Байтақ еліміздің болашағын баянды етуге қалтқысыз қызмет ету - әрбір азаматтың ортақ парызы. Бұл туралы «Қоғам және мемлекет: «Birgemiz» - 30 жылдық серіктестік пен даму» атты IX Азаматтық форумның жалпы отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Байтақ еліміздің болашағын баянды етуге қалтқысыз қызмет ету - әрбір азаматтың ортақ парызы, Отанымыздың алдындағы асыл борышы. Әрине кез келген мемлекет өзінің даму жолында барша азаматтың қабілеті мен қарымына, әлеуеті мен адалдығына мән беріп, азаматтық қоғамды ұйымдастыруға бағытталған байыпты саясат жүргізгенде ғана оң нәтижеге қол жеткізетіндігі белгілі. Бұл орайда Тәуелсіздік жылдарында елімізде азаматтық қоғамның орнығуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өлшеусіз еңбек сіңірсе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы игілікті жолды жалғастырып, үкіметтік емес ұйымдардың белсенді қызмет атқаруына жол ашып отыр», - деді Мемлекеттік хатшы.
Осы ретте ол мемлекет деген ұғымның өзі тағдыры мен талайы, мүддесі мен мүмкіндігі тоғысқан азаматтардың топтасуынан құралып, біртұтас ел құруға ұмтылған ұлттық құрылым екендігін атап өтті.
«Сондықтан біз азаматтың, қоғамның және мемлекеттің өзара үйлесімді және өрелі үндестікте өмір сүруіне мейлінше мүмкіндік беруіміз керек. Біз қоғам мен мемлекеттің арасына ала жіп тартып, азамат пен мемлекетті араздастыруды мақсат тұтатын бәзбір қағидаларға мүлдем қарсымыз», - деді Қырымбек Көшербаев.