03 қар, 2019 сағат 15:11

ҚПЛ: «Астана» бесінші жыл қатарынан чемпион атанды

Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінде елордалық «Астана» бесінші жыл қатарынан чемпион атанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл турдағы басты кездесу Қостанай қаласында өткізілді. Жергілікті «Тобыл» елордалық «Астананы» қабылдады.

Екі команда үшін де бүгінгі ойынның маңызы зор еді. «Астана» чемпиондыққа үміткер болса, «Тобыл» үшінші орын үшін бәсеке көрігін қыздырып келеді. Дегенмен аталмыш ойында елордалық клубтың жолы болды. Олардың қатарынан 37-минутта Юрий Логвиненко қақпаны дәл көздеді. «Астана» осылайша қостанайлық клубты 1:0 есебімен жеңіп, бір тур бұрын чемпиондық атаққа қол жеткізді.

Чемпиондыққа үміткер команданың бірі - Алматының «Қайраты» бұл жолы сырт алаңда Павлодардың «Ертіс» командасымен кездесті. Ойын барысында алаң иелері тәп-тәуір ойын көрсетті. Нәтижесінде 38-минутта Сұлтан Сағынаев, 62-минутта Жереми Манзорро мергендік танытты. Одан кейін павлодарлық клуб сапынан Милош Стаменкович, Арман Кеңесов, Карлос Фонсекалар тағы да үш гол соқты. Нәтижесінде «Қайрат» қарсыласынан 0:5 есебімен жеңіліп, биылғы доп додасында күміс медальді қанағат тұтты.

Қазіргі уақытта үшінші орын үшін сайысқа түсіп жүрген Шымкенттің «Ордабасы» клубы сырт алаңда «Атырау» командасымен сынға түскен еді. Бұл кездесуде атыраулық Петр Гжельчак 12-минутта шымкенттік клуб қақпасын дәл көздесе, оған шымкенттік шабуылшы Жоао Поало 42-минутта бір голмен жауап қайырды. Одан кейін шымкенттік шабуылшы Алексей Щеткин 87, Зики Бадибанга 90-минутта гол соғып кетті. Осылайша «Ордабасы» қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсті. Айта кетерлігі, «Атырау» командасы турнир кестесіндегі жағдайын жақсартуға күш салып келеді. Олар қазір 11-орында тұр. Бұл орындағы команда чемпионат біткенде бірінші лигаға түсіп қалады. Сондықтан атыраулық клуб 10-орын үшін «Тараз» командасымен тартысқа түсіп жүр.

«Тараз» командасы бүгін өз алаңында Қызылорданың «Қайсар» командасымен кездесті. Алаң иелері кездесу барысында жақсы ойын өрнегін көрсетті. Олардың қатарынан 12-минутта Әлішер Сүлей есеп ашса, қызылордалық команда қатарынан 30-минутта Андре Букиа таразы басын теңестірді. Ал 46-минутта «Тараз» 46-минутта Бекзат Шадманов қайтадан өз командасын алға шығарды. Ойында тараздық клуб 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Сондай-ақ, бүгін «Ақтөбе» өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдады. Бұл ойында ақтөбелік клуб сапынан Александр Кицак 29, Абат Айымбетов 32, 62-минуттарда гол соқса, «Шахтерден» Иван Пешич 46, Артур Режиналдо 58-минутта екі голмен жауап қайырды. «Ақтөбе» қарсыласынан 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Бұл турдағы Көкшетаудың «Оқжетпесі» мен «Жетісу» командалары арасындағы кездесуде 1:1 есебімен тіркелді. Голдарды көкшетаулық клуб сапына 78-минутта Санат Жұмаханов, талдықорғандықтар қатарынан Мартин Тошев 75-минутта өзінің еншісіне жазды.

Енді соңғы тур ойындары 10 қараша күні өткізіледі. Бұл күні «Астана» мен «Ертіс», «Жетісу» мен «Шахтер», «Қайрат» пен «Атырау», «Қайсар» мен «Оқжетпес», «Ордабасы» мен «Тараз», «Тобыл» мен «Ақтөбе» командалары кездеседі.