17 мау, 2020 сағат 05:00

Көшбасшы феномені

Астана күні мерекесімен қатар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жылдық мерейтойы да таяп келеді. Осыған орай біз еліміздің қалыптасуы мен дамуының тарихындағы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың рөлі туралы материалдар топтамасына жолашар ретінде саяси ғылымдар докторы, профессор М.Б.Қасымбековтің мақаласын оқырман назарына ұсынуды ұйғардық.

Қазіргі Қазақстанның негізін сал­ған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы На­зарбаевтың тұлғасы мен бірегей бол­мысына отандық ғалымдар да, ше­тел­дік зерттеушілер де әу бастан зор қызығушылық танытып, айрықша кө­ңіл аударып келе жатқаны мәлім. Мен өз мақаламда осынау маңызды тақы­рыпты тағы да қозғай отырып, Тұңғыш Президент тұлғасының тұтас ауқымы мен тереңдігіне оның Мемлекет басшысы ретінде қалыптасуына ықпал еткен түрлі факторларды өзара байланыста қарастырып, еліміздің игілігі жолындағы жасампаз қызметінің барысында жарқырай көрінген көшбасшылық қасиеттеріне лайықты талдау жүргізу арқылы ғана толыққанды баға беруге болатынын айрықша атап өткім келеді.

Уақыт таңдаған тұлға

XX ғасырдың соңында бұрынғы алып державалардың бірі – Кеңес Одағының күйреуінің салдарын ұзаққа созылатын алапат апатқа теңеуге болар еді. Сол кезде бұрынғы кеңестік республикалар қатарында Қазақстан да аса сирек бұйыратын тәуелсіздік алу мүмкіндігіне ие болды. Бүгінде алыста қалған сонау 1991 жылғы оқиғаның қуанышы жақсылыққа деген үмітті оятқанмен, ол алдағы болашаққа деген сенімсіздікпен, кейде тіпті үреймен де, түңілу сезімімен де сабақтасып жатты. Мұндай тағдыр сынға түскен шешуші сәтте билік тұтқасындағы білікті басшының жеке тұлғасы аса маңызды рөл атқаратыны анық.

Тарихтың өзі көрсеткендей, дамудың түрлі кезеңінде қоғамда қандай да бір мемлекет көшбасшысына деген зәру­лік пайда болады. Қазақстан үшін де сол бір аласапыран оқиғалардың ал­мағайып ағымында уақыт тынысын анық сезінуге, республиканың ішін­де және сыртында болып жатқан қоғамдық-саяси процестердің сипатын айқын бағалауға қабілеті жететін жаңа толқынның жаңа басшысы ауадай қажет еді. Мемлекетті қайта қалпына келтіру, егемендіктің мазмұнын байы­ту, күрт өзгерістерге ұшыраған геосая­си жағдайда елдің лайықты орнын ай­қындау – осы және өзге де аса күрделі мін­деттер ауқымды стратегиялық ойлау жүйесін, даналық пен салиқалылықты, сондай-ақ алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін қажет табандылықты талап етті. Ол айналадағы оқиғалар барысында аңтарылып қалатын немесе қалыптасқан жағдайдың ығымен жүре беретін, бірі келіп, бірі кетіп жататын қатардағы өзге көп саясаткерден ерекшеленіп тұратын дара тұлға болуға тиіс.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елдің және халықтың алдындағы аса ауыр жауапкершіліктің жүгін өз мойнына алып, ұлттың рухын ояту, мемлекеттілікті жаңғырту миссиясын толық орындай алған нақ сондай көшбасшы бола білді. Болашақтың бұлыңғырлығына, экономикалық бейберекеттікке қарамастан, әлеуметтік дағдарыс туындатқан үрей мен күдікті сейілте алған ол Қазақстанның да­муын жалпы өркениет және ілгерілеу жолына бағыттап, қолайсыз оқиғалар ағымын кері қарай бұра алды. Жоғары стратегиялық міндеттер мен бетбұрысты кезеңнің шексіз мүмкіндігіне және сол алмағайып кезеңнің сипатына сай келетін мұндай жасампаздықты тек Нұрсұлтан Назарбаев сияқты тұлғалар ғана жүзеге асыра алатын еді. Бұл ретте оның болмыс-бітімі, өрісті өнегесі ұлағатты ұрпақ үшін ғасырлар бойы мызғымас бағдар бола бермек. Жымысқылық пен қулық қабаттаса жүретін әлемдік процес­тер барысында ол Қазақстанның бейбіт әрі қауіпсіз дамуы үшін қажетті барлық жағдайды жасады, жаһандық саясаттың тегеурінді тұлғасы ретінде даңқ пен құрметке бөленіп, еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттырды.

