04 ақп, 2022 сағат 22:22

Күдіктіні изоляторға қамамай тұрып дене жарақаты бар-жоғын тексереміз - ІІМ


Қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде тонауға қатысқан адамдарды анықтау жалғасып жатыр. Бұл туралы ІІМ тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұрлық пен тонау, оның ішінде жаппай тәртіпсіздік кезінде қару ұрлау фактісі бойынша 322 күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу барысында басты назар істің мән-жайы мен күдіктілердің дәлелдерін мұқият тексеруге, дәлелдемелер жинауға аударылады. Бұрын хабарланғандай, тергеушілердің бүкіл іс жүргізу шешімдері, атап айтқанда, күдіктіні қамауға алу, оның әрекеттерін саралау, сондай-ақ бұлтартпау шараларын таңдау қылмыстық процестің үш буынды моделі аясында қабылданады. Прокурормен келісіледі», - деді ол орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында. 

Оның атап өтуінше, бүкіл күдіктілер медициналық куәландыру арқылы дене жарақатының бар-жоғын анықтау үшін тексеріледі. 

«Дене жарақаты болған жағдайда оның мән-жайы анықталғаннан кейін ғана уақытша ұстау изоляторына қамалады», - деді департамент бастығы.