31 нау, 2020 сағат 17:44

Коронавирустан көз жұмған әйелмен байланыста болған 16 жамбылдық ауру жұқтырмаған

Ақмола облысының коронавирустан қайтыс болған тұрғынымен байланыста болған 16 жамбылдықтан алынған талдау нәтижесі шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұған дейін хабарланғандай, 15-18 наурыз аралығында коронавирустан қайтыс болған Ақмола облысының тұрғыны Жамбыл облысының Шу және Меркі аудандарына келіп-кеткен. 

Медициналық және эпидемияға қарсы қызметтер марқұммен байланыста болған 16 адамды анықтады: Шу ауданында – 10, Меркі ауданында – 6 адам. Олардан коронавирус инфекциясына алынған талдау қорытындысы теріс нәтиже көрсетті.

Азаматтардың жағдайы бірқалыпты, инфекция белгілері жоқ. Олар 14 күндік карантиндік стационарға жатқызылған. 

Келген орындарында медициналық қызметкерлер эпидемияға қарсы қажетті іс-шаралар жүргізді.