Ол мемлекетімізге басшылық жа­саған отыз жылға жуық уақыт қа­жыр­лы еңбек ету, барлық ресурстар мен күштерді жұмылдыру кезеңі болды. Сондай-ақ бұл мезгілде тынымсыз ізденістер мен тың жетістіктерге, елеулі жаңалықтар мен серпілістерге жол ашылды. Бұл кезең бүгінде қазақстандықтар шынайы мақтан тұтатын таңғажайып табыстар мен ға­ламат жетістіктерді тарту еткен нағыз «Жасампаздық дәуіріне» айналды.

Терең зияткерлікпен, асқан еңбексүй­гіштікпен және мақсаткерлікпен ұш­тасқан мызғымас жігерімен, батыл­ды­ғымен және табандылығымен танылған Нұрсұлтан Назарбаев тұрақты дамудың негізін қалап, ондаған жылдар бойы жас мемлекетімізді айқын бағытқа батыл бас­тап отырды.

Нұрсұлтан Әбішұлының саяси көш­басшылығының феномені оның көпқырлы қызметінің бүкіл өн бо­йын­да көрініс тауып, ол тәуелсіз Қа­зақстанның негізін қалаушы, дана стратег, ұлы реформатор және қазіргі заманның көрнекті саяси қайраткері ретінде ұлт тарихына енді. 

Үлкен жолдың бастауында

Жасампаздық дегеніміз – өзінің кон­цептуалды мағынасына сәйкес, асқан еңбексүйгіштікті, төзімділікті, уақытты, басы бүтін берілуді, ең бастысы, бүкіл жұмсалып жатқан күш-жігеріңнің түпкі мақсатын түсінуді та­лап ететін машақаты мол процесс. Бернард Шоудың сөзімен айтар бол­сақ, «жасампаздықтың бас­тауы – мақ­сатыңды көзге елестете білу». Жо­ба­лаушылардың кінәсінен болған қон­дырғының кінәратын қайтсе де жөндеуге болар, ал саяси қателіктердің салдары түзетуге келе қоймайды.

Егемендіктің ұзақ жылғы дәстүрі қалыптаспаған, экономикасы бір­жақты дамыған, халқы көпдінді және көпэтносты, қоғамы идеялық бос кеңіс­тіктен арылмаған Қазақстанды басқару үшін ерекше саяси шеберлік пен асқан ептілік қажет еді. Көрнекті шетелдік сарапшылар бірқатар посткеңестік ел­дердің қалыптасуы жолында бой көр­сеткен қанды қақтығыстар мен азамат соғыстарын мұқият зерделей келіп, біздің жас мемлекетіміздің келешегіне де күмәнмен қараған-ды.

Алайда Нұрсұлтан Назарбаевтың басқарушылық дарыны, оның кеңес­тік Қазақстанға жетекшілік еткен жыл­дардың өзінде қалыптасқан мем­лекетшіл әрі стратегиялық ауқымда ойлау қабілеті, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси ахуалды егжей-тегжейлі білуі өрескел қателіктерге жол бермей, пессимистердің жағым­сыз болжамдарының күлін көкке ұшырды. 

Адамның адамдығының бас­ты өл­шемі еңбек болып саналатын ауыл­дағы қарапайым отбасынан шыққан ол қажымай-талмай жұмыс істеп, алдына айқын мақсат, нақты міндет қоюға бейімделді. Туған ауылындағы мектепті үздік бітірген Нұрсұлтан Назарбаев 1958 жылы комсомолдық жолдамамен Теміртау қаласына – Қарағанды металлургия зауытының құрылысына жіберіледі. От көсейтін металлург маман­дығы оның ерік-жігері мен мінезін шың­­дады, өзгелер арасында дараланып тұратын көшбасшылық қасиетін ұштай түсті.

Ол жылдарда сталиндік жүйенің өк­темдігі әлі толық басыла қоймаған болатын. Бірақ айналадағы орта күрт өзгере бастаған: қоғамдық және мәдени өмір жанданып, адамзат ғарыш кеңістігіне қарай қарышты қадам жасады, бүкіл ел бойынша алып өнеркәсіп құрылыстары қанат жайды. Энтузиазм рухымен, жарқын болашаққа деген сенімнен қанаттанған сол кездегі көптеген жас­­тар сияқты ол да өз бастамалары ар­қылы әрдайым алда болуға талпынып, жан-тәнімен жаңалыққа, алғы шепке ұмтылды.

