22 қар, 2016 сағат 12:50

Қ.Тоқаев. Елбасының рухани дипломатиясы

Қазақстанның жаһандық деңгейдегі бірегей бастамаларының бірі – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі тәуелсіз мемлекетіміздің сыртқы саясатындағы ірі жетістігі. Елбасы бастамасымен дүниеге келген съезд бүгінде әр үш жыл сайын шақырылатын бірегей дінаралық диалог алаңы ретінде берік қалыптасты. Форум халықаралық ахуал ушығып тұрған қазіргі уақытта дүние жүзіндегі мәдениеттер мен өркениеттердің арасын жалғап, дінаралық төзімділік пен ынтымақты нығайтуда теңдессіз рөл атқарып келеді. Сондықтан, ел ішіндегі конфессияаралық келісімге арқау болуымен қатар, қалың жұртшылықтың санасына әлемдегі күллі діндердің бейбітсүйгіш болмысын сіңіре білген жиынның халықаралық маңызы ерекше.

Қазіргі уақытта кез келген мемлекеттің осындай съезд шақыруға абырой-беделі, әлеуеті мен саяси табандылығы жете бермейтіні шындық. Оның үстіне, мұндай бастаманы жүзеге асыру үшін бірлігі берік, татулығы жарасқан қоғам құруда тарихи тәжірибеге ие болу маңызды.

Конфессияаралық және ұлтаралық келісімнің жасампаздық қуаты мемлекет ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де бітімгершілік рөл атқара алатынын Қазақстан әлемге дәлелдеді. Қазіргі заман саясаткерлерінің арасында тұңғыш рет біздің Президентіміз Н.Назарбаев халықаралық қоғамдастықтың назарын дінаралық диалогке аударып, оның маңыздылығын жете түсіндіре алды. Елбасының көрегенділігі мен жеке беделінің арқасында әлемнің жетекші дін басшыларының бір жерге жиналып, көкейтесті мәселелер жөнінде өзара пікір алмасуы игі дәстүрге айналды.

Президенттің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру туралы бастамасы 2003 жылы әлем қауымдастығы үшін күрделі кезеңде көтерілген еді. Бұл қырғи қабақ соғыстан соң, АҚШ-тағы бұрын-соңды болмаған 11 қыркүйек оқиғасы мен Ауғанстан мен Ирактағы әскери операциялардан кейін адамзаттың бейбіт әлем туралы көзқарасы түбегейлі өзгеріп, дағдарысқа ұшыраған шақ болатын. Осы оқиғалар Самюэль Хантингтонның өркениеттердің қақтығысуы туралы даулы гипотезасын растай бастады. Заманауи халықаралық қатынастар жүйесінде өркениетаралық қақтығыс теориясы – «негізгі трендке» айналу қаупі пайда болды. Бұл тұжырымға мықты тойтарыс бере алатын лайықты бастама қажеттілігі туды.

Оның үстіне, адамзат өркениеті моральдық ұстанымдар дағдарысынан әлі де арыла алмай келе жатқанын мойындауымыз керек. Бұрын қоғамды жаппай батыстандыруды және зайырлы етуді көздеген жаңғырту идеясын қайтадан терең ой елегінен өткізіп, ХХІ ғасырда дәстүрлерді құрметтеу және жер-жаһанның түкпір-түкпіріндегі сан алуан қоғамдардың ерекшеліктеріне сыйластықпен қарау тұжырымдары алға шығуы керек.

Діннің қоғамдық-саяси өмірдегі мәні әлі де өзекті. Академиялық авторлардың пайымы бойынша, соның ішінде Томас Скоттың айтуына қарағанда, дін ХХІ ғасырдың «мегатрендіне» айналып отыр, ал жаһандану мәдени және діни әралуандылыққа айтарлықтай ықпал етуде. Бұл – тек Исламға ғана емес, Христиан, сондай-ақ басқа да діндерге қатысты құбылыс.

