14 мау, 2019 сағат 11:25

Қосанов: "Оппозиция өзгеруі тиіс!.."

Президенттікке өз кандидатурасын ұсынып, қазақстандықтардың 16,23%-інің даусын жинаған Әміржан Қосанов сайлау қорытындысы мен өзінің алдағы жоспары туралы айтты. 

"Оппозиция өзгеруі тиіс"

Ол ең алдымен, өзіне қолдау көрсеткен сайлаушыларға алғысын білдірген. 

"Мені қолдап сайлаушылардың 16 проценті дауыс берді, ол - бір жарым миллион қазақстандық деген сөз. Қазақстан оппозициясының бірде-бір өкілі (тұтас партиялар мен қозғалыстарды қосқанда) осыған дейін болған президенттік және парламенттік сайлауда дәл осындай көрсеткішке қол жеткізе алмады. Бұл біздің баршамыздың ортақ жетістігіміз", - деді Қосанов өзінің Facebook-тегі ресми парақшасында.  

Сондай-ақ, ол өзінің сайлау кезінде ұсынған бағдарламасынан бас тартпайтынын жазған. Демократиялық құндылықтарды қорғап, қоғам мен билік арасындағы диалог орнатуға барын салатынын айтқан.

"Біз әрдайым билік өзгеруі керек дейміз. Менің ойымша, оппозиция да өзгеруі тиіс. Оның құрамына енетін адамдар бағдарламалары мен алдағы іс-әрекеттерін айқындап алуы тиіс. Демократиялық күштер арасындағы өзінің орнын табуы керек " , -  деді ол. 

Қосанов өзінің алдағы жоспарымен де бөлісті. Қоғамның басым бөлігі оны қолдайтынына сенім білдірген. 

"Менің ендігі миссиям – демократиялық принциптерді табанды да тегеурінді қорғап отырып, билік үшін заң аясында күресетін қоғам белсенділерінің жаңа толқынына, жаңа оппозицияға институттық сипат беру. Өйткені, жаңаша жағдайда оппозициялық көңіл-күйлер сайлау барысында легитимденді, қоғамдағы екінші күшке айналды!", - деп жазады Қосанов.

Қосановтың экзит-пулдан кейін берген сұқбатына қатысты біраз сын айтылған болатын. Ол осы жайтты түсіндіріп өтті. 

"Сайлау алдында билік өз зерттеулерінде маған 5 және 7,9 пайыз беретіндей сыңай танытқанын өздеріңіз білесіздер. Ондай болжауларды біз сынадық, қабылдамадық.

Сондықтан да дауыс беру барысындағы экзит-пул кезінде 15,9 пайыз жарияланғанын өз басым оң нәтиже деп санап, сондай комментарий бергенім рас. Оның үстіне әдетте экзит-пул мен ресми нәтиженің арасы алшақ болмайды емес пе?", - деді ол. 

Өз жазбасында Қосанов тұрғындарды заңсыз наразылық акцияларына шақырмайтынын айтты. Сайлаудан кейін денсаулығы сыр беріп, ауруханаға түскенін де жазған. 

Президент сайлауы - 2019

Еске сала кетсек, 9 маусым күні болған кезектен тыс сайлауға жеті үміткер өз кандидатурасын ұсынды. 

Сайлаушылардың басым бөлігінің сеніміне ие болған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті болып сайланды. Екінші орынға "Ұлт тағдыры" қозғалысы атынан сайлауға түскен Әміржан Қосанов, ал үшінші орынға "Ақ жол" демократиялық партиясының кандидаты, жалғыз әйел үміткер Дания Еспаева жайғасты.

  • Қасым-Жомарт Тоқаев - 70,96%

  • Әміржан Қосанов - 16,23%

  • Дания Еспаева -5,05 %

  • Төлеутай Рақымбеков - 3,04%

  • Амангелді Таспихов -1,98 %

  • Жамбыл Ахметбеков -1,82%

  • Сәдібек Түгел - 0,92%.