Белсенді әрі айналасындағы нәрсенің ешқайсысына бейжай қарамайтын Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық өмірдің қайнаған қалың ортасына түсті. Ол 1969-1979 жылдары партия және комсомол органдарындағы басшылық лауазымдарда бола жүріп, Қарағанды металлургия комбинатының, Теміртау қаласының, одан соң бүкіл Қарағанды облысының аумағындағы өндірістің дамуына, әлеуметтік және экономикалық мәселелерге қатысты барлық проблемаларды үнемі табысты шешіп отырды. 1980 жылдардың орта тұсына қа­рай Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің өнеркәсіп, көлік және байланыс жөніндегі хатшысы, кейін Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болған кезінде ол республиканың әлеуметтік-экономикалық өмірінің барлық мәсе­лесіне жете қанықты, әрбір облыс пен әрбір нақты кәсіпорындағы істің жағ­дайын жақсы білді. Сонымен қатар республиканың да, тұтастай алғанда, бүкіл елдің де экономикалық дамуының ахуалына жетік болды. Көпшілік айтатын­дай, іскер басқару стилі, нақтылыққа бейімділігі және проблеманы шешу үшін көмектесуге даяр тұратыны оны өзгеден ерекшелей түсті.

Оның көшбасшылық қасиеттері әсіресе Қазақстан Компартиясы Орта­лық Комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып қызмет істеген жылдарда айқын аңғарылды. Нұрсұлтан Әбішұлы сол 1980 жылдардың соңы  1990 жылдардың басында-ақ есімі бүкіл елге кеңінен танымал, өзін бүкіл­одақтық деңгейде көрсете алған саяси қайраткер тұлғаға айналды. Ескі өлшем мен көзқарастан азат, ауқымды ойлайтын, өзіне сенімді Нұрсұлтан Әбішұлы қатып қалған ұстанымдар мен қасаң қағидаларды бұзып-жарып, жаңаша пайымдап, жаңаша іс-әрекет жасай білетін ұмтылысы арқылы елден ерек­шеленіп тұратын. 

Өзгеріске, жетілдіруге, жаңа идеяларды байыптауға талпыныс Тұңғыш Президенттің белсенді болмысына тән қасиеттер еді. Сонымен бірге ол қо­ғамдық мүдденің әрдайым басым тұруға тиістігін айқын сезініп, сол үшін жаны ауы­­ра­тын, оны әрдайым қор­ғайтын. Мұның үстіне, сол кездегі көп қайраткерден ерекшелігі – жоғары басшылық алдына өткір мәселе қоюдан қашпайтын әрі уәжін батыл айтып, өз ұстанымын қорғай алатын.

Мәскеудегілер Назарбаевтың осы табанды қасиеттері, біліктілігі мен батылдығы туралы бұрыннан-ақ – 1970-жылдардан бері білетін еді, өйткені оған талай рет республиканың өнер­кәсіптік әлеуетін дамыту, көпшіліктің тұр­мысы мен еңбек етуіне дұрыс жағдай жасау мәселелеріне жоғары дәрежелі партия қайраткерлерінің назарын аударуға тура келген болатын.

Cыни тұрғыдан ойлай алатын ол ел­дегі артта қалған басқару формалары мен әдістерінің уақыт талабына сай емес екенін сезді. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы бола жүріп, Нұр­сұл­тан Әбішұлы республиканың әлеу­меттік-экономикалық дамуындағы қайшылықтарды байқап, оны 1986 жылғы ақпанда Қазақстан Компартиясының XVI съезінде сынға алып, өткір сөз сөй­леді. Қатаң әкімшілік-әміршілік жүйе жағдайында ол ескі әрі қиғаш тәртіпке қарсы шығып, ақырында өзінікі дұрыс екенін дәлелдеп шықты.

Мәселен, КСРО халық депутат­та­ры­ның І съезінде ол баяндап берген респуб­ли­каның экономикасы мен қоғамдық өмі­рін­дегі кезек күттірмейтін мәселелерді ше­шудің идеялық-саяси бағдарламасы зор ықы­ласпен тыңдалып, кеңінен қолдау тапты. Сол кездері Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Ода­ғының Премьер-Министрі лауазымына лайық ең беделді әрі көреген саясаткердің бірі болды.