Алайда, саяси деңгейде діни фактордың рөлі көбінесе еш себепсіз назарға алынбайды. Қазіргі уақытта, тіпті, халықаралық қатынастардың құқықтық ұйытқысы саналатын БҰҰ Жарғысының өзі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, мемлекеттердің орнықты дамуын қамтамасыз ету, адам құқықтарын қорғау сынды Ұйымның негізгі мақсаттарын жүзеге асырудағы дін мен діни қайраткерлердің орнын нақты ашып көрсетпейді.

Осылайша, ғасырлар шегінде әлемдегі дінаралық қатынастарға тікелей ықпал ететін қауіпті жаһандық ахуал қалыптасты. Көпұлтты және көпконфессиялы қоғамы бар, күрделі геосаяси жағдайда орналасқан Қазақстанға бұл мәселеде шеткері қалмай, керісінше, нақты қадамдар жасау қажеттілігі туды. 2000-жылдардың басында конфессиялар мен халықтарды жақындастыру үшін 2011 жылдың қыркүйегінде Рим Папасы Иоанн Павел II-нің Астанаға тарихи сапары, 2002 жылы маусым айында Алматыда АӨСШК-нің бірінші саммиті, сондай-ақ, 2003 жылы ақпан айында Халықаралық бейбітшілік және келісім конференциясы ұйымдастырылды.

Бұл үдерістер мен оқиғалар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру туралы ауқымды бастаманың туындауына зор ықпал етті.

Осы мақаламда 13 жыл бойы жүзеге асырылған жұмысты құрылымдық жағынан тұжырымдамалық, өкілдік, құжаттамалық және институционалдық деп 4 негізгі бөлікке бөле отырып, өткізілген бес съездің басты нәтижелеріне тоқталғым келеді.

* * *

Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының кездесуі және диалог мәдениеті тамырының тереңдеуі –съездің бірінші және ең басты жетістігі.

Геосаясаттағы күрделі жағдай, әсіресе, өркениетаралық қақтығыстар туралы пікір жаппай тараған кезде дінаралық байланыстардың маңыздылығы күшейе түсетіні анық. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, съездер «дінаралық қатынастар туралы ғасырлар бойы қалыптасқан стереотиптерді еңсеріп, ХХІ ғасырдағы жаһандық толеранттылық пен өзара түсіністіктің пәрменді формуласын жасауға мүмкіндік береді». Бұл ретте, Астана дінаралық диалогі өзінің өміршеңдігі мен нәтижелілігін көрсетті.

Алайда, съезді теледидар экраны мен журнал беттерінен көрсетілетіндей, думанды әрі достық шырайлы жиналыс деу қателік болар еді. Ең алдымен, қатысушыларды бір үстелдің басына жинау оңай іс болмағанын айту қажет. Тіпті, 2003 жылы қыркүйекте бірінші съезге қатысу үшін Астанаға келген делегаттар Елбасының жеке қабылдауында болған кезде басқа қатысушыларға қатысты наразылықтарын жасырған емес.

Шындығында, бұл қайшылықтардың тамыры конфессияаралық келіспеушіліктерде емес, саяси, мемлекетаралық шиеленістерде жатқанын айту қажет. Осындай күрделі ахуалға қарамастан, жалпы отырыстардың нәтижелі болуы да, бірлескен декларацияның қабылдануы да Президент Н.Назарбаевтың асқан беделінің арқасы екені баршаға аян.

Уақыт өте келе форумға қатысушылар арасында дін ағымдағы және ұзақмерзімді саяси жанжалдардан тысқары тұруы қажет деген ортақ тұжырым қалыптаса бастады. Съезд құжаттары мен қатысушылардың сөздерінен көрініс тапқан диалог мәдениеті конфессия басшыларының өзара сыйластығын көрсетті. Дәстүрлі дипломатияда қалыптасқан қағидаға сәйкес қиыншылықтар мен қайшылықтар диалог орнатуға кедергі болмауы тиіс.

Осылайша, съезд он үш жыл ішінде қазіргі шиеленістерден діни астар іздеудің қажеті жоқ екенін түрлі діни сенім өкілдерінің назарына жеткізіп келе жатқан тұрақты алаң ретінде орнықты. Оның үстіне, түрлі дінді ұстанушылардың өзара бірлігі күрмеулі мәселелерге оңтайлы шешім табуға көмектесері хақ.

