Келесі жылдың наурыз айында тұрғындардың осал топтары үшін қолжетімді болатын коронавирусқа қарсы вакцина пандемияның барысын түбегейлі өзгертеді. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бас директорының кеңесшісі және ДДСҰ-ның вакциналарға қолжетімділікті қамтамасыз ету акселераторы жұмысының басшысы Брюс Эйлвард айтты, деп хабарлайды Reuters агенттігі.
Брюс Эйлвард Pfizer Inc's PFE.N жасап шығарған коронавирус инфекциясына қарсы вакцина сынағының соңғы сатысын «оң» деп бағалады.
«Бұл - aнебәрі аралық нәтиже, алдымызда талай жұмыс бар... Алайда бүгін біз болашақта әлем үшін жақсылықты күтуге үміт беретін оң нәтижелер алдық», - деді ол 194 елдің өкілі қатысқан форумда.
Оның айтуынша, наурыз айына қарай коронавирус дағдарысына байланысты жағдай бүкіл әлем бойынша жүргізіліп отырған жұмыстың үлкен көлемінің арқасында түбегейлі өзгеруі мүмкін.
Pfizer компаниясы өз вакцинасын сынақтан өткізудің соңғы кезеңін 90 пайыз тиімді деп бағалаған.
Сондай-ақ, Pfizer және BioNTech компанияларынан үміткер вакцинаның бастапқыда ДДСҰ-ның бүкіл әлем бойынша вакциналарды тең қаржыландыру және дистрибуциялау үшін құрылған COVAX Facility қорының тізімінде болмағаны айтылады.
Екі компания да (Pfizer және BioNTech) Америка билігінен вакцинаны шұғыл пайдалану үшін рұқсатты осы айда алуға дайын екенін мәлімдеді.