Жасампаз жаңа мемлекет 

Алайда тағдырдың ұйғарымы бас­қаша болып, оған өміріндегі басты миссиясы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті ретінде тәуелсіз елді бас­қару мәртебесі бұйырды. Осы жоғары басқару органында оның Қазақстан мемлекетінің көрнекті басшысы, сәу­летшісі және негізін салушысы ретін­дегі таңғаларлық қуаты мен ерекше дарыны толығымен жарқырай кө­рінді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Рес­публикасының тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылғы 16 желтоқсан әлемнің саяси картасында алғаш рет пайда болған жаңа мемлекет тарихының бастапқы белесі болатын. Оның күш-жігерінің арқасында Қазақстан одақтың бір кездегі шеткері республикасынан Орталық Азия­ның көшбасшысы ретінде танылған, қарқынды дамыған елге айналатынын сол кезде ешкім де көз алдына елестете алмас еді. Жаңа мемлекет құрған ол зияткерлік және рухани-қайраткерлік күш-қуатын аянбай жұмсап, күндіз-түні еңбек етті, осы орайда өзіне де, үзеңгілестеріне де мейлінше қатаң талап қойып, ел өмірінің барлық өзекті мәселесі бойынша шешім қабылдап, тапсырмалардың орындалу барысын қадағалап отырды. Қазақстанның кейінгі замандағы тарихында Нұрсұлтан Назарбаевқа дейінгі басшылардың еш­қай­сысына осыншама ауқымды және осыншама жауапкершілігі жоғары істі қолға алуға тура келмеген еді. Себебі, мемлекетті үлгі бойынша «құрастырып ала қоятын» ешқандай дайын сызбалар немесе жобалар болған жоқ. Ол бәрін тек өзінің түйсігіне, жинаған тәжірибесі мен біліміне, ұйымдастырушылық қабілетіне, пікірлестері мен халықтың сеніміне арқа сүйей отырып, алғаш рет атқарып шыққан еді.

Оның тікелей басшылығымен Қа­зақ­стан Республикасы өзінің мемле­кеттік атрибуттарына, қазіргі заманғы Конституциясына ие болды. Көп елдер­де мойындалған билікті бөлу қағи­да­ты Тұңғыш Президенттің күш-жігері ар­қасында жаңа демократиялық мем­ле­кеттік институттардың өзегіне айналды.

Еліміз халықаралық деңгейде кең танымалдыққа және әлемнің же­текші мемлекеттері берген қауіп­сіздік кепіл­дігіне қол жеткізді, мұның өзі көпжақты сыртқы саяси ынты­мақ­тас­тықтың маңыз­ды шарты саналды.

Ұлттық валюта – теңгенің енгізілуі өз қаржы жүйемізді қалыптастырып, тәуелсіз ақша-несие саясатын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Кейінге қалдыруға болмайтын шұғыл шаралар қабылдаудың арқасында өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысы қалпына келтіріліп, қалалар мен ауылдар электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз етіліп, мемлекеттің әлеу­меттік міндеттемелерінің орындалуына жол ашылды.

Сын-сынақпен бетпе-бет

Қазақстан мемлекеттілігінің қа­лып­­та­суындағы сындарлы кезең бол­­­­ған алғашқы онжылдықта Тұң­ғыш Президент бастамашылық еткен ауқымды нарықтық және инсти­ту­­ционалдық реформалар процесі бас­тау алды. Формасы мен өзге­ріс­те­­рі­нің мазмұны жөнінен бұл түбірлі өзге­рістердің мақсаттылығы мен жүйе­­­­лілігі Нұрсұлтан Назарбаевты Жа­­­пониядағы Мэйдзи, Түркиядағы Ата­түрік, АҚШ-тағы Рузвельт, Гер­ма­ниядағы Людвиг Эрхард, Син­га­пурдегі Ли Куан Ю, Қытайдағы Дэн Сяопин сияқты әлемнің көрнекті реформаторларының қатарына қос­ты. Елбасы мұрындық болған ұлт­тық жаңғырту мен эволюциялық өз­герістердің табысты тәжірибесін ше­телдік сарапшылар «Қазақстан жолы», «Қазақстанның даму моделі» деп атады. 

Реформаторлар әрдайым уақыттан озып, алда жүреді. Сондықтан олардың бастамалары көбіне бірден ұғынылып, қабылдана бермейді, дереу құптала қоймайды, кейде тіпті ашықтан-ашық қарсылыққа тап болады. Нұрсұлтан Назарбаев та ескіліктен арылуды қаламайтын кертартпа күштердің қар­­­сылығын еңсеріп, ағысқа қарсы жүр­ді. Артта қалған бұрынғы үмітсіз әлеуметтік-экономикалық үлгіге қайтып оралу мүмкін еместігіне және оның қауіптілігіне сенімді болғандықтан, бәрін түбегейлі қайта құруды жөн санады. Нұрсұлтан Назарбаев жанкештілікті талап ететін бұл істе өзгеше қабілеті мен қиындықтардың алдында бас имейтін қайтпас қайсарлығын көрсетті.

