Криптоинвестор, кәсіпкер Ерлан Думанұлы криптовалюта, блокчейн технологиясы туралы және қалай бай болуға болатыны туралы айтты.
"Бай болғың келсе, мектепке барма"
1998 жылы отбасымызбен Алматыдан Астанаға көшіп келдік. Мектеп бітірместен бұрын 15 жасымда қолыма "Бай болғың келсе, мектепке барма" деген Робер Кийосакидің кітабы түсті. Кітаптың атауы мені таңғалдырды.
Автор не айтпақ болды деп бір күнде оқып шықтым. "Мен саған сауатсыз бол деп айтып жатқаным жоқ, сен ХХІ ғасыр мен өткен ХХ ғасырдың айырмасын түсінуің керек. Біреуге жұмыс жасасаң сен ешқашан бұл ғасырда, нарықтық экономикада жетістікке жете алмайсың. Ақша мен уақытты өзіңе жаратып үйренуің керек" деген түсінік айтылған. Ал біздегі білім жүйесі көбінесе "диплом ал, сосын жұмысқа тұр" деген бағытқа үйретеді.
Ақпараттық заманда кім оны дұрыс қолданса, сол адам кәсіп жасай алады деп түсіндірген. Бұрын екілік алсам қалтырайтын едім, осындай ктіаптарды оқыған соң сенімсіздік бойымнан кете бастады. 17 жасымда Мәскеуде электронды коммерция тақырыбында өткен, үш мың адам қатысқан форуға бардым. Елге келіп электрондық коммерциямен айналысуға бел байлап, ҚазМЗУ-дағы оқудан шығып кеттім. 2009 жылға дейін барған елдерімде мықты бизнес-тренерлермен кездестім. Сол жылы бизнес бастауға дайынмын деп автокөлікпен айналыстым.
Қазақстанның 9 қаласында кеңсе аштым. Жасым 21-де болды, тәжірибе жетіспей 50 мың долларға банкрот болдым. Одан кейін қайтадан е-коммерцияға оралып, 2,5 жыл ішінде қайта аяққа тұрдым. 2016 жылы криптовалюта туралы ақпарат алып, биткойн 770 доллар болғанда сатып алдым. 2017 жылы 1 жылға жуық биткойнды зерттеп, 2005 жылдан бері серіктес боп жүрген әріптестеріммен бірге CrowdSale Network деген платформаны құрдық. Бүгінде стартаптарға биткойн арқылы инвестиция тартумен айналысамыз. Әрине, тегін жұмыс істемейміз. Көмектескеніміз үшін қандай да бір мөлшерін, үлесін аламыз. Олармен бірігіп сол стартапты көтереміз.
Көрінбейтін ақша – криптовалюта
2009 жылы алғаш рет криптовалюта түсінігі енді. Криптовалютада құпиялы ақша, блокчейн технологиясы қолданылады. Ешқандай делдалсыз, ешқандай банк жүйесінсіз, ешқандай мемлекеттің бақылауынсыз бір адам екінші адамға интернет жүйесін қолданып ақшаны аудара алады деген түсінікті білдіреді. Блокчейн – ақпаратты сақтау жүйесі. Мысалы, үлкен сайттардың өз
серверлері бар. Facebook-тің өзінде 4 дата-орталығы бар, ең кішісінің аумағы – 27 мың шаршы метр. Бүкіл фото, видео, хабарламаларымыз сол серверге сақталады. Блокчейн дегеніміз тура сондай дата-орталықтар секілді жұмыс жасайды. Бірақ бұл бір компьютер, болмаса үлкен ангар болуы мүмкін.
Мыңдаған компьютер жұмыс жасауға қабілет беріп тұрғандықтан ақпарат бір жерде сақталмайды, мыңдаған орталықтандырылмаған дата-орталықтарда сақталғандықтан ақпарат ашық және оны жою мүмкін емес. Сол себепті блокчейн технологиясы адамзат тарихын өзгерткен революция десек болады.
Криптовалюта ішінде ең қоданысқа ие болғаны ол – биткойн. 2009 жылы биткойнды жасаған Сатоши Накамото деген программист бір адам ба, топ па ешкім білмейді.
