Фото: МТРК
Көктемге санаулы күндер ғана қалды. Бұл табиғатта ең әдемі, ең көңілді мезгіл болғанымен, адамзатқа онша оңайға соға бермейді. Өйткені жыл сайын көктемде су тасқыны, қар көшкіні сияты мәселелер елді елең еткізіп тұрады. Енді қар еру маусымы басталады, еріген қар суы да табиғаттың қаншалықты таза екенін айқындайды. Себебі қыс бойы аппақ қар астындағы қоқыс көзге тіптен анық көріне бастайды. Осы орайды Ult.kz тілшісі экологиялық іс-шаралардың маңыздылығын анықтап көрді.
Мәселен, «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы 2024–2029 жылдарға арналған. 2025–2027 жылдары қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жобалары іске асырылады. Ол жоба көмілетін қалдық көлемін азайтуға және қайта өңдеу үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Экобелсенді Мөлдір Бегімбеттің айтуынша, экологиялық іс-шара деген саябақ тазалау емес, оның негізі басқада.
Фото: Мөлдір Бегімбеттің жеке мұрағатынан
«Мұндағы негізгі ой – айналаны ластамау. Әр адам қоғамдық жерде және үйде қалдықты тастаудың дұрыс дағдысын қалыптастырса деймін. Көшеде келе жатқанда босаған бөтелкеңді қоқыс жәшігіне сал. Жай ғана лақтырып кету адамдыққа жатпайды. Осы қарапайым ережені сақтамағандықтан, жаппай тазалау жұмыстары көбейеді. Тауға, табиғат аясына шықтың ба – неге ол жерді былғап кетуің керек?! Өзіңмен бірге апарғаныңды өзіңмен бірге алып қайту неге адамға қиын екенін кейде түсінбеймін. «Таза Қазақстан» акциясы – жай жалаң ұран сөз емес, өзекті экологиялық проблемалардың алдын алуға, түп тамырын жоюға бағытталса керек», – дейді экобелсенді Мөлдір Бегімбет.
Оның сөзінше, ол үшін, әрине, жаппай білім керек. Насихат жұмыстары сол экологиялық мәдениет қалыптастыру үшін маңызды. Алда көктем келе жатыр, жалпы «қар еріген соң дала тазара ма?» деген сауалға белсендінің жауабын жоққа шығара алмайтынымыз рас. Айтуынша, бұл кезде қар астында жатқан қоқыстар көріне бастайды.
«Қар еріген соң, бетперде шешіледі десе де болады. Өйткені қар астында жатқан қоқыстар көріне бастайды. Айналаның бәрі кепкен соң, көшеде қоқыстың шашылып жатпауы маңызды екені анық. Полигондардағы түрлі қалдықтар күн жылынғанда еріп, улы химикаттар пайда болады. Тыныс алу жүйесіне қатысты аллергия секілді аурулар өршиді. Айналып келгенде барлығы қоқыс полигонындағы қалдықты азайту жұмысына келіп тіреледі. Бұйыртса, осы «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы аясында өңдеу зауыттары көбейсе деп отырмыз. Сұрыптау әдетін қалыптастырып, қалдықтарға екінші өмір сыйлау арқылы аралас жарамсыз қалдықтың көлемін азайта аламыз. Жалпы, сенбілік деген бар және эко-сенбілік бар. Біріншісі, тезірек тазалық жұмыстарын бітіріп кетуге асығатын адамдарды ғана жинайды. Ал эко-сенбілікте жерде жатқан қалдықтарды 3 түрге бөліп жинайды. Сұрыптап жиналған қалдықтарды арнайы экопунктке өткізетіні тағы бар. Бұдан бөлек, іс-шараны экологиялық білімі бар адам ұйымдастырады. Жиын кезінде адамдарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, экологиялық білім алып қайтуға ықпал етеді. Тіпті өзара жарыс ұйымдастырып, демеушілер тарапынан кішігірім ынталандыру сыйлықтарын үлестіріп жатады. Форматы да тамаша, пайдасы да мол. Сондықтан тәжірибелі экологтердің қатысуымен өтетін іс-шараларды көбейту керек. Іш пыстырарлық бағыт бізге нәтиже әкелмейді», – дейді Мөлдір Бегімбет.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы шеңберінде 2024–2029 жылдар аралығында «Жасыл балабақша» және «Жасыл мектеп» бағыттары іске асып жатыр. Яғни сәби шағынан экологиялық білімді санаға сіңіру маңызды екені айқындалды. «Жасыл мектеп» жобасында тәжірибелік сабақтар қарастырылған. Экобелсендінің айтуынша, мұндайда тек сабақтар ғана емес, арнайы экология пәнін қосқан жөн. Бұл әрі экологтерге педагогтік мәртебе беретін де жоба болар еді.
Ақбота Мұсабекқызы