30 қаң, 2019 сағат 15:14

ҚР Президенті мемлекет дамуының басты критерийін атады

Табыс пен өмір сапасы мемлекет дамуының басты критерийі болады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы мемлекеттік және әлеуметтік саясатты жүйелі қайта қарай бастадым. Алғашқы қадам жасалды. Бұл - 5 әлеуметтік бастама. Таяудағы Жолдау мен жастарға арналған әлеуметтік пакет барлық қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталады. Бүгінде барлық ел бірдей мұндай әлеуметтік шығыстарды өсіріп, біз жүргізіп отырған жұмыстарды атқара алмауы мүмкін. Сондықтан барлық мемлекеттік қаражат барынша тиімді пайдаланылуы тиіс, оларға бақылау болуы қажет», - деді Елбасы.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан дамуының басты критерийлерін атады.

«Кіріс пен өмір сапасы сынды екі көрсеткішті мемлекет дамуының басты критерийі деп жариялаймын. Барлық экономика және біз жасап жатқанның барлығы түптеп келгенде адамдарға арналған. Әрбір министр мен әкімнің жұмысын осы көрсеткіштерді жүзеге асыруы бойынша бағалау керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.