Дінаралық диалогтің мән-мағынасын Президент Н.Назарбаев өзінің І Съездегі сөзінде: «Түпкі мақсатты белгілеудің қажеті жоқ, оны белгілеуге болмайды. Біртұтас діни кеңістік құру да мүмкін емес. Орын алып отырған қайшылықтардың барлығын да еңсере алмаймыз, оның үстіне олар кейде ұлы діндердің түп негізіне қатысты болып жатады. Тұрақты диалог орнатудың басты құндылығы – көзқарастар мен түсініктердің қарама-қайшылығына қарамастан, жалпыға ортақ мәмілеге келу қажеттігінің маңызын түсіну және оған қол жеткізудің жолдарын іздестіру болып табылады. Ең бастысы – диалог бейбітшілік пен келісім алаңын, үйлесім мен айқындық дәуірін қалыптастырады» деп нақты тұжырымдады.

Осы орайда, 2015 жылы өткен бесінші съездің әлемдік қауымдастық үшін өзектілігі айрықша болды. Бұл жаһандық геосаяси шиеленістің ушығуына, дүниежүзінің түкпір-түкпірінде болып жатқан этностық және діни негіздегі қақтығыстардың өсуіне, сондай-ақ, діннің атын жамылған террористік ұйымдардың жан түршігерлік әрекеттерінің жандануына байланысты болғаны мәлім. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунның, Иордания Королі Абдалла II-нің, Финляндия Президенті Саули Ниинистенің және өзге де беделді қайраткерлердің Астанаға діни лидерлердің алдында сөз сөйлеу үшін арнайы келуі де кездейсоқ жағдай емес.

Осылайша, съезд дінаралық кездесулермен қатар діни және саяси көшбасшылардың арасындағы диалог алаңына айналды. Бұл құбылыс діни қызметкерлердің әлемдік ахуалға оң әсер етуі үшін аса маңызды.

* * *

Астаналық дінаралық форумның екінші ерекшелігі –қатысушылардың ауқымды әрі салмақты құрамы.Съезд жұмысына Исламның, Христиан дінінің, Иудаизмнің, Буддизмнің, Индуизмнің, Даосизмнің, Синтоизмнің, Зороастризмнің жоғары дін қызметшілері, діни және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ, әлемнің бірқатар беделді саясаткерлері қатысып келеді.

Съезд қатысушыларының табанды жұмысының арқасында форум өркениетаралық диалог тарихынан өз орнын алды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы, Иордания Королі және Финляндия Президентімен қатар әр жылдары Съезд мінберінен Израиль Президенті және бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының иегері Шимон Перес, Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Мохаммед Махатхир, Канаданың бұрынғы премьер-министрі Жан Кретьен, Мәскеу және Бүкіл Русь Патриархы Кирилл, Әл-Азхар Жоғары имамы Мұхаммад Саид Тантауи, Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас хатшысы Абдалла Ат-Түрки сынды белгілі қайраткерлер сөз сөйледі.

Форумның көрнекті қатысушыларының арасында – Дүниежүзілік ислам мазхабтарын жақындастыру ассамблеясының Бас хатшысы Аятолла Шейх Мохсен Араки, католиктер шіркеуінің кардиналдары Йозеф Томко мен Жан-Луи Торан, Константинополь Православ Шіркеуінің Патриархы Варфоломей I, Израильдің Бас раввиндері Йона Мецгер, Шломо Амар және Ицхак Йосеф, «Джинджя Хонче» Жапон синтоистік храмдары қауымдастығының Президенті Цунекиё Танака, Индология мен дінаралық диалогті зерттеу институтының Төрағасы Сомайя Самир Шантила (Үндістан), Дүниежүзілік буддистер қауымдастығының Бас хатшысы Фаллоп Тайиари, «Джинджя Хонче» Жапон синтоистік храмдары қауымдастығының атқарушы директоры Таненори Тераи, Дүниежүзілік Лютеран федерациясының Президенті Муниб Юнан және т.б. қатысушылар болды.

