Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Қазақстанда коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлерінің 70 пайызы өтемақы алғанын мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Келесі аптада Денсаулық сақтау министрі осы мәселе бойынша Мәжіліс депутаттарымен кездеседі. Осы уақытқа дейін 12 800 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған. Оның тек бір бөлігін комиссия алғы шепте кәсіби міндетін атқарып жүріп, коронавирус жұқтырып алды деп таныған болатын. Бұл ретте арнайы талаптар барын ескеру керек. Бүгінге дейін коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлерінің 70, тіпті 71 пайызы өтемақы алып үлгерді», - деді Бағдат Қожахметов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Өз кезегінде Ұлттық ғылыми кардихирургия орталығының басшысы міндетін атқарушы Махаббат Бекбосынова орталықтағы 813 қызметкердің 348-і коронавирус жұқтырып алғанын айтып өтті.
«348 адам - клиникадан тыс коронавирус жұқтырып алған медициналық қызметкерлер. 337 адам біздің орталықтың ковид бөлімшелері мен ПТР зертханаларында жұмыс істеген. Ол кезде біз коронавирус жұқтырған азаматтарды қабылдап, орталық қызметкерлері үшін де, пациенттер үшін де ПТР-диагностика өткізіп жатқан болатынбыз», - деді ол.