21 қар, 2018 сағат 16:42

Көрші елдер арасында сенім артты, сауда көлемі көбейді - Назарбаев

Ақордада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізде тіркелген шетелдік дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесті.

«Биылғы жылдың наурыз айында Астанада өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бірінші консультативтік кездесуінен кейін өңіраралық ықпалдастық едәуір жанданды. Аймақтағы елдердің барлық президенттері қысқа мерзім ішінде өзара сапарлар алмасып, кездесулер өткізді. Қазіргі таңда мемлекеттер арасында екіжақты сауда ісіне қатысты кедергілердің бәрі жойылды. Өзбекстан мемлекеті кейінгі кезде өз көршілерімен көптен бері реттелмей келген шекара мәселесін шешті. Шиеленісіп кеткен жағдай Тәжікстанмен болған. Ол мәселе шешілді. Қырғызстанмен арадағы мәселе де шешімін тапты. Олардың реттелмей келе жатқан шекара мәселесі де шешіліп, қарым-қатынас жанданып, жалпы біздің Орталық Азиядағы әл-ахуал түзеліп, сауда-саттық жылдан-жылға өсіп келеді. Көрші елдер арасында сенім артты, сауда көлемі көбейді. Қарым-қатынастың барлығы жақсарды деп айтуға болады. Көлік қатынасы оңтайланып, жаңа әуе, темір жол бағыттары ашылды. Жүйелі түрде бизнес және өңіраралық форумдар өткізіліп, біріккен сауда үйлері мен жаңа өндіріс орындары іске қосылуда. Бір жылдың ішінде ғана Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда ауқымы 2 есе көбейіп, 3 млрд долларға жетті. Жақын арада 5 млрд долларға жеткіземіз деген мақсат қойып отырмыз», - деді Назарбаев жиында.

Елбасы Орталық Азия елдері арасында шекара мәселесіне қатысты жұмыстар белсенді жүргізілгенін айтты. Атап айтқанда, өткен жылы Қазақстан Түрікменстанмен, Қырғызстанмен мемлекеттік шекараны демаркациялау жөніндегі келісімге қол қойып, осы елдермен арадағы шекараны рәсімдеу жұмыстарын түгелдей аяқтайтын болады. Сонымен, Қазақстанның төңірегіндегі барлық шекаралар құқықтық жөнінен өз шешімін тауып отыр. Сондай-ақ, 2017 жылы Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан шекараларының түйісу нүктесі жөніндегі де шарт жасалды.

«Жақында біз құжатты ратификацияладық. Бұған қоса, Астанадағы жиынның қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуін тұрақты түрде өткізу туралы шешім қабылданды. Ендігі жылы сәуір айында бұл кездесу Ташкентте өтеді. Содан кейін жыл сайын кездесу болып тұрады деп келістік», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Baq.kz