04 нау, 2021 сағат 16:50

Қостанай облысында екі зейнеткерді өлтіріп кетті

Қостанай облысындағы ауылдардың бірінен екі зейнеткердің мәйіті табылды.

Бұл туралы Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. 

«1 наурыз күні сағат 11:00-де Алтынсарин ауданының полиция бөлімінің кезекші бөліміне Алтынсарин ауданының Щербаково ауылындағы жеке үйден 84 жастағы ер адамның және 75 жастағы әйелдің мәйіті табылғаны туралы хабарлама түсті. Аталған фактіні полиция қызметкерлері ҚР ҚК 99 - бабының 2-бөлігі 1, 7, 8, 192-тармақтарының 3-бөлігі 4-тармағы бойынша тіркеген», - деп хабарлады полициядан. 

Оқиға орнына жедел-тергеу тобы, облыстық полиция департаментінің басшылығы шықты. 

Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында 31 және 32 жастағы күдіктілер анықталып, ұсталды. 

Олардың бірі зардап шеккендерді жақсы білетін болып шықты. Себебі бұрын осы ауылда тұрған. 

Күдіктілер облыс орталығынан ауылға зейнеткерлерді тонау мақсатында келген. Ақша талап еткен ер адамдар зейнеткерлерді пышақтап кеткен. 

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. 

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.