Мұны алғашында ешкім дұрыс қабылдамады, түсінбеді. Ол кезде 1 биткойн бағасы 1 цент тұрды (0,01 АҚШ доллары). 2013 жылы биткойн бағасы көтерілгенде ғана адамдар көңіл аудара бастады. Санаулы ғана программистер назар аударды. 2013 жылы криптовалюта нарығында 1,5 млрд доллар айналымда болды. Бүгінгі таңда 100 млрд доллардан астам ақша айналып жатыр. "Биткойнның бағасы неге тұрақты емес?" деп сұрайды. Өйткені биткойнның саны шектеулі әлемде 21 млн ғана болатын етіп шығарған. Қазіргі таңда 17,5 миллионы интернетте айналымда бар. Бір-бірімен есеп жасасып жатыр. Неғұрлым биткойн айналымына көп ақша кірсе бағасы өседі.
Егер биткойнды шығарып алса оның бағасы құлайды. Себебі саны шектеулі, 2017 жылы Жапония биткойнды заң жүзінде теңестіріп, валюта ретінде мойындады. Банктер, биржалар да кіріп жатыр. Осыған байланысты келешекте биткойнның бағасы өседі. Сарапшылардың болжамынша, 2022 жылға қарай биткойнның бағамы 100 мың доллардан асып, 1 млн долларға дейін баруы мүмкін. Себебі криптовалюта нарығына бірнеше трлн АҚШ доллары кіреді.
Биткойн – цифлық ақша
Биткойн технологиясы арқылы адам адаммен делдалсыз, банксіз тікелей жұмыс істейді. Бұл технология жаппай белең алатын болса ертең бара-бара адамдар банк қызметін қолданбауы мүмкін. Басқа мемлекетке, қалаға ақша аудару керек болса банкке жүгінеміз. Олар өздерінің пайызын алады, сол арқылы өмір сүреді. Банктің негізгі екі табысы бар бірінші – төлем жүйесі арқылы, екінші – халыққа бизнеске кредит беру арқылы. Ертең бара-бара адамдар кредит алудан қалып, инвестициямен айналысқанды жөн көруі мүмкін.
Ұлттық банктің позициясын түсінетін себебім, криптовалютаның бағасы өте құбылмалы. Бір өсіп, бір түсіп тұрады. Халықтың әлі сауаты, білімі жоқ.
Адамдар хабардар болмастан қолдансақ, ұрынып қалуы мүмкін. Алаяқ криптовалютаға ақшасын салуы мүмкін.
Серіктесім Олжас Нұртазин бір жарым жыл бұрын блокчейн және криптовалюта технологияны қолға алайық деген оймен қауымдастық құру туралы идея тастады. Бұл қауымдастық сандық тенология мен криптотехнология саласындағы жұмыстармен айналысады. Оның ішінде алаяқ жобалардан тұтынушыларды қорғау мақсатында халықты сауаттаныру жұмыстары кіреді. Қазір ұйымда жүзге жуық адам бар.
Өзім криптовалютаны инвестициялау үшін әртүрлі биржаны қолданамын. Биржада сауда жасаймын. Треддинг деп аталады. Арзанға сатып алып, қымбаттаған кезде сатамын. Ақшадан ақша жасаумен айналысамын. Ең негізгі жұмысым треддинг емес, стартаптарға инвестиция жасау.
Стартап жобалар
Crowdsale Network – Ресей мен Израильдегі әріптестермен бірлесе құрылған халықаралық компания. Құрамында қазір 5 мыңнан астам адам бар. Бірлесе идеяны талқылап, жақсы болса оны жүзеге асыруға көмектесеміз.
Бүгінгі таңда 4 стартаппен жұмыс істеп жатырмыз.
Біріншісі – AIDA Service. Ақтөбелік кәсіпкер Самат Урмагамбетов 15 жылдан бері өзі басқаратын "Центр груп" компаниясында сыбайлас жемқорлықпен күресіп шаршағанын айтты. Жабдықтаумен айналысатындардан бөлек бухгалтерия да ақша ұрлайды. Бүкіл құжаттарда "қымбат материал алдық" деп көрсетеді. Шын мәнінде құрылысқа арзан материал салған. Осының бәрі болмауы үшін AIDA Service деген платформа жасап шығардық. Келісімшарттар өндірушіден тұтынушыға тауар жеткенше блокчейн арқылы жасалады. Бүгінгі таңда Қостанай облысының әкімдігі енгізіп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласымен де келіссөз үстінде. Нұр-Сұлтанда әлі әкімдіктер енгізген жоқ, өйткені ол жерде ақшаны жасыру қиын боп қалады. Жүйені нақты енгізсе ақша қайда кеткені бәрі көрініп тұрады. Осы стартапты дамытып жатырмыз.
