялық кәсіпорнынан 1991 жылы шығарылған. Ұшу кезінде қолданылғанына 29 жыл болған. Ал талап бойынша тікұшақтың қызмет ету мерзімі – 30 жыл. Яғни 2021 жылы ұшақ қолданыстан алып тастау көзделіп отырған.

«2013 жылдың 19 қарашасында РФ Ржев қаласындағы 514-ші авиажөндеу зауытындағы аталмыш ұшақ жоспарлы күрделі жөндеуден өткен. Жөндеуден кейін оның қызмет көрсету уақыты 8 жыл деп белгіленген», - деді ол.

Еске сала кетсек кеше Қарағанды облысында әскери ұшақтың апатқа ұшырағаны туралы хабарлаған едік. Құлаған ұшақтан екі сарбаз зардап шекті.