04 қаз, 2024 сағат 10:33

Қожаев Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары лауазымынан сенат депутаты қызметіне ауысты

Фото: Түркістан облыстық ПД

Марат Қожаев ішкі істер министрінің бірінші орынбасары лауазымынан босатылып, президент жарлығымен сенат депутаты болып тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда.

"Мемлекет басшысының өкімімен Марат Шәдетханұлы Қожаев Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары лауазымынан босатылды. Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Шәдетханұлы Қожаев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды. Сонымен қатар ол президент жарлығымен парламент сенатының депутаты болып тағайындалды", - делінген президент қол қойған жарлықта.


ІІМ сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Марат Қожаевтың жоғары білімі бір, 1989 жылы КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін, 2001 жылы ҚР ІІМ Академиясын тәмамдаған.

1984 жылдан бастап Алматы облысы ІІБ Қаскелең ауданының ІІБ уақытша ұстау изоляторының милиционері болды. 1989 жылдан 2001 жылға дейін тергеу қызметінде, оның ішінде Алматы облысы ІІБ басшылық лауазымдарында жұмыс істеді.

2004 жылдан 2009 жылға дейін Алматы қаласы ІІД бастығының орынбасары 2012 жылғы ақпаннан бастап ІІМ Тергеу комитетінің төрағасы болды. 2014 жылдың қыркүйегінен Павлодар облысы ІІД бастығы болып жұмыс істеді. 2017 жылғы желтоқсаннан бастап Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана) қаласы ПД бастығы болды. 2019 жылғы 6 сәуірден бастап Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары болған.

Ал сенат депутаты Ләззат Қалтаеваның өкілеті тоқтатылды. Президент баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекет басшысы сенатор Қалтаеваның өкілетін тоқтату туралы тиісті жарлыққа қол қойған.

Айта кетейік, Ләззат Қалтаева 2022 жылдың қаңтарында парламент Сенатының депутаты болып тағайындалған еді.