Екінші стартап – заманауи әлеуметтік желі. Адамдар бір-бірімен аватар арқылы сөйлеседі, сіздің 2D, не 3D аватарыңыз болады. Өзінің мессенджері мен криптоәмияны болады. Аватар геолокацияға бекітіледі. Яғни қосымшаға кірген кезімде қай қалада отырғаным, айналамда 1000 метр жерде қандай ұйымдар барын көрсетеді. Сол мекемелерге кіргенде олардың тауарларын зерттегенім үшін әртүрлі бонустар жинаймын. Виртуалды ақшаны сатып аламын. Мекемелер брендтерін жарнамалағысы келсе токиндары арқылы ақысын төлеуі керек. Бұл әлеуметтік желі кеңінен сұранысқа ие болған кезде бағасы өседі.
Үшінші стартап – төлем жүйесі. Төртінші жобамыз мәдениет саласына қатысты. Жастарға, талантты адамдарға қолдау көрсететін қор аштық. Қорға мүше инвесторлар жасаған жобалардан үлестерін алып отырады. Қордың өз криптовалютасы бар. Саламат Мұхаметәли деген режисер бастама білдірді.
Оның "Весь мир в наших ног" деген фильмі Шанхай кинофестивалінде Гран при иеленді. "Город призраков, вратарь другой мир" деген мистикалық, ғылыми-фантастикалық киноны түсіруді бастап кеттік. Инвестиция жинап жатырмыз. 2018 жылы тамыз аяғында бастағанбыз. Екі жылдың ішінде жарыққа шығарамыз деп отырмыз.
Америка нарығында мистикалық фильмдер жарнамасы жақсы болса өте үлкен табыс әкеледі. Мистика саласы неге сұранысқа ие? Қазақстандықтар тек комедияға барады, себебі олардың өмірі кредиттен кредит деген сияқты мистикаға ұқсайды. Американы - мүмкіндіктер мемлекеті дейді. Кез келген адам бір шабаданмен келіп, көтеріліп кетеді. Олар мистикалық киноға демалу үшін барады. Адреналин шығарып, кино көрген жақсы. Сол себепті бюджеті аз кассалық киноның 90 пайызы – мистика.
Бірінші киноның әлемдік прокаты болады. Сол кино бойынша 28 маусымдық 12 сериядан тұратын сериал шығады. Инвестор боп келген адамдар жобадан түскен табыстан үлесін алып отыр. Фильм 2020 жылы түсіріліп, 2021 жылы экрандарға жол тартады.
Ақтау қаласында жаңа жобаны қолға алдық. Ол – жылдың қай мерзімінде келсеңіз де суға түсіп, күнге қыздырынуға болатын жағажай. Өздерінің токиндері болады. Ал токиндері бар адамдар кез келген уақытта барып, 50 пайыз жеңілдікпен демала алады. Ұсыныстар өте көп. Бас салып барлық жобамен жұмыс жасай бермейміз. Команда бұрын немен айналысқан, қаншалықты тәжірибесі бар, қолдарынан келетініне көзіміз жеткенде ғана жұмысты бастаймыз.
Бай болу үшін не істеу керек?
Ең бірінші адам ой-өрісін кеңейту керек. Ойы банктен кредит алу, қарыз қайтару болса ешқашан байымайды. Бай болу үшін ең бірінші қалай мен ақша мен уақытты өз-өзіме жұмыс істете аламын деген месседж иесі Роберт Киосакидің бірнеше кітабын оқып шықсаң, мүлдем ой-өрісің кеңейеді.
Адамдар кітап оқымайды, сауаттылығын арттырмайды, міне, осы проблема. Мектепте, университетте алған біліммен шектеліп қалады да, жұмысқа барып-келіп жүре береді. Өзінің ішкі білімін арттырумен айналыспайды. ХХІ ғасырда қаржы, экономика саласындағы қажет кітаптарды оқу керек. Актив, пассив деген не? Ипотекаға алған үй – пассив, адамдар ондай үйден тек зардап шегеді. Қазақтар үй болмаса береке болмайды дейді де, үй алуға ақша жұмсайды. Үйде тұрады, бірақ ақша жұмыс істемейді. Бұл – пассив, яғни табыс әкелмейтін, ай сайын қалтаңыздан ақша сұрайтын дүние. Актив – пайда әкелетін дүние. Бай болу үшін мимен түсіну керек. Сол кезде ғана 1 биткойнды 1,5 млн теңгеге сатып алмайды.
