30 нау, 2021 сағат 21:21

Коронавирустың алматылық штамы жоқ – сарапшы

Коронавирустың алматылық штамы деген вирус жоқ. Бұл туралы Биологиялық қауіпсіздік мәселелерін ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі, PhD докторы Ербол Борашев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осыдан он күн бұрын COVID-19-дың оң үлгілерін алғанымыз рас. Зерттеулер нәтижесінде британдық типтегі коронавирустық инфекцияның жаңа нұсқасына жататын штамм табылды. Қазіргі уақытта оның вирусын бөлу бойынша терең зерттеулер жүргізілуде. Анықталған коронавирус штамы Еуропада, АҚШ-та тараған британдық штамға сәйкес келеді. Басқаша айтқанда, жаңа алматылық штамм деген жоқ. Яғни біз зерттеп жатқан штамм – желтоқсан айының аяғынан бері әлемде кеңінен таралып жатқан штамм. Бізде ол енді ғана тіркеліп жатыр», - деп түсіндірді Ербол Борашев агенттік тілшісіне телефон арқылы берген мәліметінде. 

Ол, сондай-ақ, анықталған коронавирус штамының ерекшеліктері туралы айтты. 

«Басқа штамдардан айырмашылығы, ол өте жұқпалы және тигізетін залалы ауыр. Сондықтан ол бүкіл әлемге тез тарап жатыр. Яғни, бұрынғы штамдардан да жұқпалы, оның үстіне ағзаға тигізер әсері әлі толық зерттелмеген», - дейді Ербол Борашев. 

Сарапшы пандемияның беті қайтпай тұрғанын, аурудың қоздырғыштары мен генетикалық қасиеттері өзгеруге өте бейім екенін айтады. Шетелдік ғалымдардың зерттеулеріне сәйкес, SARS-CoV-2 вирусы көптеген табиғи жолдардан өтіп, геномы генетикалық өзгерістерге ұшыраған. COVID-19 қоздырғышының «британдық» және «оңтүстікафрикалық» штамдары осылай пайда болған. 

Халықаралық GISAID деректер базасының мәліметі бойынша, аталмыш клайд G мутациясы жер бетінің барлық нүктесіне жеткен.