Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттінің аппарат басшысы Қуаныш Жапақов мемлекеттік орган басшыларын қоғамға арқа сүйеп жұмыс істеуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Агенттік өкілінің айтуынша, мемлекеттік органдардың жанынан ашылған Adaldyq alany жобалық кеңселері мемлекеттік қызметтің сапасын жаңа деңгейге көтерген.
«Бүгінде әрбір облыстық әкімдік жанынан және министрліктер жанынан Adaldyq alany жобалық кеңселері ашылған. Екі жылдың ішінде бұл кеңселер жемқорлыққа қарсы ауқымды қозғалыс деңгейіне жетіп отыр. Тіпті тұрмыстық деңгейдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жалпыұлттық брендіне айналды деуге болады. Осы идяеяның аясында мемлекеттік органдар ауқымды түрді трансформацияға түсті. Қазір меморгандарда қызмет көрсетудің сервистік моделі жұмыс істеп тұр. Нәтижесінде түрлі деңгейдегі 300-ден астам сервистік әкімдік, 2000-нан астам кедергісіз фронт кеңсе ашылды», - деді Қуаныш Жапақов.
Ол, сондай-ақ, бұдан былай мемлекеттік органдардың табысты жұмыс істеуі қоғамның қаншалықты қолдайтынына байланысты болады деген ой айтты.
«Мемлекеттік органдардың басшылары мына бір ақиқатты түсінуі керек. Қоғамның қолдауынсыз табысқа жету мүмкін емес. Әлем енді өзгермейді. Бүгін бәріміз ашық жағдайда қалып отырмыз. Бұрынғыдай қоғамнан, БАҚ-тан жабық болу мүмкін емес. Біздің агенттік құқық қорғау органы ретінде әлдеқайда консервативті болуымыз керек еді. Бірақ біз керісінше толық байланысқа есік ашып отырмыз. Осы арқылы өз үлгімізде басқаша жұмыс істеуге болмайтынын көрсеткіміз келеді», - деді агенттік өкілі елордада өткен семинар кеңесте.