05 ақп, 2020 сағат 16:33

Көшербаев Ұлттық комиссияның отырысын өткізді

«Ақордада» Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы өтті. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен жиында бағдарламаны іске асырудың 2019 жылғы нәтижелері мен алда атқарылатын жұмыстың жаңа басым бағыттары қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекеттік хатшы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында айтылған бағдарламалық міндеттер аясында қазақстандық қоғамды рухани жаңғырту бойынша жоспарланған жұмыстар атқарылғанын айтты. Олар ұлттық бірегейлікті сақтауға, прагматизмге, білімнің салтанат құруына, сананың ашықтығына және Қазақстанның эволюциялық дамуына бағытталған 12 арнайы жобаға топтастырылған.

Қ.Көшербаев өткен жылды қорытындылау барысында қазақстандық бизнестегі әлеуметтік жауапкершіліктің айтарлықтай артқанын атап өтті. 2019 жылы тек қана «Туған жер» жобасының аясында демеушілердің көмегімен 60 млрд. теңге 1520 әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылыстары мен қайта жөндеу жұмыстарына жұмсалған. Оның ішінде мектептер, балабақшалар, спорт алаңдары, мәдени және медициналық мекемелер бар.

«Архив-2025» іс-шараларының кешенді жоспары қабылданды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен латын графикасындағы жаңа қазақ әліпбиін жетілдіру жұмыстары жүріп жатыр.

«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасының аясында 17 жұмыс тобы құрылып, әлемдегі таңдаулы кітаптарды іріктеу мен аудару жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылды. «Қазақстанның киелі географиясы» арнайы жобасын іске асыру арқылы республикалық маңызы бар 48 ескерткішке ғылыми қайта қалпына келтіру жұмыстары жасалды. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы шеңберінде жыл сайын қоғамның үздік өкілдері таңдалып келеді.

Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы бағдарламаны іске асырудың кейбір бағыттарына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Соның ішінде,  тұлғалық даму, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау және мемлекет пен қоғамның дамуы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуы керек.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағыттары бойынша барлық өңірлерде жұмысты жандандыру қажеттігіне ерекше екпін беріліп, және оның орындалуы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бақылауында болатыны айтылды.