Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында маңызды әрі бүкіл халықтың тұрмысына әсер ететін мәселені көтерді. Яғни салық жүйесін реформалауды тапсырды. Қазір Қазақстанда салық мөлшері 12 пайыз болып белгіленген. Экономика министрі Серік Жұманғариннің сөзінше, елде жиналатын жалпы салықтың 24 пайызы осы – қосылған құн салығы. Мұның аз екенін айтқан Үкімет басшысы салық мөлшері 20 пайызға дейін өсуі мүмкін екенін ескертті. Осы орайда Ult.kz тілшісі қосымша құн салығы туралы мамандардан сұрап көрді.
Кімдер төлейді?
Ресми дерек бойынша, қазір елде тіркелген 2,3 млн-нан астам салық төлеуші бар. Министрдің сөзінше, оның 4 пайызы ғана, яғни 88 мыңы қосылған құн салығын төлеп жүр. Бұған осы салықты төлеуге міндеттейтін шек тым жоғары екені себеп.
«Яғни, салықтың бұл түрін жылдық тауар айналымы 78 млн теңгеден асатын тұлғалар ғана төлейді. Біз осы шекті мөлшерді 15 млн теңгеге түсіруді ұсынамыз. Елдегі шағын және орта бизнестің 80 пайызы осы шамада табыс тауып отыр. Қосымша құн салығы мөлшерін көтеретін болсақ, жұмыс берушінің әлеуметтік салығы мен міндетті зейнетақы жарналарын алып тастау арқылы жалақы қорына түсетін жүктемесін орташа есеппен 10 пайыздан 30 пайызға дейін төмендетуге дайынбыз. Бюджет бұл шығынды өтей алады», – деді Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Егер үкімет ұсынып отырған жоспар іске асса, онда ҚҚС (қосымша құн салығы) төлейтіндер қатарына 300 мыңға жуық салық төлеуші жаңадан қосылмақ. Үкімет бюджет-салық реформасының нәтижесінде қазынаға қосымша 6-7 трлн. теңге қаржы түседі деп үміт артып отыр.
Қосымша құн салығына мысал
Қазір кәсіпкер үш жылдан бері үш подъезді тұрғын үй кешеніне қызмет көрсетіп, тазалық жұмыстарына ай сайын 602 мың теңге алып отыр.
• Келісімшарт сомасы: 602 000 теңге
• Жеңілдетілген салық (3%): 18 060 теңге
• Үш қызметкердің жалақысы (салықпен): 465 000 теңге
• Шығын материалдары: 25 000 теңге
• Пайда: 93 940 теңге (рентабельділік 15,6%)
Ал бұл цифрлар жаңа қосылған құн салығын 20%, айналым салығы 4% енгізілсе, жағдай қалай өзгеретінін салыстырып көрейік:
• Келісімшарт сомасы: 602 000 теңге
• Айналым салығы (4%): 24 080 теңге
• ҚҚС (20%): 120 400 теңге
• Қызметкерлердің жалақысы: 465 000 теңге
• Шығын материалдары: 25 000 теңге
• Нәтижесі: шығын -32 480 теңге
Яғни, кәсіпкер пайдасынан айырылып қана қоймайды – оның бизнесі пайдасыз болады.
Экономикадағы басты нәрсе – өндіріс
Экономист Атамұрат Шәменовтің пікірінше өндірісті дамытып, қазақстандық өнім, отандық тауарлар шығару керек. Ол, әрине, қосымша құн береді.
Фото: stan.kz
«Бюджетке шикізаттан гөрі, оның бағасы қымбат болады да, бюджетке түсу одан да көп болады. Сондықтан осы жол - белгілі жол. Оның орындалуына келгенде біз шамалы тоқтап тұрмыз. Ал енді «Мұны кім істейді?», «Кім жүргізеді?» деген сұрақ туады. Қай елде болмасын, алпауыт, өркениетті елдердің өзінде де экономиканың 60-70 пайызын бизнес береді. Біздің Қазақстанда да осы бизнесті қолдап жүргенімізге 5-6 жылдың төңірегі болды. Ешқандай тексеру болмасын, салықтан жеңілдік болсын, басқа болсын дегендей. Бірақ осы жасап жатқан механизмдеріміз меніңше, жеткіліксіз болып тұр. Соған байланысты қаншама жеңілдіктер беріліп жатыр, неге қазақстандық тауарлар көрінбейді, неге тіпті технологиялық жағынан өте күрделі заттар емес, жай тауарлардың өзін Қазақстанда шығармасқа деп ойлаймын», – дейді Атамұрат Шәменов.
Экономистің ойынша, бизнесті қолдауда біз де "күрмек пен күрішті" ажырата білу керек. Яғни бизнес пен алып-сатуды шатастырмаған жөн.
«Шағын бизнестің ұмытпасам, жартысынан көбі қызмет көрсету болып есептеледі. Сауда-саттық деген сияқты. Осының барлығына біздің көзқарасымыз бір сияқты. Сондықтан осы нәрсенің өзін реттейтін құрал ол - экономиканы мемлекеттік реттеу. Міне, соны пайдалану меніңше, нашар. Өндіріс шығаратын, тауар шығаратын бизнеске шынайы қолдау керек. Ал алып-сатарлар, саудагерлерге шағын және орта бизнеске беріліп жатқан жеңілдіктерді азайту қажет. Сол уақытта ондай кәсіпкерлер де тауар шығаруға бет бұрыс жасайды деп ойлаймын», – дейді экономист Атамұрат Шәменов.
Салық қымбатшылыққа әкеледі
Ал салық жөнінде кеңесші маманның сөзінше, қосымша құн салығының дұрыс жағы да, бұрыс жағы да бар.
Фото: Айша Адырбектің жеке мұрағатынан
«Қосылған құн салығы жалпы, жанама салық түрі, қосылған құнның мемлекетке төленетін бөлігі. Бұрыс жағына 2026 жылы қабылданатын салықтық кодекске сәйкес 15 млн теңге шегі болатын болса, онда көптеген кәсіпкерлерге тиімсіз. Себебі 3 және 10 пайыз салықтан бөлек, үстіне тағы 20 пайыз салық төлеу қымбатшылыққа алып келеді. Ал дұрыс жағы: мемлекеттік бюджет толықтырылады және кейбір қаржылық мәселелер осы салық түрінен шешіліп, болашағымызға зор пайдасын тигізеді. Шағын және ортан бизнеске әрине, өзіндік бір қаржылай соққы болар. Дегенмен шешімін тауып, көрсетілетін қызмет пен тұтынатын қажеттіліктің бағасын өсіріп, бұл ситуациядан да шығуға болады деп ойлаймын. Яғни мемлекетке тиімді, шағын және орта бизнеске тиімсіз болуы мүмкін. Үкіметке бюджет әртүрлі тәсілдермен толықтырылады (зейнетақы, МӘМС, әлеуметтік төлемдер, айыппұл, салық, т.б.)», – дейді салық жөнінде кеңесші Айша Адырбек.
Айта кетейік, қазіргі таңда қосылған құн салығы мөлшері 12 пайыз болып белгіленген. Елде жиналатын жалпы салықтың 24 пайызы осы салық түрі.
Ақбота Мұсабекқызы