11 ақп, 2019 сағат 17:55

ҚР СІМ отандық костюмдер тігетін кәсіпорындардың тізімін жасауға кірісті

ҚР Сыртқы істер министрлігі отандық костюмдерді тігетін кәсіпорындардың тізімін жасауға кірісті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, аталған тізім бойынша отандық киім-кешекті сатып алуға міндет қойылмайды. Аталған құжаттың ұсынымдық сипаты болады.

«Қазіргі кезде отандық костюмдерді тігетін және сататын кәсіпорындарың тізімін жасап жатырмыз. Соны барлық дипломаттарға таратамыз. Олар өз қалаулары бойынша сол жерге барып, киінетін болады. Негізі, отандық костюмдердің сапасы шетелдік өнімдерден еш кем емес. Мәселен, мен өзіме жақсы бір костюмді таңдап алдым. Әйтпесе, шетелден келетін өнімдедің бағасы тым қымбат. Енді, тасымалдау шығындары бар, салықтар, дүкеннің жалға алып отырған жері және тағысын тағы. Ал өзімізде тігілген костюмдер әлдеқайда арзанға шығады», - деді А.Смадияров журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, отандық костюмдердің бағасы 20-140 мың теңгенің айналасында. «Мысалы, мен кеше өзім «Алтын адам» компаниясына бардым. Костюм сатып алдым. Қазір оларда маусымдық жеңілдік болып жатыр. Соған байланысты костюм бағасы жеңілдікпен 85 мың теңгеге шықты. Ол жерде бағалар 20 мың теңгеден басталып, 120-140 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Сапасы өте жақсы. Шетелден келген тауардың жолы тағы басқа шығындары бар. Бізге келгенше қымбаттайды. Келесі жолы сол костюмді міндетті түрде киіп келемін. Қазірдің өзінде киіп тұрған галстугым - отандық өнім. Бұдан бөлек, өзімізде жақсы аяқ киімдер де тігіледі. Алматыда, Шымкентте біраз жігіттер осы кәсіппен айналысады екен. Өздері жасайды, өздері сатады», - деп атап көрсетті А.Смадияров.

Еске салайық, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық кәсіпорындарға қолдау көрсету қажеттігі туралы бірнеше рет айтқан болатын. Бұл мәселені 2018 жылдың қазанында кезекті Жолдауын жариялау кезінде де көтерді.