Ауыр жүк тасығыш көліктердің алғашқы легі жергілікті полицияның сүйемелдеуімен Пуурс (Бельгия) аймағындағы америкалық Pfizer компаниясының зауытынан шықты. Жүк көліктері Еуропалық Одақтың барлық 27 еліне препарат жеткізетін болады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Тоңазытқыш қондырғылармен жабдықталған үш үлкен жүк көлігі полиция автокөліктерімен бірге зауыттан шығып, «Эссерс транспорт» логистикалық орталығына бет алды. Әрі қарай вакцина ЕО-ның басқа елдеріне таратылады.
Pfizer вакцинасын Цельсии шкаласы бойынша 70-тен 80 градусқа дейінгі температурада сақтау керек. Сондықтан жүк көліктерінің жүргізушілері төтенше жағдайларда әрекет етуге арнайы дайындалған.
Pfizer және BioNTech жасаған вакцина дүйсенбіде Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігінің рұқсатын алды және оларды сол күні Еуропалық комиссия мақұлдаған болатын.
Еуропалық Комиссияның Президенті Урсула фон дер Ляйен вакцина ЕО-ның барлық елдеріне «бір уақытта және бірдей шарттарда» қолжетімді болады деп мәлімдеген еді.
Әлемдік деңгейде Pfizer вакцинасы АҚШ, Ұлыбритания және Швейцарияда қолдануға мақұлданған.
Бұдан бұрын хабарланғандай, алдын ала нәтиже көрсеткендей, ғалымдар коронавирустан 90% қорғайтын тиімді вакцинаны жасап шығарды.
Pfizer және BioNTech әзірлеуші компаниялар бұл оқиғаны ғылым мен адамзат үшін ұлы күн деп атады. Клиникалық сынақтарға әлемнің алты елінде 43500 адам қатысып, оның еш жанама әсері болмады. Әзірлеушілер жаңа вакцинаны қараша айының соңында қолданып көрмек. Сол үшін жедел сертификаттау процедурасына өтініш беруді жоспарлап отыр.