Сонымен қатар ол тиісті алгоритм­ге сүйеніп, реформаларды долбармен емес, жүйелі жүргізді. Мемлекеттік құрылыстың ең маңызды мәселелері жөніндегі әдебиеттерді ақтарып, жаңа ілім-білімді санасына сіңірді. Ол дү­ние жүзіне белгілі реформаторлар – Сингапурдің бұрынғы Премьер-Ми­нистрі Ли Куан Ю, Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-Министрі Маргарет Тэтчер, Малайзияның Премьер-Министрі Махатхир Мохамад сынды тұлғалармен, сондай-ақ батыс әлемінің экономика жөніндегі көрнекті сарапшыларымен кездескен сәттерінде бұл елдерде олардың реформаларының қалай жүзеге асырылғанына қызығушылық танытып, соның барысында қандай сын-қатерлер мен проблемалар алдан шыққаны және оның қалай еңсерілгені туралы егжей-тегжейлі сұрастырып отырды. Шет­елдерге сапарлар барысында нарықтық тетіктердің қолданылуын зерделеді. Бұл кездесулер ойланып-толғануға, іштей байлам жасауға септігін тигізді, ең бастысы, бұдан әрі қарай нақты және орынды іс-әрекеттер жасауға бағыт сілтеді.

Нұрсұлтан Назарбаев реформаларды жүйелі жүргізудің күрделі мәселелерін шешу барысында тек әл-ауқаты жоғары бақуатты қоғам ғана демократиялық құндылықтарды тиісінше қабылдай алатынын дұрыс пайымдап, экономикалық дамуға басымдық беру жолын таңдап алды. Егемендіктің алғашқы қиын-қыстау жылдарында халқы әрең күн көріп жатқан Қазақстан үшін бұл бірден-бір қолайлы қадам еді. Осылайша «алдымен – экономика, содан соң – саясат» формуласы елдегі бүкіл өзгерістер про­цесінің қисынын айқындап берді.

1991 жылы Қазақстан КСРО-дан кенеуі кеткен экономиканы мұраға алып қалған болатын, еліміз шын мәнінде одақтық жоспарлы жүйенің шикізаттық шылауы саналатын еді. Бұрынғы кеңестік республикалардың шаруашылық са­ласындағы байланыстарының быт-шыт болып үзілуі мызғымастай көрінетін жүйені терең әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа әкеліп тіреді. Тұңғыш Пре­зидент батыл, кейде көпке беймәлім және қатаң нарықтық реформалар жасауға тәуекел етті, себебі тек осылай ғана экономиканың өсімін қамтамасыз етіп, қоғам тұрақтылығының тірегі – орнықты орташа тап қалыптастыруға болатын еді.

Өзінің халыққа үндеулерінде Тұңғыш Президент мына жайтты баса айтатын: масылдық пен патернализмнен арылу керек, табысқа жетіп, өркендеу үшін бастамашылық пен жауапкершілікті өз мойныңа алып, өз күшіңе сенуің қажет. Ол толыққанды нарық қалыптастыру, жекеменшік институтын қалыптастыру және жұртты кәсіпкерлікке тарту үшін мемлекет барлық жағдайды жасайтынын талмай айтумен болды. Тұңғыш Президент қоғамның дағдарыстан шығып, өзінің экономикалық әлеуетін дәлелдеуі үшін нарыққа көшу барысындағы барлық қиындыққа шыдауы қажет екенін айтып, елді осыған шақырды.

Оның күшті саяси ерік-жігері мен тәуекелшілдігі, батылдығы мен та­бандылығы бұрынғы шектен тыс орта­лықтанған әкімшіл-әміршіл эконо­миканы қазіргі заманғы нарықтық жүйеге көшіруді тарихи маңызы жа­ғы­нан ұтымды әрі қысқа мерзімде жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Қазақ­­стан Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­шылығымен посткеңестік кеңіс­тіктегі ең табысты әрі ауқымды на­рықтық реформаларды жүзеге асыру ісінде көшбасшыға айналды.

ХХ ғасырда империялар мен одақтас мемлекеттерді күйреткен басты себептің бірі этносаралық қайшылықтар еді. Тұңғыш Президент осы фактордың ерекше маңыздылығын ескеріп, қазақ­стандықтардың этностық және діни ерекшеліктеріне қарамастан, бәрінің құқықтарының тең болуы мемлекеттік саясаттың іргелі қағидатының бірі еке­нін жариялады. Бұл постулатты берік ұстану Қазақстанға ең басты нәр­сені – бейбітшілікті, тыныштықты, саяси тұрақтылықты, этносаралық және конфессияаралық татулықты қам­та­масыз етуге мүмкіндік берді. Осы­лай­ша этностық әралуандық елдің стра­тегиялық артықшылығының факторына айналды.

