АҚШ Конгресінің коронавирус жұқтырған мүшесі өз диагнозын Капитолийге шабуылмен байланыстырады. Ұлыбритания билігі карантин талабын бұзатындарға қатаң санкциялармен ескерту жасауда. Ал Американың хайуанаттар бағының бірінде коронавируспен алғаш рет гориллалар ауырып қалды. Әлемдегі осы және өзге де жаңалықтар туралы ВВС хабарлады.
Джонс Хопкинс Университетінің мәліметтері бойынша, пандемия басталғалы әлемде 91 миллионға жуық адам коронавирус жұқтырды, оның ішінде 1,9 миллионнан астамы қайтыс болды. Науқастар саны жағынан АҚШ, Үндістан, Бразилия, Ресей және Ұлыбритания алдыңғы бестікте тұр. Өлім деңгейі бойынша да осы елдер алдыңғы қатарда, тек Ресейдің орнына – Мексика.
Жауапсыз лондондықтар
Лондон полициясының басшысы Крессида Дик Times газеті арқылы төтенше шаралар қабылдауға мәжбүр болатынын және карантин режимін бұзушыларға жаппай айыппұл салуға тура келетінін ескертті. Оның айтуынша, Лондонда көпшілікке арналған заңсыз кештер және үйдегі ойын-сауықтар тыйылмай отыр.
Өткен тәулікте Ұлыбританияда коронавирустың 46 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталды, 529 адам қайтыс болды. Елдегі ауруханаларда коронавирус диагнозымен 32,2 мың пациент жатыр. Лондонда қазір ең қиын кезеңдердің бірі.
Крессида Дик өз үндеуінде мұндай статистикаға қарамастан, адамдар әлі де биліктің нұсқауларын бұзып отырғанын алға тартты.
Ұлыбритания сырқаттану мен өлім-жітім көрсеткіштері ең жоғары бес елдің қатарына кіреді: сәйкесінше 3,1 млн және 82 мың. 2020 жылы елде жалпы өлім-жітім 697 мың адамды құрады. Бұл, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін болған ең жоғары көрсеткіш.
Денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок сейсенбіде NHS-қа түскен (Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау жүйесі) жүктеменің шегіне жеткенін ескертті және британиялықтарды айрықша қажеттілік болмаса, үйден шықпауға шақырды.
Еуропа: жағдай жеңілдеген жоқ
Bild неміс таблоидының ақпаратына сәйкес, Германия канцлері Ангела Меркель елдегі қатаң локдаунды тағы 8-10 аптаға ұзартуға ниетті. Басылымның мәліметінше, министрлер кабинетімен кездесуде Меркель «британдық вирусқа» (Ұлыбританияда алғаш рет табылған коронавирустың жаңа түрі) қарсы шаралар қолданылмаса, Германияда Пасха мейрамына қарай инфекцияның жаңа толқыны жүруі ықтимал екендігін мәлімдеді. Өткен 24 сағат ішінде елде тағы 891 адам қайтыс болып, 12,8 мың науқас анықталды.
Португалияның 72 жастағы Президенті Марсель Ребер де Соузаға коронавирус диагнозы қойылды. Оның билік ету мерзімі жақында аяқталады. Ол сырқаттануына байланысты соңғы кездесулер мен іс-шаралардан бас тартуға мәжбүр болды. 24 қаңтарда елде сайлау өтеді және қазіргі уақытта кандидаттардың сайлауалды науқаны жүріп жатыр. Жуырда де Соуза мен оның қарсыластары теледебаттарға қатысқан болатын.
Еуропалық одақтың фармацевтикалық реттегіштері 29 қаңтарда AstraZeneca/Oxford вакцинасын қолдануды мақұлдауы мүмкін.
АҚШ Конгресіндегі бүліктен кейінгі ковид
Нью-Джерси конгрессмені Бонни Уотсон Коулмен өзінің парақшасында коронавирусқа таасырған анализі оң шыққанын және оны 6 қаңтарда Капитолийдегі тәртіпсіздіктермен байланыстыратынын жазды. 75 жастағы Коулменнің айтуынша, ол індетті Капитолийде бүлік шығарған адамдардан жұқтырған.
Дональд Трамптың жақтастарының басым көпшілігі маскасыз болғандықтан, Коулмен әріптестерімен бірге алысырақ кабинеттерде жасырынуға мәжбүр болған.
АҚШ әлемде вирус жұқтырғандар мен өлгендер саны бойынша көш бастап келеді – сәйкесінше 22,6 миллион және 376,2 мың.
Американың хайуанаттар бағында гориллалар ауырып қалды
Сан-Диегоның сафари бағында сегіз горилла коронавирус жұқтырды. Бұл әлемдегі хайуанаттар бағында приматтарда Covid-19-дың расталған алғашқы жағдайы. Кейбір гориллаларда симптомдар, жөтел бар, бірақ олардың арасында ауыр науқастар жоқ. Коронавирусқа тестің оң нәтижесі тек бір маймылда шыққан. Алайда барлық сегіз жануар вирус жұқтырған болуы мүмкін. Гориллалар коронавирусты оларды күтуші адамнан жұқтырған деп болжанады.
Әлемде тағы не болып жатыр
Малайзия королі әл-Сұлтан Абдулла II эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлауына байланысты елде төтенше жағдай жариялады. Король сарайының ресми хабарламасында айтылғандай, ол 1 тамызға дейін жалғасады. Егер инфекцияның таралуы айтарлықтай төмендесе, ТЖ режимі ертерек тоқталуы мүмкін.
Төтенше жағдай режимі елде соңғы 50 жылда алғаш рет енгізіліп отыр. Мұндай шараны енгізуді осы лауазымды бір жыл бұрын атқарған премьер-министр Мухиддин Ясин ұсынған болатын.
Джонс Хопкинс Университетінің мәліметі бойынша, Малайзияда пандемия кезінде 138,2 мың адам ауырып, 555 адам қайтыс болды.
Сейсенбіде Қытай билігі Бейжіңге жақын аудандарда қосымша карантин шараларын енгізді. Атап айтқанда, локдаун жарияланған аумақтарда Хэбей провинциясының 4,9 миллион халқы тұрады. Олардың барлығы жақын күндері Covid-19 сынақтарынан өтуі керек.
Ливан 11 күнге тәулік бойы коменданттық сағат енгізеді. Жергілікті уақыт бойынша бейсенбі күні таңғы сағат 5-тен бастап ливандықтар, тіпті тамақ алу үшін де көшеге шыға алмайды. Барлық сатып алулар жеткізу қызметтері арқылы жүзеге асырылады. Көшеге шығуға тек төтенше жағдайлар қызметкерлері мен жүргізушілерге ғана рұқсат беріледі.