18 қар, 2016 сағат 17:02

Көшбасшы кәсіпорынның қарымды қадамы ұзақ мерзімді мүдделерге бағытталған

«Мемлекет Үшінші индустриялық революция нәтижесінде пайда болатын секторларды ескере отырып, ұлттық компаниялар арқылы болашақтың экономикасын дамытуды ынталандыруы тиіс. Ұлттық индустрия біз өз елімізде өндіруге тиіс ең жаңа композиттік материалдарды тұтынуы керек».

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауынан

Өмірдің өзі көтерген «Тек қана алға!» ұранының қуаттылығына қайран қаласың. Ол бұрын-соңды болмаған өзгерістерге бастады. Мұндайда әрі-сәрі күй кешуге де уақыт болмай қалғандай. Мың бір мысал Көкшетаудағы «Тыныс» акционерлік қоғамының тынымсыз тіршілігінен анық байқалады. Одан да тереңірек айтсақ, Мемлекет басшысының Үшінші индустриялық революцияға қатысты тапсырмалары құдды осында жүзеге асып жатқандай жылы әсерге бөлейді.

Осы орайда, кәсіпорынның тағылымды тарихына аз-кем көз жүгірткен де дұрыс сияқты. Көкшетау мен қала тұрғындары тағдырында айрықша орны бар «Оттегімен тыныс алу аппаратуралары» зауытын салу жөнінде КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысы 1953 жылы қабылданғанымен, оның құрылысы 1959 жылы аяқталған еді. Сол жылы құрылыс ұйымдары мен кеніштерге 400 вагонетка жөнелтілген болатын. Бірақ, бұл зауыттың негізгі өнімі емес еді. Келесі жылы түпкі мақсат жолындағы медициналық жабдықтар шығарыла бастады. Ал, 1964 жылы мұнай-газ өндірісі үшін редукторлар, «КБ-1» клапандары, жоғары қысымға шыдас беретін тетіктер дайын­дау игерілді. Тіпті, балалар ойын­шықтары да зауыт белгісімен дайын­далып жатты.

Зауыт 70-80-жылдары ме­дициналық жабдықтарға қатыс­ты жұмыстарды жандандырып, қолдан тыныс алдыру аппара­тураларының жетілдірілген түр­лерін көптеп шығара бастады. Халықаралық стандарттардағы бұл өнімдер социалистік елдердің емдеу-профилактикалық меке­мелеріне, КСРО Қарулы күш­теріне жөнелтіліп тұрды. Мұнда жыл сайын 16 миллиард теңгенің өнімі шығарылатын. Осы жылдары 612 адам ордень-медальдармен марапатталды. Бұлардың қатарында КСРО Мемлекеттік сыйлығын алғандар да бар. Кәсіпорын көппәтерлі 15 тұрғын үй, 360 орындық жатақхана мен екі балалар бақшасын, басқа да әлеуметтік нысандарды пай­далануға берді. Әйткенмен, қайта құру құйындары осыншама алып кәсіпорынды мүлдем тәлтіректетіп тастағаны да көз алдымызда.

Тәуелсіз мемлекетіміздің өтпелі кезеңдегі табанды саясаты «Ты­ныс» атауын алған зауыттың шын мәніндегі тынысын ашты. Кәсіпорында 1996-2000 жылдары конверсиялық шаралар жүргізіліп, өндірістік бағыт өзгертілді. Халық шаруашылығына таразылар, есік құлыптары, өрт сөндіру құралдары, ыстық және суық су есептегіштер, газ ма­нометрлері,ауыл шаруа­шылығы үшін жылжымалы минералды тыңайтқыш шашқыштар және басқа бұйымдар шығару қолға алынды.

Қазақстан Республикасы Үкі­метінің индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасының өнеркәсіпті әртараптандыру бағытын жүзеге асыру мақсатында «Тыныс» акционерлік қоғамы 2003 жылы «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының құрамына енді. Бұл кәсіпорынның қайта түлеп, өрге басуындағы ұтымды қадам болды. Белгісіз мерзімге демалысқа жіберілген білікті маман-жұмысшылардың жүзінде жалын ойнады.