Бұрынғы кеңестік державаның күре­сінінде қалған Қазақстан Тұңғыш Пре­зиденттің күш салуы арқасында аса күр­делі күйзелісті жағдайдан жаңа са­па­да қайта түлеп, өсіп-өркендеді. Нұрсұл­тан Назарбаев атап көрсеткендей, жаңғыр­ту­дың бастапқы кезеңінде жан-жақты дағдарысты еңсеру, экономиканы қал­пына келтіру, жаңа саяси жүйені қалып­тастыру мәселелері шешілді.

1

Дамудың даңғыл жолымен

Еліміз үлкен жолдың бастауында ғана тұрған болатын, Тұңғыш Президент мұны анық түсінді. Жүйелі, ауқымды ойлайтын ол әрдайым уақыттың көзге көрінетін көкжиегінің арғы жағына үңілуге тырысты, оқиғалар мен процес­тер барысын бірер жыл ертерек, тіпті ондаған жылдар бұрын болжап-біліп отыруға дағдыланды.

Тұңғыш Президент мемлекеттік іс­тер, протоколдық іс-шаралар, кездесулер мен іссапарлар барысында дамуға қатысты мәселелердің бәрін ке­ңінен тал­дауға, мүмкіндіктерді бағалап, сын-қа­терлерді саралауға және өз елінің перс­пективаларын айқындауға әрдайым уақыт бөліп отырды. Кіші Сенеканың «Қай айлаққа баратынын білмейтін кеме үшін ешқашан жел оңынан соқпайды» деген сөзі сол тұста Қазақстан бастан кешіп жатқан сәттің маңыздылығын айқын аңғартатын еді. Жаһандық бәсекелестік нарығында елдің бұдан былайғы даму векторы ұлттық экономиканы жаңғырту, ырықтандыру ыңғайында болуға тиіс екені анық-ты.

Қазақстан осы жылдарда Тұң­ғыш Президенттің қажырлы зият­кер­­лік ізденістерінің арқасында жос­парлаудың ұзақ мерзімге арналған стра­тегияларынан бастап, нақты іс-әрекеттерге дейінгі өзара үйлес бір құ­рылымға байланған тұтас жүйесін құруға қол жеткізді. Мән-маңызы батыл байламға негізделген «Қазақстан – 2030» стратегиясында елдің ғаламшардағы бәсекеге ең қабілетті елу мемлекеттің қа­тарына қосылуы бағдарланды. Алға­шында күмәнмен қабылданған бұл стратегия мерзімінен бұрын орындалды. «Қазақстан барысы секіріс жасады»: экономиканың тұрақты өсімі қамтамасыз етілді, нарық жолына батыл қадам басқан экономиканы жаңғырту бас­талды. Кәсіпкерлік сала экономикалық дамудың шешуші факторының біріне айналды. Азаматтардың әлеуметтік тұрмыс деңгейі өсті, тұрақты орташа тап қалыптаса бастады. Экономикалық және саяси реформалардың жүйелі үй­ле­сімі азаматтық қоғам институттары – саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік емес БАҚ-тың одан әрі дами түсуіне ықпал етті.

Елорданы Астанаға – қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына көшіру елдің өзгеруін стратегиялық бағыт етіп ұс­таған бетбұрысты қадам болды. Жаңа әкімшілік және саяси орталықты тың­нан салу бүкіл Қазақстанның, эко­­номика мен қоғамның барлық сала­­сының дамуына зор ықпал еткен мультипликативті нәтиже берді. Рефор­малар жеделдеді, мемлекеттік билік нығайды, халықаралық ынтымақтастық жанданды. Ғасырлар тоғысындағы аса қысқа мерзімде жүзеге асқан, ауқымы жөнінен теңдесі жоқ, инновациялық бағдары жөнінен аса батыл бұл мегажоба Тұңғыш Президенттің Қазақстан қоғамын топтастыру мен біріктіру бағы­тындағы рух көтерер қуатты баста­маларының бірі болды. Жаңа елорда тәуелсіз Қазақстанның символына, Тұң­ғыш Президенттің стратегиялық көз­қарасының, саяси жігері мен еңбегінің жүзеге асуының, қазақстандықтардың арманының орындалуы мен үмітінің ақталуының көрінісіне айналды.

