22 қаң, 2021 сағат 18:35

Қуат Хамитов ресейлік қарсыласын 1 минутқа жеткізбей нокаутқа жіберді (Видео)

Қазақстандық файтер Қуат Хамитов (19-7-1) аралас жекпе-жектен AMC Fight Nights турнирінде ресейлік қарсыласы Максим Пантелеевті ауыр нокаутқа жіберді, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Жартылай орта салмақта өткен жекпе-жектің бірінші раундының бірінші минутында "Найман" лақап атымен танымал Хамитов оң қолымен сәтті соққы жасап, қарсыласын нокаутқа түсірді. 

Отандасымыз осылайша жиырмасыншы жеңісіне қол жеткізді. Ал Максим Пантелеев кәсіпқой спортта екінші рет жеңіліп отыр.

Еске сала кетсек, өткен жылы Қуат Хамитов Мәскеуде өткен Fight Nights Global 98 турнирінде ресейлік Ахмад-Хан Боковпен айқасып, тұншықтыру әдісімен жеңген болатын.

Бұл Жекпе-жекке дейін "Найманның" қарсыластары екі рет ауысқан. Алғашында ол Магомед Магомедовпен (12-3), кейін Алексей Ильенкомен (8-3-1) кездесу өткізетін болды.