Зауыт ғаламат серпіліс құша­ғында еді. Араға бір жыл салып, яғни 2004 жылы акционерлік қоғамға халықаралық «TUY CERT» компаниясының сапа менеджменті жүйесіндегі «ISO 9001:2000» сертификаты тапсырылды. Бұл сол кездегі үлкен жетістік болатын. Қазіргі уақытта заманауи кәсіпорын қатарындағы «Тыныс» республикамыздың эконо­микалық өміріне белсене қатысушы ретінде әйгілі. Көкше зауыты бүгінгі таңда «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақ­телеком», «ҚазТрансОйл», «Қаз­ТрансГаз», «KEGOK» акцио­нерлік қоғамдары сияқты ірі компанияларға өнімдерін жет­кізеді. Сондай-ақ, «Улан-Удэ авиа­ция зауыты» ААҚ, «Қазан тікұшақ зауыты» ААҚ және «МИГ» РСК ААҚ-пен әріптестік бай­ла­ныс нығайып келеді. Жалпы, мұндағы экспорттық әлеует зауыт шығаратын өнімдердің тең жартысын құрайтынын білген жөн.

«Тыныс» тауар өндіру көрсет­кіштерін сатылап өсіріп келеді. Бас директор М.Керейбаев жетістік сыры өндірісті инновациялық технология жетегінде жаңғыртумен байланыстырады. Қажырлы еңбек ескерусіз қалмай, кәсіпорын 2005 жылдың қорытындысымен рес­­публика Үкіметінің «Сапа сала­сындағы табыстары үшін» сыйлығын иемденді.

dsc_0180

Акционерлік қоғамның басты бағыты ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы өндірісті қуаттандыру мен жоғары сұраныстағы өнім түрлерін молайтуды көздейді. Игі қадам 2005 жылы қолға алынып, «Таза ауыз су» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде диаметрі 10-нан 250 миллиметрді қамтитын полиэтилен құбырлары шығарыла бастады. Аталған өнім республикамыздың газ шаруашылығында да кеңінен қолданылуда. Германияның «Krauss Maffei» компаниясының жабдықтары орнатылған желіні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың іске қосуы зауыт өміріндегі елеулі оқи­ға саналады.

Сондай-ақ, «Тыныс» цехтарында салааралық және өңіраралық экономикалық интеграция талаптарына сай өрт сөндіру құ­ралдарының жетілдірілген алты түрі, теміржолшылар игілігіндегі 55 атаулы өнім мен авиация саласына қажетті 16 түрлі жабдықты дайындау іске асырылды. Зауыт 2007 жылдан Көкшетауда құрас­тырыла бастаған «КамАЗ» жүк автомобильдеріне қажетті жер­гілікті тетіктерді шығару тізбесін көбейтіп келеді. Медицина саласында өкпені оттегімен тыныс алдыруды қамтамасыз ететін жаңа «Көкшетау-4П», «АДРМ» аппараттары жасалып, сы­нақтан ойдағыдай өтті және ол республикамыздың емдеу-сауықтыру орындары мен Қарулы күштерінде қолданылуда.

«Тыныс» акционерлік қоға­мының ұзақ мерзімді стратегия­сы нақты жоспарларға негіз­деліп, инвестициялық жо­ба­лар­ға тартымдылығымен тұжы­рымдалған. Мұнда 2010 жылы «Диаметрі 560-1000 мил­ли­метрлік полиэтилен құбыр­лары өндірісі» деп аталатын бірінші жо­ба іске асырылды. «Даму-Өн­діріс» бағдарламасы аясында алғашында екінші дең­гейдегі банк­тің 16,5 пайыздық не­сие қаражаты жұмылдырылған болатын. Кейін пайыздық үстеме «Даму-Өн­дірістің» қайта қар­жыландыруы, «Бизнес­тің жол картасы-2020» бағ­дар­ла­масы­ның қолдауы және мем­ле­кеттік қаражаттар есебінен айтарлықтай төмендеді.

Келесі, «2012-2017 жылдар ара­лығында газдандыру моделі бойынша құю өндірісін игеру» жобасы да мемлекеттің қолдауы­мен ойдағыдай жүзеге асып келеді. Мұнда да «Даму-Өндірістің» алғашқы кезеңдегі 12,25 пайыздық несие үстемесі 8 пайызға дейін төмендегенін өндірістің тұрақты да сенімді жолға қойылғанымен байланыс­тыруымыз керек.

Бұрнағы жылдың қаңтарында «Бронды жилеттер өндірісі» инвес­тициялық жобасы өнім бере бастады. Қызметтің жаңа бағыт­тарына және өндірісті әрта­раптандыруға бағытталған жобаның құны 1247138 мың тең­гені құрайды. Ұмтылыс көп ұзамай тұтынушылар назарын аударды. Зауыт келісімшарт негізінде Қорғаныс министрлігіне алғашқы 2000 дана бронды жилеттерді жеткізді. Осы орайда, аталған келісімшарт бойынша 10000 дана өнім дайындау қажеттігін ескерсек, жобаға жұмсалған қаржы мерзімінен бұрын өтелетіндігін аңғаруға болады.