Жаңа астанаға қарап бой түзеген өңірлік орталықтардың бәрі жаңарып-жасарды. Әсіресе Тұңғыш Президент Жарлығымен 2018 жылы Түркістан об­лысының әкімшілік орталығы мәрте­бесіне ие болған көне шаһар Түркістан айтарлықтай үлкен өзгерістерді бастан кешті.

Нұрсұлтан Әбішұлының қайрат­кер­лік қызметінің тағы бір маңызды қыры – тәуелсіз Қазақстанның басшы кадрларының жаңа шоғырын қалып­­тастырғаны. Осы жылдар ішінде ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бас­таған, елдің Үкіметін, өңірлерін бас­қарған, алғашқы дипломаттарымыз бар көрнекті мемлекет қайраткерлері тобын тәрбиелеп шығарумен бірге елдегі билік транзитінің конституциялық заңнама аясында үйлесімді түрде жүзеге асырылуын қамтамасыз ете алды.

ХХІ ғасырдың екінші онжылдығы адамзаттың жаһандық трансформация дәуіріне қадам басуымен есте қалмақ. Соның барысында әлемде адамдардың тығыз қарым-қатынасына және ақпарат алмасу жылдамдығының артуына байланысты «цифрлы өркениеттің» негізі қаланып, саясатта, экономикада, бизнесте және мәдениетте жаңаша жағдай қалыптасты. Сонымен қатар әлемдік дамудың пропорциясындағы сәйкессіздік күшейді, дамыған және дамушы мемлекеттер арасындағы ресурстарға, тех­но­логияларға қолжетімділіктің теңсіздігі артты. Тұңғыш Президент елдің жаңа сын-қатерлерге бейімделуіне, жаһандық бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға қажет­тіліктің зор екенін көре біліп, «Қазақстан – 2050» стратегиясына бастамашы болды.

Қазақстанды әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына қосуды мақсат тұтқан бұл бағдарлама арқылы экономиканы, саяси және қоғамдық салаларды байланыстырып, елді жүйелі жаңғырту қолға алынды. Мемлекеттік аппаратты жаңғыртуға, азаматтық және құқықтық институттардың жұмысын жетілдіруге, экономиканы одан әрі ин­дустрияландыруға бағытталған Институ­ционалдық бес реформа мен «100 нақты қадам» ұлт жоспары бұл процестің құрамдас бөлігіне айналды. Сонымен бір­ге елде индустриялық-инновация­лық даму бағдарламасын жалғастыру нәти­жесінде мыңнан астам жаңа өндіріс орны құрылып, инновациялық экономика­ның жаңа салалары мен сегменттері қа­лыптасты.

Тұңғыш Президент бастамашылық еткен, өзгерістердің қисынды буынына айналған саяси реформа тек мақсат қана емес, жедел өзгеріп жатқан әлемде мемлекеттің, билік институттарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға деген ұмтылыстың нәтижесі еді. Бұл мем­­лекеттік басқару жүйесін супер­президенттік модельден президенттік-парламенттік үлгіге транзиттеудің бас­талғанын аңғартатын.

Осылайша өзара байланысты концептуалды қадамдар арқылы Қазақстанды орнықты дамудың жаңа сапалы деңгейіне шығару үшін ауқымды институционалдық тұғырнама қалыптастырылды. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткеніндей, қазіргі жағ­дайда жеке адамның ғана емес, сонымен бірге бүкіл мемлекеттің де бәсе­кеге қабілеттілігінің факторы болып санала­тын адами капиталдың сапасы, индивидтердің біліктілігі мен машығы бұл процесте шешуші рөл атқарады.

Сонымен бірге Нұрсұлтан Назар­баевтың ойынша, елді трансформациялау бағытында жүріп жатқан процеске қоғамдық сананың өзгерісі де ілесіп оты­руға тиіс-тін. Ол әлденеше рет атап көрсеткендей, Қазақстан жаһанданудың ағыны күшті тасқынында жұтылып кетпей, әлемдік прогресс даңғылымен іл­герілей отырып, өзінің дербес ерек­шелігін сақтай білуі керек еді.

