24 мау, 2020 сағат 20:43

Коронавируспен күрес: Марқұм Бақберген Айжігітов «Халық алғысы» медалімен марапатталды

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде коронавирус пандемиясымен күресте еңбегімен ерекшеленген медицина қызметкерлерін «Халық алғысы» медалімен марапаттау салтанаты өтті. "Ұлт ақпарат" бұл туралы ведомствоның Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Денсаулық сақтау саласында жемісті еңбек етіп жүрген Қазақстан азаматтарын ынталандыру үшін ҚР Президентінің 2020 жылғы 8 маусымдағы № 348 Жарлығына сәйкес «Халық алғысы» медалі тағайындалды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының 2020 жылғы 19 маусымдағы № 353 Жарлығымен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бойынша марапатталатын 29 адамның тізімі бекітілді.

«Құрметті әріптестер, денсаулық сақтау жүйесіне үлкен жүктеме түсіп отырған – коронавирус инфекциясының таралуы қарқын алған қазіргі кезеңде күнделікті табанды әрі батыл еңбектеріңіз үшін бас иіп, алғыс айтамыз», - деді вице-министр Ләззат Ақтаева. 

Бірінші кезекте медаль Қарағанды облысының санитарлық қызметі Бұқар жырау аудандық басқармасының бас маманы марқұм Бақберген Сағымқожаұлы Айжігітовтің туыстарына тапсырылды. Б.Айжігітов індетпен күресте алдыңғы шепте еңбек еткен маман.

Сонымен қатар, медальмен марапатталған, қазір еліміздің барлық өңірінде коронавируспен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлерінің аты-жөндері аталды. 

Оның ішінде медальді бас инфекционист Динагүл Баешева алды. Сондай-ақ тізімде КВИ-ге шалдыққандарды емдеу хаттамасының авторларының бірі - Астана медицина университетінің клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры Бақыт Көшерова бар. 

Шара соңында медицина қызметкерлері COVID-19 пандемиясымен күресте еңбектерін жоғары бағалағаны үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығына алғыс білдірді.