Сонымен қатар, Әлемдiк және дәстүрлi дiндер лидерлерi съезіне ЮНЕСКО-ның Бас директорлары Коичиро Мацуура мен Ирина Бокова, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшылары Марк Перрен де Бришамбо мен Ламберто Заньер, БҰҰ Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі Насир Әбдел Әзиз ан-Насер, Ислам Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшысы Ияд Амин Мадани де қатысты.

І Съезд алаңында 13 елден келген діни лидерлер мен құрметті меймандар бас қосса, V Съезге қатысу үшін Астанаға әлемнің 42 елінен 80-нен астам делегация келді.

* * *

Үшіншіден, съездің он үш жылдық тарихында түрлі діндердің өзара қарым-қатынасын жетілдіру мәселелері бойынша қомақты құжат қоры жинақталды.

Осы орайда, І Съезд декларациясының маңызы айрықша, өйткені бұл құжат әлемдік және дәстүрлі діндердің өзара тоғысу арналарын анықтап, олардың ортақ құндылықтарын айқындап берді. Алғашқы конфессияаралық құжатқа жан-жақты келісім алу қазақстандық дипломатияның кәсібилігін шыңдаған жақсы сынақ болды, себебі, діни лидерлер көзқарасы тұрғысынан барша адамзат өркениетіне ортақ мәселелерді айқындау мәселесі тұрды. Әрбір конфессияның ерекшеліктерін егжей-тегжей ескеріп, конфессияаралық пікірталасқа жол бермей, ең бастысы, түрлі діндер арасында ынтымақтастық орнатудың ұтымды жолын ұсыну қажет болды.

Декларацияның мәтіні форумның мақұлдауына шығарылғаннан кейін съезд қатысушылары мен Президент Н.Назарбаевтың өзі мәтінге бірқатар мазмұнды толықтырулар енгізді. Осылайша, декларация Астана конфессияаралық диалогінің негізгі қайнар көзіне айналды.

Съездің алғашқы құжатында «Діни нанымдар мен уағыздардың әртүрлілігі өзара күмәндануға, кемсітуге және жәбірлеуге емес, дін мен мәдениеттің бірегейлігін көрсететін өзара түсіністік пен үйлесімділікке әкелуі керек. Діндер төзімділік пен өзара түсіністікті барлық халықтардың бейбіт қатар өмір сүруінің елеулі тетігі ретінде танып, үлкен ынтымақтастыққа ұмтылулары керек» – деп көрсетілген. Қорыта айтқанда, діни қызметшілер діндер арасында қарама-қайшылықтардың жоқ екенін, дегенмен қазіргі әлемнің игілігі жолында диалог пен ынтымақтастықтың аса қажет екенін атап көрсетті.

ІІ Съезге қатысушылар Дінаралық диалогтің қағидаттары – Съезге қатысушылардың кодексін бекітті. Қағидаттарда: «Диалог адалдыққа, толеранттылыққа, төзімділікке, және өзара құрметтеушілікке негізделетін болады. […]. Диалогта барлық әріптестердің құқықтары тең болуға және әрбір мәдениеттің, тілдің және дәстүрдің тұтастығы ескеріле отырып, пікірді, көзқарасты және сенім-нанымды еркін жеткізуге арналған кеңістік құрылуға тиіс. Диалогта басқа дінге айналдыру не басқа дінді ұстаушыны қорлау, сондай-ақ, бір діннің екінші діннен артықшылығын көрсету көзделмеуге тиіс», деп жазылған. Осы құжатта діни лидерлер қарым-қатынастың негізгі қағидаларымен қатар, конфессияаралық диалогтің де болашақ ұрпаққа аса қажет екенін атап көрсетті.

Тағы бір маңызды құжат – ІІ Съезд декларациясында – қатысушылар «дінаралық және мәдениетаралық қатынастардағы қиындықтар халықаралық саясаттағы, экономикадағы, әлеуметтік, гуманитарлық және ақпараттық ортадағы елеулі теңгерімсіздіктен, сондай-ақ, дінді саяси мақсаттарда пайдаланудан туындап отыр» деген ортақ пікірлерін айтты.