Оның бұл мәселеге ерекше назар ауда­руын тек сыртқы культурологиялық факторларды ескергендігі деп қана емес, халқы мен елінің болашағы туралы ойлауы және өзінің ішкі рухани интенциясы деп түсіндіруге болады. Ел басқарған жылдарының бәрінде де ол өзін туған тілінің, халқының мәдениеті мен тарихының нағыз патриоты ретінде көрсетті, бұл мәселелер әрдайым оның жіті назарында болды. Мұндай сергек көзқарас халықтың рухани өрлеу процесін байыпты ғылыми және институционалды тұрғыдан негіздеу бағытындағы жүйелі және ұзақ мерзімді шаралармен дәйектелді. Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық идеологемасында көрсеткен рухани мұраны, ұлттық кодты, ұрпақтар сабақтастығын сақтап қалудың маңыздылығы туралы қағидалар еліміздің жас ұрпағы үшін ұлағатты үндеуге айналды.

Бітімгершілік белестері

Тұңғыш Президент тәуелсіздік кезеңінің басынан бері сыртқы сая­сат саласына барынша мән берді. Қа­зақстанның егемендігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз еткен ұтымды дипломатия елдің ұлттық мүддесін ілгерілету барысындағы басты тетіктің бірі бол­ды. Қазіргі заманғы көпполярлы әлемдік тәртіптің ахуалын ескере оты­рып, ол халықаралық кездесулер мен байланыстарды жолға қойды, көп­векторлы ынтымақтастық пен прагматизм қағидаттары негізінде сыртқы саясатымызды айқындады.

Түрлі ұсыныс жасалып, уәде беріл­ге­ніне қарамастан, ол қауіпсіздікті ядролық қару иелену жолымен емес, жауапты мемлекет құру арқылы қамтамасыз етуді жөн көрді. Нұрсұлтан Назарбаев әлем­дегі ең үлкен сынақ орны – Семей ядролық полигонын жауып, еліміздің бейбітсүйгіш саясатын сөз жүзінде емес, іс жүзінде көрсетіп, нағыз тарихи актіні жүзеге асырды.

Оның қажырлы еңбегінің арқасында қалыптасқан сенімді инфрақұрылымның, тығыз халықаралық ынтымақтастық пен серіктестіктің нәтижесінде Қазақстан елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Өзінің барлық көршісімен сындарлы, сенімді қарым-қатынас орнатты. Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет шекарасын бар­лық жағынан шегендеп, халықаралық деңгейде мойындалды. Бұл мемлекет құру жолындағы айрықша маңызды белес саналатын аса зор және шешуші жетістік болатын.

Тұңғыш Президенттің екіжақты мем­лекеттік ынтымақтастықты, халық­аралық іс-әрекетті жолға қою мен дамыту бағытындағы прагмативті қадамы өзара тиімді келісімдерге қол жеткізілуін және экономикаға миллиардтаған қаржы көлемінде инвестиция тартылуын қам­тамасыз етті.

Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия ке­ңіс­­тігіндегі интеграциялық про­цес­­­тердің басты дем берушісі және ұйым­­дастырушысы болды. Құр­лық­тағы мемлекеттердің кең ауқымдағы экономикалық интеграциясы қа­жет екеніне мейлінше сенімділік та­ныт­­қан ол өз идеясын жүйелі түр­де нақ­ты жүзеге асыруға кірісті. Оның институционалдық көрінісі – тауар­лардың, қызметтің, капитал мен жұ­­­­­мыс күшінің еркін қозғалысына ар­налған қуатты интеграциялық бір­лес­­тік – Еуразия экономикалық одағы болды. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы, сондай-ақ өзара се­німге негізделген, ынтымақтастық пен серіктестікті нығайту бағытындағы жаңа халықаралық құрылымдар қа­лып­тас­ты­рудағы өзекті бастамалары елі­міздің ха­лы­­қаралық аренадағы беде­лін ны­ғайтты.

Оның геосаяси процестердің өзара тәуелділігі мен байланыстылығы туралы терең пайымдауы Қазақстанның көптеген сын-қатерлер мен қауіптерді айналып өтіп, теңгерімді саяси бағыт ұстанып, табысты ілгерілеуіне септігін тигізді. Ал өңірдегі шиеленістер мен қайшылықтарды шешу ісіндегі бел­сенді бітімгершілік күш-жігері бүкіл халықаралық қоғамдастықтың оған деген шынайы құрметі мен сенімін оятты.

 * * *

Көптеген саясаткер мен қоғам қай­раткерлерінің мойындауынша, Тұңғыш Президент – жаһандық ауқымда ойлай білетін, аса танымал әлем­дік деңгейдегі көшбасшының бірі. Бей­бітсүйгіш және баршаға құшағы ашық, жарқын бо­лашаққа көз тіккен Қазақстан – тұлға ретіндегі ұлылығы мен тереңдігіне уақыт пен өмірдің өзі биік бағасын берген Тұңғыш Президенттің ерен еңбегінің жемісі. 

Махмұт Қасымбеков,

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы