13 нау, 2019 сағат 10:38

ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті допингке қарсы ЮНЕСКО-мен бірлесіп күреспек

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті мен ЮНЕСКО ынтымақтастық туралы келісім жасасты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Құжатқа ҚР ҰОК бас хатшысы Сәкен Мұсайбеков және ЮНЕСКО-ның Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан бойынша кластерлі бюросының директоры Криста Пиккат қол қойды.

ҚР ҰОК-дан мәлім еткендей, меморандум - Орталық Азияда қабылданған алғашқы құжат. 

Меморандум аясында допингпен күрес кезінде күш біріктіріп, дене тәрбиесі мен спортты насихаттауға мән берілмек. Одан бөлек, қазақстандықтар арасында олимпиадалық қозғалысты дамытуға, жалпыға ортақ және теңдей спортты қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ, көпшілікке арналған спорт, білім және гендерлік теңдік жөніндегі бірлескен жұмыстардың негізгі бағыттары да белгілі болды. 

«Таза спортшыларды қорғап, допингпен күресу әлемдік Олимпиада қозғалысының, оның ішінде Қазақстанның да басты мүдделерінің бірі. Олимпиада хартиясы, Бүкіләлемдік допингке қарсы кодекс пен Спорттағы допингпен күресу жөніндегі халықаралық конвенция допингпен күрес жолындағы басты құжаттар саналады. Айта кетелік, Бейжің Олимпиадасы ЮНЕСКО аясындағы Допингпен күрес жөніндегі халықаралық конвенция күшіне енген соң өткізілді. Қазақстан бұл құжатты 2009 жылы ратификациялады», - делінген хабарламада.  

Сәкен Мұсайбековтің айтуынша, ҚР ҰОК халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасты нығайтуға үлкен көңіл бөледі.

«Оның үстіне, Халықаралық Олимпиада комитеті мен ЮНЕСКО қарым-қатынасының кірпіші баяғыда қаланған. Көптеген салаларда бір-біріне қолдау көрсетеді. Біз өз еліміздегі әріптестікті дамытып, көрсетілген бағыттар бойынша белсенді түрде қызмет етуге дайынбыз. Бүгіннен бастап ресми түрде әріптес атандық. Бұл қадам біздің бірлескен жұмысымызға жаңа серпін беріп, ортақ мақсатқа жету жолында көмектесері сөзсіз», - деді ол.

Криста Пиккаттың атап өтуінше, ЮНЕСКО үшін спорт жай ғана жарыс немесе дене тәрбиесі емес. Спорт - толерантты, әділетті және бейбіт қоғам қалыптастырудағы негізгі құралдардың бірі. Ол адамдарды жынысы мен сеніміне, нәсіліне қарамастан біріктіреді.

«Арамыздағы әріптестік спортты дамытуға жаңа күш беріп, Қазақстандағы олимпиадалық қозғалысты насихаттай түсері анық», - деді ол. 

Айта кетейік, бүгінге дейін ҚР ҰОК мен ЮНЕСКО-ның бірнеше бірлескен жобасы іске асырылды.

Соның бірі - өткен жылдың аяғында ұйымдастырылған «Girls Power"»Women Athletes' Career Transition Program» бірлескен семинар-тренингі. Бағдарлама спортшы қыздар мен спорттық мансабын аяқтаған немесе аяқтауға жақын жандардың өзге де әлеуметтік салаларға ауысуына бағытталған. Қазақстанда алғаш рет өткізілген жоба атлеттер тарапынан үлкен қызығушылық тудырғандықтан, болашақта да жалғасын табары сөзсіз.  Еске салайық, қазақтың ұлттық ойыны «Асық ату», «Қазақ күресі», сондай-ақ сұңқармен аң аулау саятшылық өнері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енген.