24 сәу, 2019 сағат 17:03

ҚР ИИДМ комитет басшысы ауыз су бағдарламасына қатысты сынға пікір білдірді

Сенат спикері Дариға Назарбаева жақында ауыз су бағдарламасының жүзеге асырылуын сынға алған болатын. Бұл сынға қатысты қандай жұмыс атқарылатынын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мархабат Жайымбетов бұл жұмыстарға қатысты кемшіліктер барын жасырған жоқ.

«Негізінен қомақты қаражат бөлінді, ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Алдымен, «Ақбұлақ» бағдарламасы, кейін «Ауыз су» бағдарламасы қолға алынып, енді аймақтарды дамыту бағдарламасы осы жұмыстарды жалғастыруда. 590 млрд теңге бөлінді, 940 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Бұл айтарлықтай көп жұмыс екенін айта кету керек. Әлбетте, кемшіліктер жоқ емес, аяқталмай қалған нысандар бар. Бірақ, уақыт өте келе бәрі шешілуі тиіс», - дейді Мархабат Жайымбетов.

Оның айтуынша, 2019 жылдың қорытындысы бойынша ауылды жерлерде орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділікті ауылдар саны бойынша 62 пайызға дейін, ал тұрғындар саны бойынша 88 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр.

«Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламада бюджет қаражатын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында сумен жабдықтау және су тарту жобаларын жоспарлау, іріктеу және іске асыру бойынша жүйелі тәсіл күшейтілді: құжаттарға қойылатын талаптар толықтырылды, барлық өңірде (Жамбыл облысынан басқа) 2025 жылға дейінгі ауылды жерлерге қатысты кешенді жоспарлар әзірленді. Негізгі талаптар мен басымдықтар нақтыланды», - дейді ол.

Еске сала кетсек, осыдан екі күн бұрын сенаторлардың орталық атқарушы және жергілікті өкілетті органдары басшыларымен кездесуі барысында Сенат спикері Дариға Назарбаева ауыз су бағдарламасының жүзеге асырылуын сынға алған болатын.

«Өңірлерді ауыз су бағдарламасының ету үшін тәуелсіздік алғалы 540 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бірақ, көптеген елді мекендерде халық таза ауыз суға қол жеткізе алмай келеді. Осы ауыз су бағдарламасы «Бермуд үштағаны» сияқты, қаржы жұмбақ жолмен жоғалып кетеді. Неліктен?», - деген еді Дариға Назарбаева.