Қазақстанның автомобиль саласы рекордтарды жаңартуда. 2025 жылдың қарашасында 25,8 мың жеңіл автокөлік сатылып, бұл тарихи ең жоғары көрсеткішке жетті. Оның 7,8 мыңы Қостанайда құрастырылған Chevrolet көліктеріне тиесілі. Одан кейін Hyundai – 5,3 мың және Kia – 2 мың автокөлікпен келеді.
Жалпы алғанда, ағымдағы жылдың қаңтар–қараша айларында жеңіл автокөліктердің сатылымы 207,6 мың бірлікке жетіп, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,6%-ға артты. Бұдан бөлек, биылғы 11 айдың өзінде-ақ рекордтық 2024 жылмен салыстырғанда 1,2%-ға көп жеңіл автокөлік сатылды. Осылайша, өткен жылғы сатылым рекорды қазірдің өзінде жаңарды.
Отандық автозауыттар 2025 жылдың қаңтар–қараша айларында конвейерден 146,2 мың бірлік автокөлік техникасын шығарды, оның 132,7 мыңы – жеңіл автокөліктер.
Көшбасшы – Қостанай облысындағы Allur компаниясы: ағымдағы жылдың 11 айында 79,2 мың бірлік автокөлік техникасы өндірілді, бұл ел бойынша саланың жалпы өндірісінің 54,2%-ын құрайды.
Одан кейін Алматы қаласындағы Hyundai Trans Kazakhstan және Hyundai Trans Almaty зауыттары келеді – 48,5 мың бірлік. Автокөлік техникасының елеулі көлемі Шығыс Қазақстан облысындағы «СемАЗ» және Daewoo Bus Kazakhstan кәсіпорындарына (3,7 мың бірлік), Қарағанды облысындағы QazTehna-ға (2,1 мың бірлік) және Ақмола облысындағы «КАМАЗ-Инжиниринг» зауытына (1,1 мың бірлік) тиесілі.
Ағымдағы жылдың қарашасында автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісінің ақшалай көлемі 311 млрд теңгені құрады, ал қаңтар–қараша айларындағы жиынтық өндіріс 2 трлн теңгеден асты. Бұл 2024 жылдың он бір айымен салыстырғанда ақшалай мәнде 25,4%-ға көп (ИФО – 115,2%). Өндіріс көлемінің өсуі автопромның ел өнеркәсібі құрылымындағы рөлінің нығаюымен қатар жүруде. Қаңтар–қараша қорытындысы бойынша автомобиль өнеркәсібі бүкіл машина жасаудың 41,7%-ын қалыптастырып, саланың негізгі сегменті екенін айқын көрсетті. Сонымен қатар, автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісінің үлесі өңдеу өнеркәсібінде 7,5%-ға, ал жалпы өнеркәсіпте 3,7%-ға жетті. Бұл өнеркәсіптік өсімнің қосылған құны жоғары машина жасау және құрастыру өндірістеріне қарай ығысып келе жатқанын аңғартады.
Автомобиль өнеркәсібінің дамуына негізгі үлесті Қостанай облысы қосып отыр. Мұнда басты өндірістік қуаттар – Allur шоғырланған. Өңірге автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелердің жалпы өндіріс көлемінің жартысына жуығы тиесілі. Автопром облыстың өнеркәсіп құрылымында басым орын алады: оның машина жасаудағы үлесі 81,6%-ға, өңдеу өнеркәсібінде – 45,4%-ға, ал жалпы өнеркәсіпте шамамен үштен біріне жетті. Бұл саланы Қостанай облысының негізгі индустриялық драйверіне айналдырады.
Алматы қаласында да автомобиль өнеркәсібі мегаполис өндірісінің құрылымында елеулі үлеске ие. Қаланың машина жасауындағы автопромның үлесі 80,3%-ды, өңдеу өнеркәсібінде – 37,6%-ды, ал жалпы өнеркәсіпте – 32%-ды құрады. Бұл Оңтүстік астанада автокөлік құрастыру өндірістерінің жоғары деңгейде шоғырланғанын көрсетеді.
Сонымен бірге, республикалық деңгейде дәл Қостанай облысы автомобилестроение сегментінде айрықша ерекшеленеді. Өңірдің автопромына Қазақстандағы бүкіл машина жасаудың 20,5%-ы, өңдеу өнеркәсібінің 3,7%-ы және елдің жалпы өнеркәсіп өндірісінің шамамен 2%-ы тиесілі. Салыстыру үшін: қалған барлық өңірлердің жиынтық үлесі машина жасауда 21,2%-ды, өңдеу өнеркәсібінде 3,8%-ды және ел өнеркәсібінде 1,9%-ды ғана құрады. Бұл автопромның аумақтық тұрғыдан жоғары деңгейде шоғырланғанын айғақтайды.
Жалақы динамикасы автомобиль өнеркәсібінің экономикалық рөлінің өзгергенін көрсетеді. 2015 жылы автопромдағы орташа айлық жалақы* республика бойынша орташа деңгейден небәрі 5,3%-ға ғана жоғары болған. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша айырмашылық айтарлықтай өсті: саладағы орташа айлық жалақы елдік орташа көрсеткіштен шамамен 1,5 есе жоғары болып, 579 мың теңгені құрады (ел бойынша – 384,3 мың теңге).
Қазақстандағы ең ірі автомобиль кластері саналатын Қостанай облысында 2015 жылы автопромдағы орташа айлық жалақы өңірлік орташа деңгейден 0,3%-ға ғана төмен болған. Ал 2024 жылы ол облыс бойынша орташа көрсеткіштен 29,1%-ға, яғни 90,9 мың теңгеге артып, 402,9 мың теңгеге жетті (өңірлік орташа – 312 мың теңге).
*мұнда және бұдан әрі – шағын кәсіпорындарды қоса есептегенде.
Қостанай облысындағы автомобиль өнеркәсібінің дамуы өңірдің экономикалық белсенділігін едәуір күшейтіп отыр. Сала өнеркәсіп өндірісінің қомақты бөлігін қалыптастырып қана қоймай, қызметкерлердің табысын арттырып, өндірістік құрылым мен қосылған құнды нығайтуда. Автопром өңірлік экономиканың негізгі локомотивіне айналып, саланың шоғырлануы өнімділіктің өсуіне қалай ықпал ететінін және жалпы ел экономикасына әсерін айқын көрсетіп отыр.
