Парламент Сенаты Бюросының отырысы болды. Палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев шараға қатысушыларға арнаған сөзінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы аясында әлеуметтік саладағы, сондай-ақ Жастар жылын өткізуге байланысты маңызды міндеттер бойынша депутаттар корпусы алдындағы жұмыстардың негізгі бағыттарын белгіледі.
«Сенаттың көптеген депутаттары Парламентте аймақтардың мүддесіне өкілдік етеді. Депутаттар корпусы мен атқарушы билік органдары, ең алдымен ел аймақтарындағы әлеуметтік мәселелер мен тұрғындардың мұң-мұқтажына баса назар аударуы тиіс. Қоғамның тұрақтылығына қауіп төндіретін жағдайларға жол бермеу үшін алдын алу шаралары жедел түрде әрі уақытында қабылдануы керек», - деді Сенат Төрағасы.
Қ.Тоқаев депутаттарды, орталық және жергілікті билік органдарын қоғам өміріндегі әртүрлі жағдайларды нақты әрі дәлме-дәл жеткізу үшін әлеуметтік желілерді сауатты, жауапкершілікпен әрі білікті түрде пайдалануға шақырды.
Сенат Төрағасының пікірінше, әлем әлеуметтік-экономикалық және саяси дүрбелең кезеңіне тап болды. Қазақстан өзінің күмәнсіз жетістіктерімен қоса, өкінішке орай, нашар тұстарымен де күллі жаһандық қоғамдастықтың бөлінбес бөлшегі болып табылады. Қ.Тоқаев бұл жағдайда біздің Президент Стратегиясының мақсаттары мен міндеттерін жұртшылыққа жеткізу жөніндегі жұмыстардың үстірт, таптаурын сипаттан арылуына депутаттардың назарын аударды. «Біздің мемлекетіміздің бүгіні мен келешегі туралы мазмұнды әрі қызықты пікір алмасу болуы тиіс», - деді Төраға.
Қ.Тоқаев Жастар жылына байланысты бірқатар ұсыныстар айтты. Оның айтуынша, еліміздегі белсенді әрі білікті жастардың өкілдерін мемлекет мүддесін ілгерілету ісіне тарту мақсатында сенаторлардың белсенді жұмыс істеуі қажет. Парламент жоғарғы Палатасының басшысы Сенатта өтетін іс-шараларға, оның ішінде жалпы отырыстар мен комитеттердің астаналық және аймақтық жоғары оқу орындарының студенттерін, кәсіпорындардың жас жұмысшылары мен компаниялар қызметкерлерінің қатысуын ұйымдастыруды ұсынды. Қ.Тоқаев қоғамдық ұйымдардың, оның ішінде «Жас Отан» өкілдерінің қатысуымен мемлекеттің жастар саясаты мәселелері бойынша арнайы шаралар өткізуді жөн санайды.
Қ.Тоқаевтың сөзінде айтылған өзекті мәселелер бойынша Бюро мүшелері мүдделілік тұрғысында пікір алмасты.
Бюро отырысында Палатаның 17 қаңтарда болатын кезекті отырысының күн тәртібі бекітілді.