03 сәу, 2020 сағат 15:57

Коронавируспен ауырғандарда вирусқа қарсы иммунитет пайда болады - Елжан Біртанов

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус инфекциясына қарсы иммунитет туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өте маңызды ақпарат: коронавирус инфекциясымен ауырған адамдардың бойында оған қарсы иммунитет болады. Жаңа инфекция болғандықтан, әзірге бұл иммунитеттің қаншалықты болатынын айта алмаймыз. Ғылыми жинақтағы деректерге сүйенсек, қандай да бір иммундық қайтарым, антиденелер болады. Бекітілген хаттама бойынша, ем-дом соңында науқасқа полимеразды-тізбекті реакция әдісімен екі рет вирусқа тестілеу жүргізіледі және 14 күнге үй карантиніне жіберіледі», - деп жауап берді министр Орталық коммуникациялар қызметінде тілшілер сауалына. 

Сонымен бірге министр Қазақстанның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп, аурудың тиімді терапиясын іріктеу бойынша жаһандық медициналық зерттеуге қатыса бастағанын айтты.