ІІІ Съездің құжаты да барлық діндердің қазіргі қоғам дамуы мен қауіпсіздік қатерлеріне қарсы іс-әрекет жасауда атқаратын рөліне қатысты бірқатар маңызды мәселелерді қамтиды. Қатысушылардың Үндеуінде «этностық құрамы мен діни сенімі әртүрлі адамдардың қатар бейбіт өмір сүруі адамзат қауіпсіздігінің бірден-бір негізі болып табылады» деп көрсетілген. Бұл ретте, «дінаралық диалог таптаурын нанымдарды және діни жанжалдарды болдырмауға жәрдемдеседі. Діни ұстаным иелері «жеке тұлғаның абыройы мен негізгі құқықтарын, әсіресе сенім және діни бостандығын қорғау» қажеттігін атап көрсетті. «Экстремизм мен терроризмнің кез келген көріністері, әсіресе дінді өзіне «қалқан» етушілер сынға алынды.

ІV Съездің Үндеуі әлеуметтік даму, адамгершілік, иман, тәрбие және білім беру мәселелері бойынша бірқатар өзекті бағыттарды қамтиды. Діни қайраткерлер «адамның Жаратушы белгілеп берген мақсатын, оның абыройы мен ажырамас құқықтарын мойындауда ортақ пікір танытты. Бұл ретте, «дін – қазіргі заманғы әлеуметтік мәселелерді шешудің және бейбіт өмір сүру мен гүлденуге қол жеткізудің аса маңызды және пәрменді құралдарының бірі болып табылады». Қатысушылар «саяси және қоғамдық қайраткерлермен бірлесіп, дінді өзіне «қалқан» етуші экстремизм мен терроризмді қамтитын қазіргі заманғы рухани, этикалық және моральдық қауіп-қатерлерге тиісті түрде ден қоюға әзірліктерін» білдірді.

Қоғамның адамгершілік-рухани негізін нығайту және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қайта жаңғырту тұрақты дамуға қажетті бірден-бір шарт болып табылатыны атап көрсетілді. «Әйелдердің отбасындағы және қоғамдағы жасампаз рөлі мейлінше құрметтелуге тиіс» деген ортақ сенім білдірілді. Сонымен қатар, «жастар балалық шақтан бастап өздерінің ана тілін, тарихын, мәдениетін қалай оқып-білсе, өзінің ұлттық
діни дәстүрі туралы терең білім алуға құқылы болуға тиіс» деп көрсетілді.
Бұл ретте, құжатта «өз дінін білетін адам ешқашан басқа дінге менсінбеушілік танытпайды» деп көрсетілген.

Форумды сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерген V Съездің декларациясында қазіргі заманғы әлемнің аса маңызды саяси мәселелері қарастырылды. Құжат Президент Н.Назарбаевтың форумның ашылуы салтанатында айтқан «бес үндеуін» қоса алғанда, кіріспеден және 16 негізгі тармақтан тұрады. Атап айтқанда, қатысушылар «тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жанжалдардың алдын алу және оларды реттеу мақсатында» діни лидерлердің саяси қайраткерлермен, халықаралық ұйымдармен және азаматтық қоғаммен диалог орнатуына жәрдемдесу жөніндегі міндеттемелерді қабылдады.

Съезд әскери қақтығыс тараптарын «соғысты тоқтатуға, уақытша бітім жариялауға және келіссөздер жүргізу арқылы зорлық-зомбылықты тоқтату, бейбіт тұрғындарды қорғау, барлық дау-жанжалды бейбіт түрде шешу туралы келісім жасасуға» шақырды. Діни лидерлер кез келген саяси және діни жанжалдарды күшпен шешу әдістеріне түбегейлі қарсы екендіктерін жеткізді. Олар жетекші державалардың саяси лидерлерін «қазіргі заманда бір-біріне деген сенімсіздік пен қырғи-қабақтық танытудың өрши түсуіне тосқауыл қойып, өзара санкцияларды тоқтату және бейбітшілік пен қауіпсіздікті орнықтыру мақсатында қарама-қайшылықтарды халықаралық құқыққа сәйкес реттеу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да халықаралық ұйымдардың тетіктерін пайдалануға» шақырды.

