21 шіл, 2020 сағат 06:38

Коронавирус жұқтыру көрсеткішінің тұрақталу тенденциясы байқалады - Алексей Цой

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой пациенттерге үйінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мобильді бригадалар саны осы айдың соңына дейін 3,5 мыңға жеткізілетінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы аптада COVID-19 ауруын жұқтыру және одан келетін өлім-жітім көрсеткішінің тұрақталу тенденциясы байқалады. Жұқтыру жағдайы тәулігіне шамамен 1500-1600 адамды құрап отыр. Пациенттерге үйінде көмек көрсету мақсатында алғашқы медициналық-санитарлық көмек беретін 2 962 мобильді бригада құрылды. Осы айдың соңына дейін мұндай бригадалардың саны 3,5 мыңға дейін жеткізіледі. Емханалардағы колл-орталықтардың саны 16 пайызға артты. Оның жұмысына білікті кеңесші дәрігерлер, фельдшерлер мен медициналық ЖОО студенттері тартылды. Қазіргі таңда инфекциялық және провизорлық стационарларда өкпені жасанды желдететін 1 958 аппарат бар. Әкімдіктермен бірге қосымша 4 183 аппараты сатылып алынуда. Оның 3 105-і отандық тауар өндірушілерден алынады. Сонымен бірге, 20 мыңға тарта төсек-орын оттегіге қосылады. Оның ішінде 17 762 төсек-орын оттегі концентратымен қамтылады. 6 237-і демеушілердің көмегімен қосылғалы отыр», - деді Алексей Цой Үкімет отырысында.

Министрдің айтуына қарағанда, мемлекеттік және жеке зертхана тестілеу жұмысына белсенді түрде тартылып, олардың тәуліктік өткізу қуаты 32 мыңға жеткен. Сондай-ақ бір реттік масканың бағасы 28 пайызға арзандаған.