Ақша табудың ең басты қасиеті – төзімділік. Көбінесе адамдар шыдамайды, инвестицияны қазір салады да, бағасы төмендей бастаса ақшасын биржадан шығарып алады. Инвестор болған соң кем дегенде 5 жылға дейін шыдаймын деп келу керек. Сол кезде ғана табыс болады. Кредитке, қарызға алған ақшаны инвестицияға жұмсауға болмайды. Еңбекпен тапқан ақшаны ғана инвестицялау керек. Қарызға алып, процентке кіріп кеткендер инвестиция саласында зардап шегеді. Біз осының бәрін үйретеміз.
Жаңа мамандық – стартап-промоутер
Нарықта стартап-промоутер деген жаңа мамандық енгізіп жатырмыз. Риэлтор мүлікті сатумен айналысады және көмектескені үшін пайызын алады. Промоутер идеяңызды инвесторға жеткізеді. Идеяңызды бірнеше стартапер бірнеше тілде дамытып, жарнамалайды. Бірнеше жас санатына бөлдік. 12 жастағы жасөспірімдерден бастап жұмыс істейміз.
Әр маман бірінші кезекте өзінің жеке тұлғасын дамытады. Әртүрлі тақырыпты талқылайды. Өз саласын зерттеп, қаншама ақпарат алады. Уақыт өте келе қалай өскенін білмей қалады.
Кез клеген бизнесті тұтынушыға жеткізу үшін ең бірінші көп қаражат кететін жүйе ол – маркетинг. Жарнамаға 90% қаржы кетеді. Қазір университеттермен тығыз қарым-қатынастамыз. Студенттерден "кім боласыздар, кәсіп ашуға қандай жоспарларыңыз бар?" деп сұрағанда 100 адамның екеуі ғана қолын көтереді. 98% әлі күнге дейін "диплом аламын, жұмысқа тұрамын, жалақының құлы боламын" деген ХХ ғасырдың ойымен жүр. Екі проценті ғана бизнес ашамын дейді. Біздің мақсатымыз бұл статисткианы тым болмаса 50/50 өзгерту.
Жұмыссыздық күннен күнге артады. Қаншама маман оқу бітіреді, олардың бәрін жұмыспен қамтамасыз ету мүмкін емес. Жұмыс орын ашатын кәсіпкерлер көбейуі тиіс.
Мен үшін ақша – идея
Алдағы он жылда өзімді миллиардер ретінде елестетемін. Миллиардер болған азаматтарды оқимын, зерттеймін. ХХІ ғасырда миллиардер болу әбден мүмкін. Стартаптарды дамыту арқылы 20 млрд АҚШ доллары көлемінде капитализациямыз болады деген жоспар бар.
Ақша мен үшін – идея. Бәлкім бұған 15 жасымда қолыма түскен кітап себеп болған шығар. Ол кітапты оқыған соң ой-өрісім кеңейіп, өзгердім.
Киосакидің барлық кітабын оқып шықтым. Басты идеясы "ақша бұл – жәй ғана идея". Ақша үшін бір-бірін өлтіріп жатады ғой, қазір ондай заман емес. Идеяң болса ақша жасауға болады. Содан кейін идеяңды қолдайтын бір ойдағы адамдар пайда бола бастайды.
Кейде өмірдің мәні неде деп ойлайсың. Өмірдің мәні – ұрпақ қалдыру. Кәсіптің құлағын ұстап, өсіп келе жатқан балалар дұрыс жолмен жүрсе дейсің. Ең басты мақсат – елімнің дамуына үлесімді қосу. "Мемлекет саған не істей алады емес, сен мелмекетке не істей аласың" деген жөн. Адам болған соң қоғамға пайдаң тиюі керек. Ата-аналар, балаларыңызды жас деп ойаламаңыздар, қазірден ІТ саласына беріңіздер.
Назерке АБИБУЛЛА,