Құжатта «экстремизм мен терроризмге қарсы күрестің дінге және сол дінді ұстанушыларға қарсы соғысқа ұласып кетпеуі» жөнінде маңызды ескерту бар. Қатысушылар атап көрсеткендей, бейбітшілік пен даму жолындағы жаһандық диалогті нығайту мақсатында съезд БҰҰ-мен және басқа да халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды дамыта беруге ниетті. Сонымен бірге, БАҚ-ты, оның ішінде Интернетті дінаралық және конфессияаралық алауыздықты өршіте түсу мақсатында пайдалануды тоқтату жөнінде Бұқаралық ақпарат құралдарының иелері мен баспагерлеріне арналған үндеу де бар.

Он үш жылдың ішінде съездің қорытынды құжаттарын әзірлеумен және қабылдаумен қатар Съезд Хатшылығы деңгейінде ауқымды құжаттамалық жұмыс жүргізілді. Рәсімдік және ұйымдастырушылық құжаттардың мазмұны съездаралық кезеңдегі делегациялардың пікірталастарын қамтиды. Сонымен қатар, 2016 жылғы 31 мамырда Астанада өткен «Діндер терроризмге қарсы» Халықаралық конференциясына қатысушылардың Мәлімдемесі съезд шеңберінде қол жеткізілген маңызды жетістіктердің бірі болып табылады. Бұл құжат діни қайраткерлердің, парламентшілер мен сарапшылардың халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл мәселесі бойынша ортақ көзқарасын көрсетеді.

Құжаттарды әзірлеуге діни қайраткерлердің тікелей қатысуы – съезд құжаттарының бірегей болуының айқын көрсеткіші. Бұл жұмыс діни лидерлердің тек диалог орнатуға ғана емес, адамзатқа төнген аса күрделі түйіндерді шешу үшін атсалысуға дайын екендіктерін көрсетті. Осылайша, діни қайраткерлер съезд құжаттарын бірауыздан мақұлдай отырып, оларды іске асыру жолында аянбай, барынша күш-жігер жұмсауды өздерінің моральдық міндеті деп таниды. Астанада өткен діни саммиттердің ауқымды саяси мән-маңызының түйіні де осында.

Форум шеңберінде қабылданған барлық құжаттар БҰҰ-ның, ЕҚЫҰ-ның, сондай-ақ басқа да халықаралық және өңірлік форум алаңдарының назарына уақытылы ұсынылып отырды.

* * *

Съездің жүйелі институттық дамуы – он үш жылдық жұмыстың төртінші елеулі нәтижесі болып табылады.

Бүгінгі таңда күллі діндердің, халықаралық ұйымдардың, саяси қайраткерлер мен сарапшылардың арасындағы аса маңызды диалог алаңы болып табылатын съезд «конфессияаралық Давосқа» айналды десек артық болмайды. Күн тәртібіне шығарылатын алуан түрлі мәселелер, қатысушылар құрамы мен саяси икемділік – форумның басты ерекшеліктері болып табылады. 2006 жылы өткен ІІ Съезде қатысушылар форумды тұрақты түрде үш жылда бір рет өткізіп отыру туралы шешім қабылдады.

Қатысушылар санының артуы және күн тәртібінде талқыланатын мәселелердің ауқымына байланысты форум бағдарламалары да айтарлықтай кеңейе түсті. Бүгінгі таңда Астана съездерінде жалпы сессиялармен қатар бірнеше секциялық отырыстар да өткізіліп тұрады. Мәселен, 2015 жылы өткен съезд шеңберінде діни және саяси лидерлердің өзара іс-қимылы, дін мен саясаттың өзара байланысы, діннің жастарға ықпалы, сондай-ақ дінаралық диалогтің келешегіне арналған тақырыптық пікірталастар өтті.

ІІІ Съездің қорытындысы бойынша форумға қатысушылар
Астаналық дінаралық саммиттің басты институттарының бірі, оның жетекші органы болып табылатын Діни лидерлер кеңесін құрды. Кеңес құрамына 14 әлемдік дін өкілі кірді. Кеңес әртүрлі конфессиялардың өкілдері арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты тереңдету және съездің үнқатысу алаңының тұжырымдамалық негізін нығайту жолында жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, Кеңес съездің қызметіне қатысты түйінді мәселелерді, сондай-ақ басқа да халықаралық ұйымдармен және форумдармен ынтымақтастық жасау жөніндегі шешімдерді қабылдауға уәкілетті.

