23 қыр, 2020 сағат 12:10

Көрші елге шикізат экспортын тежеу керек - Азат Перуашев

«Ақ жол» партиясы шикізат экспортын тежеу және Өзбекстанға өңделген өнімдердің экспортын ынталандыру бағытында ұлттық экономиканың мүддесін қорғауды қажет деп санайды. Осы орайда Мәжілістің жалпы отырысында депутат Азат Перуашев Үкіметке сауал жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Экспортты дамыту – бұл мемлекеттік экономикалық саясаттың маңызды бағыттарының бірі және отандық өндірушілердің нақты бәсекеге қабілеттілігінің айқын көрінісі. Алайда, экспорттың дамуына тек кәсіпкерлердің күш-жігері ғана емес, сонымен қатар потенциалды экспорттаушы елдердің қазақстандық тауарларға қатысты шектеу шаралары да әсер етеді. ТМД елдеріндегі Қазақстанның маңызды сауда серіктестерінің бірі – бұл біздің жақын көршіміз Өзбекстан Республикасы. Көрші елмен 2019 жылдың соңында сауда көлемі 2,7 миллиард АҚШ долларынан асқан. Алайда, бұл көрсеткіштер әлдеқайда жоғары, ал экспорт құрылымы әлдеқайда күрделі және табысты болуы мүмкін», - деді А. Перуашев Премьер-Министр Асқар Маминге жолданған депутаттық сауалында. 

Осы орайда ол 1997 жылы екі ел арасында еркін сауда туралы Келісім жасалғанын еске салды. Сонымен қатар, 2013 жылғы 31 мамырдағы Хаттамамен Өзбекстан 2011 жылғы 18 қазандағы Еркін сауда аймағы туралы келісімге қосылды. Соған сәйкес Келісімге қатысушы мемлекеттер және Өзбекстан тараптарға кедендік аумағынан шыққан тауарларды әкелуге кедендік баждарды қолданбауды міндеті алды.

«Соған қарамастан, бүгінде Өзбекстан тарапы 96 тауарлық позицияға тауарлардың кедендік құнынан 5-тен 50 пайызға дейін акциздік салық белгіледі. Сонымен қатар, олар шикізат (ең алдымен ауыл шаруашылығы: бидай, майлы дақылдар, ет пен жануарлардың терісі және т.б.) экспортын ынталандырып, қазақстандық өңделген өнімдердің импортын әдейі шектейді. Болашақта бұл Өзбекстанда шикізаттар өңделіп, сол қосымша құн, жұмыс орындары мен жоғары пайда әкеледі. Ал қазақстандық шикізаттан өндірілген өнімнің бір бөлігі одан ары қарай, соның ішінде Қазақстан нарығына экспортталады. Қазақстанда өзбекстандық тауарларға акциздер немесе салықтар салынбайды. Мұндай жағдайда отандық тауар өндірушілерге өзбекстандық тауар өндірушілерімен тек өзбек нарығында ғана емес, сонымен қатар өз елімізде де бәсекеге түсу қиын», - деді депутат. 

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан мен Өзбекстан бір-біріне «еркін сауда» режимін, яғни тауарлардың экспорты мен импорты үшін тең жағдайларды қамтамасыз етуі керек. Іс жүзінде, қазақстандық кәсіпкерлер дайын өнімді емес, өңделмеген шикізатты сатуға мәжбүр болып, алатын пайдасының едәуір бөлігін жоғалтып отыр.

«Біз өзбек шенеуніктерінің өз мемлекетіне деген қамқорлығын түсінеміз. Бірақ біздің мемлекеттік органдар өздерінің ұлттық мүдделерін неге ойламайтынын түсінбейміз? Әрине, өзбек халқы – құдай қосқан дос көршіміз. «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы осы айтылғандарға байланысты мәселе үкіметаралық деңгейде шешілгенге дейін, шикізат экспортын тежеу және Өзбекстанға өңделген өнімдердің экспортын ынталандыру, сондай-ақ көрші республикадан тауарларға қосымша салық салуды ынталандыру үшін осындай ашық кедендік саясатты жүргізу арқылы ұлттық экономиканың мүддесін қорғауды қажет деп санайды», - деді Азат Перуашев.