11 мау, 2019 сағат 09:47

ҚР Үкіметінде 2019 жылғы қаңтар–мамырдағы бюджеттің атқарылу қорытындылары шығарылды

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы аясында ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов осы жылдың 5 айындағы мемлекеттік бюджеттің атқарылу қорытындылары туралы баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, 5 айдың қорытындысы бойынша бюджеттің барлық деңгейлерінде кірістердің өсуі байқалады: мемлекеттік бюджетте — 115%, республикалық бюджетте — 119% және жергілікті бюджетте — 106%.

Есепті кезеңде мемлекеттік бюджетке 3,8 трлн теңге сомасында табыс түсті, бұл жоспардың 105,4% құрады. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда, бюджет табыстары 510 млрд теңгеге артты. Жоспар 2,7%-ға немесе 73 млрд теңгеге асыра орындалды.

«Асыра орындау негізінен салықтар есебінен қамтамасыз етілді. Бұған келесі басты факторлар ықпал етті: экспорттық кеден салығының мөлшерлемесінің өсуі және бірқатар салаларда тауарлар мен қызметтер өндірісінің артуы», — деді Ә. Смайылов.

Табыстарды әкімшілендіруде негізгі назар бұзушылықтардың жоғарғы тәуекеліне ұшырайтын салық төлеушілерге аударылды. Бұл жұмыс тәуекелдерді басқару жүйесінде камералық бақылау аясында жүргізілді. Камералық бақылау нәтижелері бойынша хабарламалар саны 2 есеге артты. Соның нәтижесінде өтеудің үлес салмағы 86%-ға жетті немесе оның үлесі 7%-ға артты. Бюджетке қосымша 31 млрд теңге түсті.

Жергілікті бюджеттер табыстары бойынша жоспар 120 млрд теңгеге асыра орындалып, 1,2 трлн теңгені немесе 113,4% құрады.

2018 жылдың бес айымен салыстырғанда шығыстарды орындау жақсарды. Республикалық бюджет шығыстары 4,9 трлн теңгеге игерілді. Өткен жылдың 5 айымен салыстырғанда шығыстар 1,2 трлн теңгеге артық жүргізілді.

ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов орталық және жергілікті органдар тарапынан мемлекеттік сатып алулар рәсімдерін уақытылы аяқтаудың маңыздылығын атап өтті.  

Сондай-ақ, Ә. Смайылов мемлекеттік аудит және камералық бақылау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. 5 айда 1 462 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен 292 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. 48 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізу, қызмет көрсету және жұмыстарды орындау арқылы жалпы 39 млрд теңге сомасына қаражаттар өтелді. Аудит объектілеріне қызметті жетілдіру және тиімділікті арттыру бойынша 1 170 ұсыным берілді. Олардың 669-ы орындалды. Қалғаны бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

4,5 трлн теңге сомасына камералық бақылаумен 676 мың мемлекеттік сатып алулар қамтылды. Тексерулердің нәтижесінде 261 млрд теңге сомасына 13 593 рәсім бойынша мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзушылықтар анықталған. Аудит объектілеріне бұзушылықтарды жою туралы 13 478 хабарлама жіберілді. Соның нәтижесінде, 215 млрд теңге сомасына бұзушылықтарға жол берілмеді. Олар конкурстардың қорытындыларының шешімдерін болдырмау және конкурс құжаттамасына өзгерістер енгізу арқылы шешілді.