03 там, 2020 сағат 13:27

Коронавируспен ауырып жазылғандарға 5 пайдалы кеңес

Қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының басшысы Жазира Ембердиева коронавирус инфекциясымен ауырып жазылғандарға 5 пайдалы кеңес айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы, қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының басшысы Жазира Ембердиева коронавирусты инфекциямен ауырған адамдарға мына кеңестерді ұсынады: 

1. Күн сайынғы тыныс алу гимнастикасы. Дем алуды–дем шығаруды бақылау арқылы қарапайым жаттығу жасау. Оларды отырып та, төсекте жатып немесе шалқайып отырып та жасауға болады. Аурудан кейін организм әлі де күшеймегендіктен, жаттығуды шамадан тыс көп жасамаңыз, жүктемелерді біртіндеп арттырғаныңыз дұрыс. Тыныс алу гимнастикасы өкпенің қалыпты жұмыс істеуіне ықпал етеді және оны оттегімен қанықтырады. 

2. Таза ауада күн сайын серуендеу. Жаяу жүру газ алмасуды жақсартады және коронавирус инфекциясынан соң және организмнің ұзақ уақыт әлсіреуінен кейін сізге өте қажет күш қуат береді.

3. Дұрыс тамақтану керек! Организмге ақуыз, майлар және көмірсу қажет. Көкөніс пен жеміс-жидек мол болатын жазда соларға көбірек мән беріңіз. Тәттілерден де бас тартпаңыз (тек белгілі бір көлемде) – олар көңіл-күйіңізді жақсартады.

4. 7-8 сағаттан кем болмайтын толыққанды ұйқы. Ұйықтардың алдында бөлмені міндетті түрде желдету керек және 2 – 3 сағат бұрын тамақтанған дұрыс. Бұл тез қалыпқа келуіңізге көмектеседі. 

5. Стрестің және үрейдің алдын алу. Қазір барлығымыз – ауырғандар да, ауырмағандар да стресс жағдайындамыз. Аталған инфекцияның ерекшелігі гипоксия, оттегінің жетіспеуі. Бұл қорқыныштың және депрессияның алғышарты болуы мүмкін. Мұндай жағдайда психологтен кеңес алуыңызға болады. Ол сізге алаңдамауға және сенімді болуға кеңес береді. Әлде жақын адамдарыңызбен қарым-қатынасты күшейтіңіз, табиғат аясына шығыңыз, Д витаминін арттыру үшін күнге күйіңіз, оң эмоция тезірек қалыпқа келуге көмектеседі.