18 мау, 2021 сағат 23:18

ҚПЛ: «Астана» он бірінші жеңісіне қол жеткізді



Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің он алтыншы турының алғашқы ойын күні аяқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".


Бұдан бұрын Оралдың «Ақжайығы» сырт алаңда Петропавлдың «Қызылжарынан» 1:0 есебімен басым түскенін хабарлаған едік.

Одан кейінгі кездесуде Қарағандының «Шахтері» «Тараз» командасын қабылдады. Ойын тағдырын шешкен жалғыз голды қарағандылық Алан Чочиев 21-минутта өз еншісіне жазды. Осылайша «Шахтер» жеті ойынға созылған сәтсіздіктер сериясын тоқтатып, қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті.


Елордалық «Астана» сырт алаңда «Атырауды» 2:0 есебімен тізе бүктірді. Екі голды да Марин Томасов соқты. Нәтижесінде ол биылғы біріншілікте соққан голының санын 11-ге жеткізді.


Ал Шымкенттің «Ордабасы» клубы өз алаңында «Ақтөбеге» 0:1 есебімен жол берді. Кездесу тағдырын шешкен, 80-минутта соғылған голдың авторы - Юрий Логвиненко.


Аталған турдағы қалған үш ойын 19 маусымда өткізіледі. Бұл күні «Тобыл» (Қостанай) мен «Жетісу» (Талдықорған), «Каспий» (Ақтау) мен «Қайсар» (Қызылорда), «Тұран» (Түркістан) мен «Қайрат» (Алматы) кездеседі.