Коронавирустан қайтыс болған адамдар кез келген зиратта жерлене береді. Бұл туралы ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің бас сарапшысы Жанат Жамалбекова айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Адамның коронавирустан қайтыс болғаны зертханалық зерттеулер арқылы анықталған болса, онда мүрдені туыстарына жерлеуге бермейміз. Мүрдені патологиялық-анатомиялық сою жұмыстары жүргізілмейді. Мүрдеханадан тікелей зират басына апарып жерлеуге береміз. Осындай талап бар. Бұл ретте мүрдені жерлеу үшін басқа зират қажет емес. Қазіргі қала ішіндегі немесе ауыл шетіндегі зираттарға жерлей беруге болады», - деді ол.
Дегенмен, оның айтуынша, жерлеу рәсімдерінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар, биологиялық қауіпсіздік мәселелері сақталуы тиіс.
«Жаназаға тек жақын туған-туыстарының болғаны дұрыс. Олар жаназа кезінде 1-2 метр ара қашықтық сақтап, медициналық маска таққандары жөн. Мәйітті де тек мүрдеханада ғана жуындыру керек. Жерлеу рәсіміне қатысатын адамдар вирустан қорғайтын қорғаныс құралдарын қолдануы қажет», - деді Жанат Жамалбекова.
Айта кетейік, қазіргі уақытта елімізде 10 науқас коронавирус індетінен көз жұмды.