#
#
Дүйсенбі 13/07/2020

Коронавирус жұқтырған провизор: Тынысым тарылып, төсекте дұрыс жата алмадым

  • 29.05.2020
  • 0
  • 233

Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар арасында № 12 қалалық емхананың провизоры Манат Әлмаханова да бар. Ол ҚазАқпарат тілшісіне қауіпті вируспен қалай күрескені туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Вирус жұқтырған Манат Әлмаханова 4 мамырдан бері үйден шыға алмай отыр. 

Алғаш рет 12 сәуір, яғни жексенбі күні тамағы жыбырлай бастағанда ол жай ғана суық тиген болар деп ойлаған. Емхана қызметкері коронавирус жұқтырғаны үш ұйықтаса түсіне кірмегенін айтты. 

«Бала кезімнен менде созылмалы ангина бар болатын. Содан болар ескі ауыру деп қамсыз жүре бердім. Бір күн өтті. Келесі күні денем тоңып, қалтырап бірден қызуым көтерілді. Алайда өзім провизор болғандықтан қолда бар препараттардың барлығын іше бастадым. Бірақ, бір байқағаным қанша дәрі ішсем де маған көмектеспеді. Бірнеше күн өткен соң арқамның өкпе тұсы ауыра бастады. Сол кезде менде қорқыныш сезімі пайда болды. Ауырып тұрсам да аптаның демалыс күндерін күттім. Сәрсенбі күні жұмыста тест тапсырдым. Тест нәтижесі күмәнді болды. Сол үшін маған ПТР талдаудан өту ұсынылды. Бейсенбі күні ПТР тапсырдым. Жұма күні жұмыста дірілдеп қалтырап отыра алмай кеттім. Сенбі күні менде дене қызуым түсіп, тамағым ауырғаны басылғанымен демікпе, жөтел пайда болды. Төсекте горизонталды жата алмай, тынысым тарыла бастады», -деді Манат.

Оның айтуынша, сенбі күні түнгі сағат 23:00 шамасында қызметтік чаттан «Әлмаханова Манат – COVID-19 тест оң нәтиже көрсетті» деген хабарлама келді. 

«Осы хабарламадан соң менің ұйқым қашты. Бойымды үрей, қорқыныш биледі. Жексенбі күні таңертең мені жедел жәрдем Алматы қаласы фтизиопульманология орталығына алып кетті. Сол жерде дәрігерлер маған емдеу курсын белгіледі. Рентгенге түскенімде нәтижесі таза болып шықты. Вирусқа қарсы Алувиа деген препарат іштім», - деді Манат.

Вирусқа қарсы препарат ауыр болғандықтан, пациентке кері әсері өте көп болған. Манат бірнеше күн бойы құсып, тамаққа тәбеті нашарлаған.

«Жүрегім айни берді. Сосын емдеуші дәрігер Алувиа препаратын бірнеше күнге тоқтатты. Ертесіне ұйқыбездің, бауыр жұмысын тексеру үшін тамырдан қан алды. Біраз күнде тәбетім қайта жақсарған соң дәріні қайта қосты. Осылай 10 күн өтті. 10 күннен соң тағы да жүрегім айнып құса бастадым. Одан кейін де дәрігер кішкене үзіліс берді. Ал жағдайым жақсы болатын. Жөтел, ентігу 10 күнде кеткен болатын. Бірақ, дәрілердің күші ішкі органдарыма әсер ете бастады», - деді ол.

Ол аурухананың мамандарының біліктілігі мен емханадағы қызметке көңілі толатындығын жасырмады. 

«Тамақтары өте дәмді болды. Күнделікті әртүрлі жеміс-жидек, пісілген ыстық бәліш, бұқтырмалар, салат беретін. Көп адам ас-ауқатқа қатысты наразылық білдірді ғой. Бірақ мен жатқан ауруханада 5 уақыт құнарлы тамақ беріп тұрды. Берген тамақтары 10 күнде қайталанбады десем де артық емес. Медицина қызметкерлері біздің көңіл-күйімізді көтеріп, әрдайым позитив сыйлайтын. Дәлізде 24 сағат шай қайнап, үстел үстінде шай, қант, тұз тұрады. Минералды су таратады», - деді ол. 

Ауруханаға түскеніне 15 күн болғанда Манат Әлмаханова қорытынды ПТР талдауын тапсырған. 

«Ол күні қобалжып, қорқып күттім. 4 мамырда ПТР талдауы алынды. Нәтижесін күткенде де сағаттар жылға айналғандай болды. Талдау нәтижесі әлі вирус бар екенін көрсеткенде қатты күйзеліске түстім. Одан кейін 7 мамырда тапсырғанда тағы да тест нәтижесі қуантпады. Мен өзім осы вирустан өмірі құтыла алмайтындай күй кештім. Қорқыныш, үрей биледі. Сенбі күні естігеннен бастап менде бір апта ұйқы болған жоқ. Психологиялық тұрғыдан өте ауыр болды. 15 мамырда тағы қорытынды ПТР тапсырдым. Сол кезде тест нәтижесі теріс болып шықты. Екі рет қатар теріс нәтиже шыққан соң 16 мамырда мені ауруханадан шығарды», - деді Манат. 

Пациент әлі де үйінде 14 күндік карантинде жатыр. 

Қазір ол тағы да ПТР талдауын күтіп отыр. Теріс шықса, жұмысына оралмақшы. 

Манат өзінің коронавирусты нақты қайда жұқтырғанын білмейді. Өзі қызмет ететін № 12 қалалық емханада одан бұрын коронавирус деген диагнозбен 7 адамды жедел жәрдеммен алып кеткен. 

«Ауруханада жатқанда көпшіліктің бір-ақ сұрағы болды. Шынымен вирус бар ма екен деген. Иә, вирус бар екен. Болғанда да жай ғана тұмау емес, өте ауыр болады екен. Байқасаңыз мен ауруханаға түскенде көктем болған. Қазір далада жаз. Ал мен әлі үйде қамалып отырмын. Үкімет беретін ақша үшін ауырып жатыр деген қауесет те бар. Бірақ мен айтар едім, басымнан өткен қиын ахуалды қанша ақша берсе де қайталамауға бар күшімді салар едім», - деді ол.

Манат жалғыз өзі тұрады. Сондықтан да оның туыстары, жақындарында вирус жұқтыру қаупі болмаған.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар