Қазақстанда коронавирус жұқтырып алған медицина қызметкерлеріне арналған өтемақы 17 қазанға дейін төленіп бітуі тиіс, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Ведомствоаралық комиссияның отырысында Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың коронавирус пандемиясының екінші толқынына дайындық мәселелері жөніндегі 7 қазандағы кеңесте берген тапсырмаларын орындау бойынша нақты шаралар әзірленді.
Жиында Ералы Тоғжанов коронавирустан көз жұмған медицина қызметкерлерінің отбасына және қызмет бабында індет жұқтырған медқызметкерлерге төленетін өтемақы жайына да тоқталды.
«Кеше Қасым-Жомарт Кемелұлы көз жұмған 182 медицина қызметкерінің отбасыларына, сондай-ақ қызмет атқару кезінде COVID-19-бен ауырған дәрігерлерге өтемақы төлеу бойынша жедел шаралар қабылдауды тапсырды. Осыған байланысты өңірлердің әкімдіктеріне, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне медицина қызметкерлерінің қайтыс болу фактісі бойынша өтемақы төлеуді үстіміздегі жылдың 13 қазанында аяқтауды тапсырамын. Сондай-ақ ағымдағы жылғы 17 қазанда өңірлік комиссияларда өтінімдері қаралған кәсіби қызметті жүзеге асыру кезінде ауырған дәрігерлерге өтемақы тағайындауды аяқтауды қамтамасыз ету қажет» , – деді Е. Тоғжанов.
Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустан қайтыс болған дәрігердің отбасына тексеру жүргізілместен төлемақы берілуі керектігін айтқан еді.
Президент дерегінше, 2020 жылдың 30 қыркүйегіндегі жағдайға сәйкес, індет кезеңінде коронавирустан 182 медицина қызметкері қайтыс болған.
«Қазір бұл жағдайлар түрлі комиссияда қаралып, өтемақы тек 37 ғана отбасына ғана төленген. Мүлдем жол беруге болмайтын жағдай. Постфактум өлім себебін анықтау көптеген қиындықтарды, оның ішінде әдеп сипатындағы қиындықтарды тудырады. Осыған орай Үкіметке бұл мәселеде мұндай тексерулер жүргізбестен қаза тапқан медицина қызметкерінің отбасына тиесілі барлық төлемақыны төлеуді тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы медицина қызметкерлері қызмет барысында ауру жұқтырып алғаны дәлелденген жағдайда қысқа мерзімнің ішінде төлемақы мүлтіксіз төленуі тиістігін баса айтты.
«Коронавируспен күрес үшін үстемақының бір бөлігін әкімшілеу әкімдіктердің желісі арқылы жүргізіледі. Осыған орай өңір әкімдеріне бұл мәселені жеке бақылауда ұстауды тапсырамын», - деді ҚР Президенті.