«Тыныс» АҚ басшылығы биыл-ғы жылдың жоспарында «Ма­талық емес (геотекстиль) материал­дар өндірісі» инвес­тициялық жобасын іске асыру қамында екен. «Қазақстан ин­жиниринг» ұлттық компаниясы жобаны пайызсыз несиемен қаржыландыру туралы шешім қабылдауы зауыт абы­ройын көтере түседі. Бұған қосымша, биыл ультрадыбыстық есептегіштердің, манометрлердің, резина-техникалық бұйымдардың жетілдірілген түрлерін кеңейту бағытында мақсатты жұ­мыстар атқарылмақ.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Біз әлеуметтік-маңызды стратегиялық функцияларды атқаратын және өзінің тиімділігін дәлелдейтін салаларды ғана қолдауға тиіспіз», деп атап көрсетті. «Тыныс» дәл осы ағымдағы кәсіпорын екен­дігін айғақтап отыр. Мұндай міндет ең алдымен экономикалық әлеуеттің артуымен жүзеге асырылады. Ұжым биыл 5083,8 миллион теңгенің өнімін өндіруді жоспарлап, былтырғыдан 10 пайыздық артық көрсеткішті межелесе,үстіміздегі жылдың алты айында 1594 миллион теңгенің өнімі шығарылып, жоспар 128 пайызға орындалды. Осы мерзімде алынған таза кіріс 161,4 миллион теңгені құрап отыр. Мұның өзі зауыттың әлеуметтік саясаттағы өнегелі қадамдарына жол ашатыны анық.

Қазір ұжымда 503 адам жұ­мыс істесе, оның 186-сы  – 30 жас­­қа дейінгі азаматтар. Бұл өзін­дік ерекшелігі бар кә­сіп­орын­ның кадрлық құра­мы­ның тұрақ­тылығын айқын­дайды. Соған қарамастан, өркен­деу бағы­­тындағы зауытта білікті кон­­структорларға, электрон­шы­ларға, күрделі электрме­ха­ни­калық жабдықтарды пайдаланушы және қызмет көрсетуші мамандарға сұраныс өсе түсуде. «Тыныста» жаңа қабылданған жұмысшыларды теориялық және өндірістік учаскелерде оқытуға 136 сағаттық уақыт бөлініп, қа­таң сынақ алынады. Сондай-ақ, «Ұстаздық», «Тәжірибеден өту» жүйесі енгізілген. Инвестициялық жобалардың іске асырылуына байланысты 20 маман Польша мен Ресейде, 70 кісі Қазақстанның әртүрлі оқу орындарында білімін жетілдіріп, қайта даярлықтан өтіпті. Жастардың кәсіби, әлеу­меттік-мәдени және рухани дамуына септік жасау мақсатында «Жас Тыныс» қоғамдық бірлестігі құрылғаны да құптарлық.

dsc_0193Жұмыс беруші мен ұжым арасындағы келісімшарт негізінде әлеуметтік қолдау шараларының ауқымы біршама кеңейтілген. Мәсе­лен, бала күтіміне байланысты демалыстағы ана 3 жыл бойы еңбекақымен қамтамасыз етіледі, сәбилі болған отбасына 100 мың теңгелік «бауы берік болсын» байланады екен. Бұған қоса, зауыт жұмысшыларына оннан астам бағытта қаржылай қолдау қарастырылған. Акцио­нерлік қоғамда «Қазақстан – менің мақтанышым!», «Ұлттық дәстүрлер», «Жігіт сұлтаны», «Күл­кі алаңы», «Мамандығы бо­йын­ша озат», «Үлгілі цех, бөлім» байқауларын қызықты өткізу дәс­түрге айналған. Бұл шаралар Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығы қарсаңында жаңа маз­мұнмен жандана түспек.

«Тыныстықтар» тағы да бір игі­лікті бастама көтеріп отыр. Биыл олар көп жылдардан бері ұмыт қалған тұрғын үй құры­лысымен айналысуды қолға алды. Қазір дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Амандық болса, зауыт жұмысшыларына 45 пәтерлік тұрғын үйдің кілтін тапсыру салтанаты да алыс емес сияқты.

Бақберген АМАЛБЕК,

«Егемен Қазақстан»

КӨКШЕТАУ