16 ақп, 2021 сағат 16:52

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы: Швейцарияда мерейтойлық пошта маркасы шықты

Қазақстанның Швейцариядағы Елшілігінің бастамашылық етуімен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мерейтойлық пошта маркасы шығарылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Сыртқы істер министрлігінен мәлім еткендей, пошта маркалары Елшіліктің күнделікті хат-хабарларында, сондай-ақ кәдесый ретінде пайдаланылады.

Швейцарияда қазіргі заманғы цифрлық технологиялар мен электронды қызметтердің жоғары дамуына қарамастан, пошта-корреспонденциясы қоғам өмірінде маңызды орын алады.

Карантин кезеңінде Швейцарияда онлайн-сауданың артуына байланысты пошта қызметтерін пайдалану бірнеше есе өсті. Сыйлықтар, тауарларға тапсырыс, хаттар салынған конверттер – бүгінгі күні пошта қызметі арқылы сәлемдемелер мен конверттердің көптеген саны өтіп жатыр.

 

«Қазіргі уақытта біз күн сайын миллионнан астам сәлемдеме өңдейміз. Бұл - Post тарихындағы абсолютті рекорд», – деп атап өтті Swiss Post баспасөз өкілі Жаклин Бюлман.

Жалпы алғанда, Швейцариядағы почта және пошта маркаларының тарихы орта ғасырлардан бастау алады және әлемнің түкпір-түкпіріндегі филателистердің назары мен қызығушылығын туғызуда.