Съездің бірегей форматы халықаралық қоғамдастықтың ерекше назарын аударғаны шындық. 2009 жылы болған ІІІ Съезд БҰҰ-ның техникалық қолдауымен өтті, сондай-ақ форум жұмысына Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының хатшылығы мен институттары кеңінен тартылды. Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі қарсаңында съезд шеңберінде осы панеуропалық ұйымның Жерорта теңізі елдері әріптестері үшін ұйымдастырылатын жыл сайынғы семинары өткізілді. Съезд идеяларын ілгерілету мақсатында БҰҰ Бас Ассамблеясы 2013-2022 жылдарды мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы деп жариялады.

Съезд шеңберінде, әсіресе, форум Хатшылығының жұмысында парламенттік дипломатияның мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылды. Әртүрлі елдердің парламентшілері, Съезд Хатшылығының мүшелері және сарапшылар қатысқан «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференциясында «рухани дипломатиядағы» парламенттік әлеуеттің маңызына баса назар аударылды. Конференцияның бірауыздан қабылданған қорытынды құжатында: «Парламентшілердің терроризмге және зорлықшыл экстремизмге қарсы күрестегі маңызды рөлін ескере отырып, халықаралық құқық пен ұлттық заңнамалар терроризмге қарсы әрекет етудің және оның алдын алудың тиімді құралына айналуы тиіс деп санаймыз. Біз парламентшілердің маңызды рөлін және толеранттылықты дамытуға ықпал ететін заңнамалық нормаларды қабылдау жолында олардың діни қайраткерлермен өзара іс-қимылын атап көрсетеміз», – деп көрсетілген.

Съезд Хатшылығы форумның негізгі жұмыс органы болып табылады. Хатшылық жыл сайын жиналып, съезд шешімдерін іске асыру мәселелерін қарайды, форумның күн тәртібін, ұйымдастыру мәселелерін және қорытынды құжаттарының жобаларын келіседі. Сонымен бірге, Съездің БҰҰ Өркениеттер Альянсы, Король Абдалла атындағы Халықаралық дінаралық және мәдениетаралық үнқатысу орталығы және өзге де халықаралық диалог құрылымдарымен өзара іс-әрекет жасау мәселелерін үйлестіреді. Мәселен, осы жұмыстардың шеңберінде Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы құрылды.

Съезд жұмысы мен Хатшылықтың отырыстары сәулеті жарасқан бірегей ғимарат – Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткізіліп отырады. Елорда төрінде орналасқан Пирамида Елбасының рухани дипломатиядағы жетістігіне айналды.

Президент Н.Назарбаевтың бастамаларын жүзеге асыру жолында қазір съездің жұмыс органы Дінаралық үнқатысуға қосқан үлесі үшін Астана халықаралық сыйлығын, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің құрмет медалін тағайындау, сондай-ақ Бейбітшілік пен келісім мұражайын құру бойынша пысықтау жұмыстарын жүргізуде.

* * *

Атқарылған жұмыстардың барлығы табанды еңбектің нәтижесі ғана емес, съездің даму қарқынының шынайы көрсеткіші болып саналады. Қазіргі әлемде орын алып жатқан оқиғалар Астана конфессияаралық форумының алдындағы міндеттердің әлі де көп екенін көрсетіп отыр. Дінаралық үнқатысуды жалғастырып, нығайта беру қажет. Съезд шеңберінде діндер және саяси лидерлер арасында жасалған уағдаластықтар мен міндеттемелер іс жүзінде орындалуы тиіс. Бірақ, бұл жұмысты кәсіби түрде және аса жоғары жауапкершілікпен іске асыру қажет.

Бұл тұста, съездің, әсіресе, Діни қайраткерлер кеңесі мен Хатшылықтың институттық әлеуетін барынша іске асыру міндеті тұр. Алдағы уақытта да беделді әлемдік саяси лидерлерді форум жұмысына тарту маңызды.

