16 мау, 2020 сағат 08:58

Коронавируске шалдыққан министр Біртановтың жағдайы – орташа

Коронавирус жұқтырған министр Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың міндетін орынбасары Ләззат Ақтаева атқарады. Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Диас Ахметшәріп мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Денсаулық сақтау министрі Елжан Амантайұлы Біртанов коронавирус инфекциясын жұқтырып, «пневмония» диагнозымен ауруханаға жатқызылды. Екі күн болды. Дәрігерлер оның денсаулық жағдайын орташа деп бағалап отыр. Жалпы Елжан Амантайұлы клиникалық хаттамаға сай ем-домын қабылдауда. Ағзасы вирусқа қарсы терапияны жақсы көтеруде. Емін қабылдағаннан кейін, жазылып, өз жұмысына кіріседі деген ойдамыз», - деді ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы Диас Ахметшәріп.

Оның хабарлауынша, Елжан Біртанов ауруханада жұмысын қашықтан жүргізіп, штаб қызметін реттеп отыр.

Бүгіннен бастап оның міндетін уақытша орынбасары Ләззат Ақтаева атқарады.

Еске сала кетсек, осыдан екі күн бұрын Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook-парақшасында коронавирус жұқтырғанын хабарлаған еді.

12 маусымда ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барып қайтқан. Онда Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов та болған. Осыған байланысты Үкімет басшысы оқшаулануға мәжбүр болып отыр.

Әріптестерімен бірге Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров пен ҚР Экология, геология және табиғи ресустар министрі Мағзұм Мырзағалиев өз үйлерінде оқшауланды.