Съезд қызметін дамытып, оның күн тәртібін күшейте түсумен қатар халықаралық форумды қамтамасыз ету бағытында жұмыс істейтін Қазақстандық ведомстволардың дипломатиялық және сараптама жүргізу әлеуетін одан әрі жетілдіру қажет. Олардың ішінде, ең алдымен Сенат аппараты, Сыртқы істер министрлігі және жуырда Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі бар. Съезд аясында құрылған Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының мүмкіндіктерін анағұрлым кеңірек қолдану керек. Елбасы тапсырғандай, білім беру, ғылыми-зерттеу және гуманитарлық жобалар бойынша тың бастамалар көтеріп, әлемдегі діни ахуалдың шиеленісті тұстарын зерделеумен айналысу қажет.

Қазіргі уақытта біздің алдымызда 2018 жылға жоспарланған VІ Съезге сапалы дайындалу міндеті тұр. Биылғы маусым айында өткен Хатшылықтың отырысында алдағы форумды «Діни лидерлер қауіпсіз әлемді жақтайды» тақырыбына арнау туралы шешім қабылданды. VI Съездің секциялық отырыстарында мынадай тақырыптар талқыланатын болады: «Әлем. XXI ғасыр» манифесі жаһандық қауіпсіздік тұжырымдамасы ретінде», «Құбылмалы геосаясаттағы діндер: адамзатты біріктіру жолындағы жаңа мүмкіндіктер», «Дін және жаһандану: сын-қатерлер мен жауаптар», «Діни лидерлер мен саяси қайраткерлер экстремизм мен терроризмді еңсеру жолында». Осылайша, форумның күн тәртібінің анағұрлым кешенді және өзекті бола түсуі халықаралық қатынастардағы ахуалға оң ықпал етеді деп сенеміз.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі – жан-жақты зерделеуге және одан әрі ілгерілетуге лайықты бірегей құбылыс деп ойлаймын. Бүгінде форумның тарихи рөлі баршамызға айқын болғанымен, оның әлеуеті әлі де мол екенін ұмытпауымыз қажет. Мемлекет басшысы орынды атап көрсеткендей, халықаралық қоғамдастық «бейбітшілікті құрудың оң тұжырымдамасына мұқтаж».

Шын мәнінде, съезд дінаралық және конфессияаралық қатынастарды ғана емес, әлемде қалыптасқан ахуалды жақсартуды көздейтін ұсыныстарды әзірлейтін бірегей алаң болып табылады.

Жуырда ғана Жапония мемлекетіне жасаған ресми сапары барысында «Гои» бейбітшілік қоры Президентіміз Н.Назарбаевты «ядролық қарусыздану және таратпау ісіне қосқан зор үлесі үшін» 2016 жылғы әлем мәдениеті арнайы сыйлығымен марапаттады. Дүниежүзіндегі қауіпсіздік пен үйлесімділікке қол жеткізуге елеулі үлес қосқан жеке тұлғаларға тапсырылатын бұл сыйлық Елбасының теңдесі жоқ бастамаларының өміршеңдігін тағы бір дәлелдегені даусыз.

Әлемдік ауқымда мойындалған көшбасшы ретінде Президент
Н.Назарбаев халықаралық қоғамдастықтың назарына әлемдік тәртіпті жетілдіру бағытында тың, жаңа мүмкіндіктерді ұсынып келеді. Бұл жұмыстың нәтижелі болуы Қазақстан басшысының шақыруын қабыл алған съезд қатысушыларына тікелей байланысты болатын күрделі міндет екені сөзсіз. Олардың осынау игі іс жолындағы ерік-жігері, бірлескен табанды еңбегі мен өзара түсіністік бағытында жасаған қадамдары – баршамызға ортақ істің табыс көзі болып табылады.

Бұл орайда, Астана ізгілікке үндейтін үнқатысу алаңы болуға дайын.

Ұлы Дала елі жаңа мыңжылдықта да халықтарды, мәдениеттер мен діндерді бір арнада тоғыстырып, жақындастыратын киелі мекен болып қала бермек.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы,

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің басшысы

"Егемен Қазақстан" газеті